Туған топырағына оралған «Алтын адам»

Өткен жұма аудан үшін тарихи күн болды. Қазақстандағы екінші “Алтын адамның” мүсіні Құлсары қаласындағы орталық мұражайға қойылды. Жылыойлықтар үшін маңызды экспозицияның ашылу салтанатына аудан әкімі Жұмабек Қаражанов, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Мақсым Ізбасов, өңірдің ардагер азаматтары, өлке тарихының жанашырлары қатысып, шара ән мен күй төгілген әсерлі кешке айналды.

Иә, тарихтың терең қойнауынан сыр шерткен бұл көне жәдігер 1999 жылы археолог Зейнолла Самашев бастаған зерттеу тобының тынымсыз еңбегінің арқасында Аралтөбенің құмды белінен табылғаны аян. «Алтын адамның» бас сүйегін Ресейдегі Антропология және этнология институтының маманы Елизавета Веселовская қайта қалпына келтіріп, оның 45-55 жас шамасындағы ер адам екенін ғылыми түрде дәлелдеген. Бейнесі осы зерттеуді негізге ала отырып, сондай-ақ оны іздеп тапқан археолог Зейнолла Самашевтың кеңесімен жасалды. Бұл жөнінде мүсінді құрастырған еліміздегі гиперреализм жанрындағы тұңғыш мүсінші Айдос Есмағанбет: -

“Алтын адамды” біз оқушы кезден біліп өстік қой. Бірақ оның мүсінін болашақта мен жасап шығарамын деп мүлде ойлаған емеспін. Бұған дейін мен Алматы қаласынан арнайы ұсыныс түсіп, Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Ахмет Жұбанов, Шара Жиенқұлова, Дәурен Абиров, Қаныш Сәтпаевтардың мүсінін жасап шығардым.  “Алтын адамға” содан кейін кірістім. Себебі назарымды басқа жұмысқа бұрмауым керек болды. Мүсін 3 айда бітті. Яғни, мен үшін ұзақ уақыт. Бір өзі 5-6 мүсіннің жасалу уақытына татыды. Бұл Жылыой ауданына арнап жасаған алғашқы еңбегім,-деді өз сөзінде.

Экспозицияның алқызыл лентасын ауданның ардагер азаматтары Нұрдәулет Ақназаров пен Мақсым Ізбасов кесті. Шара барысында сөз сөйлеген аудан әкімі “Алтын адам” мүсінінің авторы Айдос Есмағанбетке Алғыс хатын табыстап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

«Алтын адам» табылған жылы «Құлсарымұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы болған Мақсым Ізбасов сол кезеңге сапар шекті. Ол археолог Зейнолла Самашевтың қазба жұмыстарына барлық жағдай жасауға ықпал еткен. Палатка тігіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етіліп, байланыс орнатылып, арнайы техника жұмылдырылған.

- Бір күні Зейнолла мені шақырды. «Алтын адамға» қолымыз жетті, табылды» деп қоңырау шалды. Аралтөбеге аттандық. Алтын адамды қаңқа сүйек түрінде алғашқы болып көрдік. Біз барғанда 2 үстелдің үстінде Алтын адамның сүйектерімен қоса шыққан бұйымдар жаюлы тұрды. Кейін өкінетінім, сол жерде бірде-бір суретке түспеппіз. Бірақ 2003 жылы ауданға Әбіш Кекілбаев ағамыз келді. Сол кісілермен “Алтын адам” табылған жерге барып, ескерткіш фотоға түскеніміз бар. Бұл тек аудан мен облыс емес, республика көлемінде, қала берді бүкіл дүние жүзінде ерекше жаңалық болғаны сөзсіз. Өткенді білмей қоғам әрі қарай дами алмайды. Сондықтан тарихты ұмытпауымыз керек. Ол біздің алға жүруіміздің бір серпіні болуы қажет,-деді Мақсым Ізбасов.

Еске салсақ, Аралтөбе қорғанынан үш бірдей зират қазылған-ды. Алғашқыдан адам сүйектері, шыны моншақтар мен жебе ұштары шыққан. Екінші зираттан - оңтүстікке бағытталып жерленген мүрде жанынан жүзден астам жебесі бар қорамсақ, бүйірлі үлкен қыш құмыра мен темір қылыш анықталған. Ал үшінші зираттан - адамзат тарихындағы екінші алтын сауытты «Алтын адам» табылған-ды.

Осылайша «Алтын адам» туған топырағына оралып, өз жерінің төрінен ескерткіш болып орын тепті. Бұл әлем тарихы тарауына төңкеріс жасаған баға жетпес құнды жәдігер болды. Оның басқа емес, Пір Бекет атаның кіндік қаны тамған киелі мекен – Кең Жылыой жерінен табылуы – туған өлкенің қадір-қасиетін арттыра түскені анық.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT