Бүгінгі таңда халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру - басты мақсат. Бұл - озық технология ғарыштық жылдамдықпен қарыштап дамыған үшінші мыңжылдықта елімізді озық өркениетке жеткізер басты талаптың бірі. Осыған орай, өткен аптада қаладағы Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге байланысты жәрмеңке өткізілді. Ол туралы әлеуметтік желілерде алдын ала хабарлама беріліп, орталық мамандары тұрғындарды көкейде жүрген көп сауалын қоюға шақырды.
Жәрмеңкеге тиісті сала қызметкерлері қатысты. Оның ішінде аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінен, қала әкімдігі аппараты мен ветеринариялық стансасының мамандары Раушан Салихова, Анаргүл Жанаева, Алдияр Мирамбаев, Нұртас Сламғали, Гүлназ Зағыпарова, Санат Аязбай, Іңкәр Бақтиярова және өзге де бөлім қызметкерлері тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Алдын ала хабар салынғанымен, жиынға аса көп адам келе қойған жоқ. Келген тұрғынның көпшілігі өз мәселелерін ортаға салды. Айталық, соның бірі – жұмыссыздық. Бұл жөнінде келген азаматқа тиісті сала маманы мынадай жауап берді:
-Сіз, ең алдымен, электронды түрде немесе «Мансап» орталығына барып жұмыссыз ретінде тіркелуіңіз керек. Содан кейін сізге бос жұмыс орындары ұсынылатын болады. Және жас ерекшелігіне байланысты қазіргі таңда бірнеше бағдарламалар жүріп жатыр. Соның бірі - сізге сай келетін «Күміс жас» бағдарламасы. Өйткені сізге зейнет жасына аз қалды. Сондықтан уақытша жұмыс орнымен қамтамасыз етеді. Бұл жобаның ерекшелігі, жалақыңыздың жартысы мемлекет тарапынан төленетін болады. Яғни, сіздің еңбекақыңыз 150 мың теңгені құрайтын болса, тиісінше 75 мың теңгесін мемлекет өтейді,-деді.
Ал өзінің тұрғылықты жеріне жол салу мәселесін көтерген тұрғынға:
-Қазіргі таңда, Құлсары қаласын түгелдей тасжолмен қамту қарастырылып жатыр. Бірақ, кезең-кезеңімен жүзеге асады. Сондықтан, сіздің көшеңізге асфальт алдағы жылдары міндетті түрде салынатын болады,-деп жауап берді.
Мұндай жәрмеңкелерге, негізінен, тұрғындар көптеп келіп, өздерінің көкейкесті сауалдарын қоюы керек. Себебі, мұндай жәрмеңкелер халық пен биліктің арасын жалғайтын алтын көпір іспеттес. Сондықтан қала әкімі аппаратының қызметкері Гүлназ Зағыпарова алдағы уақытта жәрмеңкелер тоқтап қалмай, өз жалғасын табатынын баса айтты.
Ерназ Алтайұлы