1 қыркүйекте Маңғыстау шығанағының жағалауы мен суларында қараусыз қалған аулар мен теңіз қалдықтарын жинауды көздейтін жаңа экспедиция басталды. Бұл экспедиция «Каспий итбалығы популяциясын сақтау» жобасы аясында құрылған. Жобаны «Теңізшевройл» компаниясының қаржылық қолдауымен Гидробиология және экология институты жүзеге асырады. Жоба Каспий итбалығы мен бекіре тұқымдас балықтар сияқты жойылып бара жатқан теңіз тіршілік иелерін қорғауға және өсіруге бағытталған.
Жақында теңіз қалдықтарын жинау және оның Каспий теңізінің биоалуантүрлілігін әсеріне қатысты зерттеулер қолға алына бастады. «Қоғамдық коммуникациялар орталығында» брифинг және облыстық балық шаруашылығы басқармасында кеңес өтті. 2019-2021 жылдар аралығында жүргізілген ғылыми-практикалық жұмыстардың нәтижесінде аралдардың жағалауы мен Түпқараған түбегі қараусыз қалған балық аулайтын аулармен, пластик қалдықтарымен, соның ішінде микропластиктермен қатты ластанғаны анықталды.
Биылғы жұмыстың мақсаты - итбалықтар аралын, яғни, Каспий итбалығының мекендеу ортасын қайта қалпына келтіру және Түпқараған түбегінің солтүстік жағалауы мен Маңғыстау шығанағының іргелес суларын зиянды нәрселерден тазарту. «Теңізшевройл» ЖШС-ның қаржылық қолдауымен «Каспий итбалығы популяциясын сақтау» бағдарламасы аясында 2022 жылдың 1-20 қыркүйегі аралығында балық аулайтын ескі аулар мен теңіз қоқыстарын жинау жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ, бұл жұмысқа «ЭкоМаңғыстау» ҮЕҰ мен «ЭкоВестАқтау» ЖШС де тартылады.
2019 жылдың күзінде Түпқараған түбегінің батыс жағалауынан табылған итбалықтардың өліктері мен қалдықтарын зерттеу көбінің қырылуына балық аулайтын аулардың себеп болғанын көрсетті. 2020 жылғы зерттеулер көрсеткендей, Подгорный, Морской, Рыбачий, Құлалы деп аталатын 4 аралдың ішінде ең ластанғаны Құлалы екенін расталды. Аулардың ең көп бөлігі (61,8%) осы аралда жинақталып қалған. Демек, Құлалы аралы бекіре тұқымдас балық аулауға арналған қараусыз ауларды «қабылдау бекеті» қызметін атқарады. Тек 2021 жылдың өзінде осы аралдан 5377 кг теңіз қоқысы жиналды, оның 80%-ға жуығы қараусыз қалған балық аулайтын аулар болса, басым көпшілігі бекіре тұқымдас балықтарды аулауға арналған ірі торлы аулар. «Теңізшевройл» компаниясы жобаны алғаш қолдаған кезден, яғни 2014 жылдан бері Каспий теңізінен 878 ау (20 500 кг) және 9 000 кг-нан астам теңіз қалдықтары шығарылса, 53 бекіре мен 15 итбалық сондай аулардан құтқарылды.
Маңғыстау шығанағының экожүйесіндегі микропластиктердің таралуын және онда мекендейтін балық түрлерін – Каспий итбалығы үшін әлеуетті азық-түлік түрлерін зерттеу бойынша ғылыми зерттеулер биыл да жалғасатын болады. Батыс Қазақстан экожүйесінің алуантүрлілігі экологиялық, рекреациялық, мәдени және эстетикалық құндылықты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, компания Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығына (ҚБАС) дала тарғағының ұяларын қорғау бағдарламасын жүзеге асыруға да қаржылық қолдау көрсетеді. Себебі бұл қанатты достарымыз Халықаралық құстарды қорғау одағының (ҚҚХО) құрып кету қаупі төніп тұрғандар тізіміне енген. Бұған қоса, ТШО бекіре балықтарының өсімін арттыру үшін, «Жайық-Атырау» бекіре балық өсіру зауытына да қол ұшын беруде. Зауытты аналық балықтар мен шабақтарға арналған жоғары сапалы жеммен қамтамасыз ету, сондай-ақ, өсіретін тоғандарды оттегімен және сумен қанықтыру үшін аэраторлар сатып алуға көмектесті. Сондай-ақ, ферманың тоғандарын тереңдету жұмыстарына арналған экскаватор сатып алуға демеушілік жасады
Ш.ХАМИТОВА