Цифрлық әлемге бір қадам

Жақында ауданымыздағы маңызды ғимараттардың бірі Халыққа қызмет көрсету орталығында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кеңсе заманауи цифрлық жүйе форматында тұрғындарға қайта қызмет көрсете бастады. Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов арнайы барып, жаңартылған нысанның лентасын аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев екеуі кесті. Бүгінгі таңда мессенджердегі қарым-қатынас, онлайн төлемдер мен электрондық қызметтер қарапайым кез келген адамның күнделікті тірлігіне айналып кеткені рас.

Алайда заманның жаңа мүмкіндіктерінің арқасында қазақстандықтар ел экономикасының даму қарқынын жеделдетіп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын мұндай қызмет түрлерін үйден шықпай-ақ реттеуде. Оған себеп – "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы. Бұл жоба арқылы еліміздің әрбір азаматының өмірі жеңілдеп, қоғамның барлық дерлік сатысы цифрлық жүйеге сәйкестендірілген. Бүгінде мемлекеттік бағдарлама аясында ауданымызда да ауқымды жұмыстар атқарылып, ХҚКО бір қадам жаңа жүйеге жол бастады. Жуырда ғана халыққа қайта ұсынылған ғимараттың салтанатты түрде ашылуының себебі де осы еді. Орталықтың жаңа келбетін өз көзімен көріп, цифрлық мазмұндағы бөлімшенің ашылуымен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Әлібекұлы:

- Бүгін баршамыз үшін ерекше күн. Халыққа қызмет көрсету орталығында жаңа форматта цифрлық кеңсе ашылды. Жаңа бөлімшенің бір ерекшелігі тұрғындар кеңседегі қызмет көрсету аумағын арнайы дизайнда көрсетілген түстер арқылы ажырата алады. Сонымен қатар ауданымыздың тұрғындары көліктерінің мемлекеттік нөмірлерін бірден осы жерден тіркеп, Атырау қаласына бармай-ақ жүргізуші куәліктерін аудан орталығынан ала алады. Алдағы уақытта осы бағытта халыққа жүйелі жұмыс атқарылады деген сенімім мол,-деді өз сөзінде. Жаңа цифрлық кеңсенің “Күлгін түсті аймағында” тұрғындардың құжаттарын қабылдау, “Жасыл аймағында” – дайын құжаттарды табыстау, “Қызыл аймағында” – азаматтарды құжаттандыру және “Сары аймағында” – әлеуметтік қызмет саласы бойынша жұмыстар жүреді. Сондай-ақ, ауданымыздың халыққа қызмет көрсету орталығы ендігі кезекте мемлекеттік қызметтерді көрсетуге өтініштерді қабылдап және олардың нәтижелерін көруді қалайтын қызметті алушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс атқаратын болады.

Орталықта ЭЦҚ-ны менеджердің көмегінсіз дербес ала алатын байланыс аймағы да бар. Мұнда тұрғындардың “EGov mobile” мобильді қосымшасы арқылы қызметтерді алуына компьютерлер орнатылып, мамандардың азаматтарды цифрлық сауаттылыққа үйретуіне мүмкіндіктер қарастырылған. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша филиал директоры Асқар Мырзабайұлы да ауданымызға арнайы келіп, қала халқын жаңа ғимаратпен құттықтады. Ол өз сөзінде:

- Жылыой ауданының жаңа форматтағы халыққа қызмет көрсету бөлімінің ашылу салтанаты құтты болсын. Бұл бөлім халыққа сапалы, жедел және қолжетімді қызмет көрсетуде жаңа дейгейге шығатынына сенімдімін. Жаңа нысан өңір тұрғындарының өмірін жеңілдетіп, заманауи технологиялар арқылы қызмет көрсету үдерісін жақсартуға үлес қосады деп үміттенемін. Ал ұжымға халық үшін жасалатын қажырлы еңбектерінің елене беруін тілеймін,-деді қуана.

Айта кетсек, ғимарат – Атырау қаласының аудандары бойынша Жылыой төрінде ашылған алғашқы цифрлық кеңсе форматындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы. Қазіргі таңда орталық аудан тұрғындарына қызмет көрсетуде. Жаңа жүйенің шынымен жаңашылдыққа жол бастайтындығы рас болса, жылыойлықтарды бұл жаңалық қуантпай қоймасы анық.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT