Туған топыраққа табан тірегенде...

Туған топыраққа  табан тірегенде...
Фото: А. Қалмағанбетов

Елге бет алған көлік жүйтки жөнелді. Шопырдың оң жағында отырған жолаушы - Қаржаубай Сұлтанғали, негізгі кейіпкеріміз сол кісі. Ертең туған ауылымыз Шоқпартоғайда ағамыздың 80 жылдық мерейтойына арнап «Табиғатым – тағылымның тұнығы» атты әдеби-сазды кеші өтеді. Бұл кездесудің ерекшелігі бар. Біріншіден, туған жерінде жаңадан бой көтерген мәдениет сарайында ұйымдастырылмақ, екіншіден, жүздесу басы он жыл білім алған алтын ұя - мектебінде басталады. Сондықтан болар жүзінен ерекше толқыныс сезімі байқалады.

Желтоқсанның 14-і күні сағат 10-да жайдары басқан бір топ адам №3 Шоқпартоғай орта мектебінің бастауыш сыныптары оқитын ғимараттың табалдырығын аттады. Оларды мектеп дәлізінде мұғалімдер мен бүлдіршін оқушылар аса зор құрметпен қарсы алды. Баяғы балаң кезіндей мектеп табалдырығын оң аяғымен аттап кірген шағын топты Қаржаубай Сұлтанғали бастап келеді. Бүгінде сексен жасқа толып сеңгір шыңға шыққан ағамыз қадамын маңғаз басқанымен көңілі сергек, жүрісі ширақ, жүзі жайдары, көзінде сағыныш пен қимастық аралас ойнақылық бар. Ағаның артынан ерген ақын-журналист Қонаш Қалдыоразұлы, ауыл ақсақалдары кеңесінің төрағасы Жеңіс Махамбетов, ақын Бүркіт Базарбаев, ардагер-ұстаз Ғалымжан Сұлтанғали, осы мектеп түлегі, халық ағарту саласының ардагері Наурызбай Төлеуов, аудандық «Аманат» партиясының төрағасы Сайлаубай Таласов және осы жолдар авторы ұстаздар қауымының қошеметіне куә болдық.

Салтанатты жиынды мектептің директоры Шолпан Ботайқызы ашты. Кездесу ары қарай бастауыш сынып партасында отырып өзара жарқын жүзді сұқбат түрінде өрбіді. Қызықты еске алу, сұрақ-жауаптан соң қонақтар қайтадан дәлізге шығып, Қаржаубай аға оқушылар мен мұғалімдерге арнап, үлкен тебіреніс үстінде ағалық ұлағатты сөзін арнады. Мектеп басшысы мен ұстаздарға еңбекте табыс тілеп, шын жүректен алғыс сезімін білдірді. Естелік фотосуретке түсіп, бастауыш мектепке лазерлік көшірме қондырғысын сыйға тартты.

Кездесу барысында қонақтар орта мектептің мұражайын тамашалап, ондағы құрметті қонақтар кітабына мектеп түлектері ретінде Қаржекең мен Қонекең және мен өз қолтаңбамызды қалдырдық.

Кездесу соңы мектеп кітапханасында жалғасты. Кітапханашы Әлпия Орақова дайындаған бейне материалдармен таныстық. Мектеп ұжымы мен қонақтардың пікірін тыңдадық. Әттең, жоспарланған уақыт тым қысқа болды. Бізді зор ілтипатпен қарсы алып, қимастықпен шығарып салған мектеп ұжымымен қоштасып, мәдениет үйіне қарай бет алуға тура келді.

Айбек ҚАЛМАҒАНБЕТОВ, ақын

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT