2024 жыл аудан тұрғындары үшін әлеуметтік төлемдер мен жалақыны арттыру, тұрғын үй құрылысы мен денсаулық сақтау, жұмыссыздық пен білім беру салаларын жаңғырту секілді өзекті мәселелердің шешімін тапқан кезеңі болды. Соның ішінде тұрғын үй жайы аудан тарихында орын алған сәуірдегі алапат тасқыннан кейін ең өткір проблемаға айналды. Қара шаңырағынан қол үзіп, босып кеткен қарапайым халыққа бұл оқиға ауыр соққы болып тиді.
Әрине, осындай ауыр кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи апат салдарынан көмекке зәру әр тұрғынның басты назарда болатынын ескертіп, Үкіметтің зардап шеккен азаматтардың барлығына қолдау көрсететіндігін, шығынды толық өтейтіндігін жеткізген болатын. Мемлекет басшысы да, Үкімет те уәдесінде тұрды. Туындаған төтенше жағдайдан бұрын да өңірде тұрғын үй құрылысы әлеуметтік саясаттың маңызды тұтқасы болып табылатынын білеміз. Бүгінгі таңда еліміз тұрғын үй саласын дамытудың бірыңғай моделін әзірлеуде. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тұрғын үй қолжетімділігін арттыру игі істердің бастамасы болмақ. Ал ауданымызда баспана мәселесін шешу бағытында ағымдағы жылдары жасалған жұмыстар аз емес.
Айталық, 2024 жылдың басында аудан тұрғындары үшін Құлсарыдағы «Атырау» ықшамауданынан, ең алдымен, үш қабатты және кейін бес қабатты тұрғын үйлер халық игілігіне берілді. Жылыой ауданы тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Дархан Садуовтың айтуынша, бұл тұрғын үйден жалпы саны 300 тұрғын баспаналы болған. Ол өз сөзінде:
- Оның 225-і көпбалалы аналарға, 15-і жетім балаларға, 13-і І және ІІ топ мүгедектігі бар жандарға, 13-і мүгедек бала асыраушыларға, 5-і созылмалы ауруы бар жандарға, 13-і толық емес отбасыларға, 13-і зейнеткерлерге, 1-і Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және 2-і ұрыс қимылдарының ардагерлеріне берілді. Ал тұрғын үй кезегі бойынша және жекешелендіруге қатысты қазіргі таңда көптеген өзгерістер болып жатыр. Мысалы алдағы жылы тұрғын үй кезегінде тұрғандарға «Отбасы банк» бойынша баспаналар беріледі деген жоспар бар. Ал оған дейінгі жұмысты өзіміз жүргізе береміз. Ауданымыздағы үй құрылысына байланысты келер жылы үй беру тәртібі де өзгеруі мүмкін. Сондықтан бұл мәселелердің оңтайлы шешілуін өзіміз де күтудеміз,-дейді бөлім басшысы.
Еліміздің өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметіне сүйенсек, су ағысының қатты болуы салдарынан қаланың басым бөлігі су астында қалған. Жалпы ауданда 2 920 үйді су басқан. Оның ішінде бүлінген 1 455 үй бұзылып, 1 187 баспана күрделі жөндеуден өтуде. Ал зардап шеккендер тиісті өтемақысын алған. Міне, осындай аудан халқы үшін күтпеген тосын жағдайдың салдарынан шағын шаһарымызды шайқап өткен алапат тасқыннан зардап шегіп, баспанасын былай қойғанда, жақындарынан да көз жазып айырылып қалған отбасылардың да бар екенін білеміз. Айтып келмес апаттың салдары қаншама жанұяның баз кешіп, құтты мекенінен жырақтап, ауылдық округтер мен өзге қалаларға амалсыздан босып кетуіне мәжбүрледі.
Бүгінде бұл оқиғаға да көзді ашып-жұмғанша 8 ай болыпты. Осы аралықта аудан басшылығы да аянып қалмай, жергілікті тұрғындардың жедел үйлі болуына жағдай жасады. Қазіргі таңда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға «Болашақ» ықшам ауданынан 100 тұрғын үй салынып, 80 үйдің кілті табысталып, пайдалануға берілді. Қалған 20 пәтер бойынша тұрғындар тарапынан тиісті құжаттарға түзету жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңында қала халқымен жүздесіп, ағымдағы жылға есеп берген аудан әкімі Жұмабек Қаражанов та ауданымыздағы өзекті тақырыптың бірі тұрғын үй саясатына бөлек тоқталып өтті:
- Аудандағы негізгі мәселелердің бірі - апатты үйлерді көшіру. Оны сіз бен біз жақсы білеміз. Су тасқыны салдарынан Құлсары қаласы Махамбет даңғылындағы 9 қосқабатты тұрғын үй немесе 92 пәтер апатты деп танылған болатын. Қазіргі таңда тұрғын үйді Атырау қаласынан таңдаған 10 тұрғынға облыс орталығынан үй беруге қаулы шықты. 62 пәтердің тұрғындарына «Болашақ ықшам ауданынан үй беріліп, көшірілді. Оның ішінде 11-іне кәсіпкерлік нысан бойынша, 10 тұрғынға құжаттандыру жұмыстары әлі де жүргізілуде. Мұндағы 80 үй «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының, ал 20-сы жергілікті бюджеттің қаржысына салынған. Құрылыс жұмыстарына жергілікті 8 мердігер мекеме жұмылдырылған. Типтік үлгідегі үйлердің әрқайсысының жалпы ауданы 100 шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ Құлсары қаласында орналасқан 36 көпқабатты тұрғын үйге құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалау-сметалық құжаттама жасақталды. Оның авторлық қадағалаушысы – мердігер мекеме «ММ Project» ЖШС,- деді ол.
Иә, еліміздің тұрғын үй саясаты тұрғындардың өмір сапасын жақсартып және олардың баспанаға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып келеді. Осының аясында мемлекетімізде жыл сайын үй алуға байланысты жаңа жобалар басталып, тұрғын үй нарығы қарқынды даму үстінде. Дегенмен ауданда әлі де басыбайлы баспана мәселесінің шешімін таба алмай жүрген жандар жетерлік. Ол үшін мемлекет үнемі жаңа қадамдарға барып, тұрғын үй саясатын жетілдіріп келеді.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ