Тұрмыстық зәбір – қоғам дерті

Жақында аудан әкімі жанындағы аналар кеңесінің ұйымдастыруымен №9 және №16 жалпы орта білім беретін мектептерде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясы өтті. Жоғары сынып оқушыларының өмірлік кәдесіне жарайтын ақыл-кеңестер айтылған іс-шараға мұғалімдер мен әлеуметтік желі белсенділері, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері қатысты. Алдымен, №9 мектепте өткен жиынды аудан әкімі жанындағы аналар кеңесінің төрайымы, Т.Байсырымов атындағы Құлсары гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Мадина Әбдіғалиева ашты. Ол оқушыларға акцияның негізгі мақсатын таныстырып, қоғамның өзекті мәселесіне айналған әйел адамдар құқығының бұзылуына айрықша тоқталды.

Одан кейін аудандық прокуратураның прокуроры Әділ Сисенов сөз сөйлеп, қазіргі жастардың денсаулыққа зиян тигізетін заттарға әуес екендігін және оның арты жақсылыққа апармайтынын жасырмады. Ол өз сөзінде:

- Қазіргі таңда елімізде, әсіресе Атырау облысында синтетикалық есірткімен күрес қарқынды жүріп жатыр. Кейінгі кезде жастар жеңіл ақша табамыз деп есірткіні тасымалдап айналысуда. Жыл басынан бері бізде осындай 5 тасымалдаушы, оның ішінде кәмелет жасына толмаған 2 жасөспірім ұсталып, қазір олар Қызылорда облысында соттың үкімімен қамауда отыр. Және әрқайсысы 8 жылдан бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ал олардың артынан үміт артқан ата-анасы мен бауырлары зар еңіреп қалды. Бұл әрине, жақсы дүние емес. Сондықтан мұндай істен алшақ болып, тиісті білімдеріңізді алып, тәрбиелеп өсірген үйдегі аналарыңыздың сенімін ақтаңыздар. Барлығыңызды адал еңбек етуге шақырамын,-деді.

Ал аудандық орталық аурухананың акушер-гинекологі Марат Алдабергенов қыз-жігіттерді ерте жастан сезімге ерік бермеуге және нәпсіні тиып үйренуге шақырды:

- Ұят болса да шындықты айту керек. Ауданымызда ерте жастан жүктілік жыл сайын тіркеледі. Оның ішінде 15-16 жастағы аяғы ауыр жасөспірім қыздардың саны жылдан жылға өсіп келеді. Ал олардың бәрі сырттан келіп жатқан жоқ, өзіміздің ауданның тұрғылықты жастары. Қазір заман дамыған, ғаламторды ашып қалсақ, жыныстық қатынас туралы, жүктіліктің қалай болатындығы жөнінде ақпараттар көп. Сондықтан біз де бұл мәселені ашық айтуға мәжбүр болдық. Бүгінде ерте жастан жүкті болған қыздарымыз қоғамнан шеттетіліп, кешкі мектепке ауысып жатыр. Бұл дегеніміз өз өміріне балта шабумен тең. Бізде, тіпті, 2023 жылы жаға ұстатар жағдай орын алып, республика бойынша рекорд орнатты. 13 жастағы қыз баладан жүктілік анықталып, оның соңы қылмыстық іске ұласты. Ал енді осындай жағдай орын алса, қоғам бірінші ата-ананы, екінші мұғалімді кінәлайды. Бірақ, ол кісілер мұндай тәрбие беріп жатқан жоқ қой. Сондықтан қыз бен жігіттің арасындағы достықтан алшақ болып, қазір, ең алдымен, тек білім алуға жұмыстансаңыздар, келешекте жас келгенде өмірлік жұптарыңызды тауып, ата-ана атануға әлі де үлгересіздер,-деп ақылымен бөлісті.

Шараны одан әрі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арай Нұрмаханова, аудандық орталық аурухананың психологі Айым Санақова, облыстық ішкі саясат басқармасы қоғамдық келісім кеңесінің аудандағы сарапшысы Айнагүл Сыдықовалар жалғастырды. Олар акцияның маңыздылығын ескере отырып, жыл басынан бері зорлық-зомбылық жағдайларының алдын алу мақсатында жасалған жұмыстарға тоқталып өтті. Ал Д.Жазықбаев атындағы № 16 орта білім беретін мектепте жалғасын тапқан кездесуге аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Ж.Таумұрынов, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры, аудан әкімі жанындағы аналар кеңесінің мүшесі Рысты Мұханова, ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы А.Сақышова, аудандық орталық аурухананың аға гинеколог дәрігері мен психологі А.Базарова мен К.Танановалар, аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы А.Кенжеғалиев, жастар ресурстық орталығының маманы Ж.Нұрғазиева мен отбасын қолдау орталығы басшысының орынбасары А.Тәжімұхандар қатысты.

Жасөспірім оқушыларға ерте жүктіліктің зардабы, нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі, жасөспірімдермен және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу туралы түсінік жұмыстарын жүргізді. Мектеп оқушыларына лық толы зал оларды үнсіз тыңдап, көкейінде жүрген сауалдарын да қойып жатты. Кездесу соңында білім алушыларға зорлық-зомбылыққа қарсы бейнеролик көрсетілді. Сөйтіп әлеуметтік маңызы зор шара жоғары деңгейде өтті.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT