«ТӨРТІНШІ БИЛІК» ТӨРГЕ ОЗДЫ

Ауданда Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Quiz» интеллектуалдық ойынын өткізу дәстүрге айналып келеді. Жастардың білім көкжиегін сарапқа салған дүбірлі дода өткен аптада өз мәресіне жетті. Бұл жолы да Майкөмгеннен келген жігіттер үшінші мәрте топ жарды.

Теледидар алдына жайғасып алып, отбасымызбен бірге көретін «ХХІ ғасыр көшбасшысы» бағдарламасына ұқсайтын ойын бүгінде жеңіл форматта ұйымдастырылып, «Quiz» аталып кетті. Еліміздің барлық аймақтарында өткізіліп жүрген бұл ойын жастардың бос уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, ақыл-ойын ортаға салып, мидың белсенділігін оятатын жастар арасында сұранысқа ие бірден-бір интеллектуалдық жарыс.

Түпкі мақсаты – қатысушылардың ой-өрісін дамытып, жаңа орта тауып, белсенді болуға шақыру. «Құлсары жастары» қоғамдық бірлестігі, «Eastcomtrans» Transport Logistics компаниясы және «Аңсар» отбасылық мейрамханасының демеушілігімен «Шаңырақ» ойын-сауық кешенінде өткен бұл жолғы ақыл-ой жарысына «J-IQ», «Өзіміз ғой», «Төртінші билік», «8 сағат», «Микс», «MS», «Өнер» командалары қатысты. Олар 7 кезең бойынша бақ сынасты. Әр кезеңде білім мен логика аясында 7-8 сұрақтан қойылып, интеллектуалдық алаңдағы ойын шамамен 2 сағатқа созылды. Әр сұраққа 60 секунд уақыт беріліп, кіл мықтылар алғашқы секундтарда-ақ өз білімін дәлелдей алды. Командалық құрамда 6 адамнан аспайтын 14-35 аралығындағы жастар қатысып, тартысты бәсекенің сәнін келтірді.

«Quiz» ойындарының ерекшелігі – әр кезеңнің бір-біріне ұқсамайтын сауалында болып тұр. Онда ортақ тақырыбы бар сауалдар, суретпен жасырылған, аудио түріндегі және логикалық, әдеби сұрақтар да қамтылды. Ойын әділетті өту үшін барлық қатысушылардың ұялы телефоны жинап алынып, бір сәт ғаламторсыз ғаламда сайысқа түсуі мықты қадағаланды. Ұйымдастырушылардың шапшаң қимылдауының арқасында әр кезең бойынша жауап парақтары тезтез таратылып, жылдам жинап алынып отырды.

Дүбірлі доданың қорытындысында майкөмгендік жігіттерден құралған «Өзіміз ғой» командасы жүлделі І орынды жеңіп алды. Ал аудандық «Кең Жылой» газетінің жастарынан құралған «Төртінші билік» командасы ІІ орынды қанжығаға байлап, төрге озды. «J-IQ» жігіттер командасы ІІІ орынды місе тұтты. Ой ұшқырлығын кеңейту мен білім жетілдіруді көздеген сайыстың жастарға берері мол. Олай болса, осындай интеллектуалдық ойындар жастар арасында жиі өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT