Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің барлық өңірінде тең өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету мақсатында енгізген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы республиканың әр түкпірінде қарқынды жүзеге асып жатыр. 2021-2025 жылдарға арналған ауқымды жобаның мақсаты қазақстандықтардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасап, әлеуметтік-экономикалық салаларды дамыту еді. Бүгінде ауданымызда осы жоба аясында ауқымды мәселелер оң шешімін тауып, қала мен кент, ауылдық округтердің жағдайы біраз жақсарып қалғаны рас.
Ауылға жаңа мектеп салына ма?
Бұл ретте жыл ортасында халыққа есеп беру мақсатында ауылдық округтерді аралап, биылғы жылы жасалған жұмыстардан есеп беруді көздеген аудан әкімінің міндетін атқарушы Гүлнафис Айшуақова кезекті кездесуін Жем ауылдық округінде жалғастырды. Көңілі ашық, пейілі дариядай ауыл тұрғындары да бұл жиыннан қапы қалмай, көкейінде жүрген көп сұрағын тізбектеп әкімдік басшылығымен жүздесуге асығып келген-ді. Жиынға мұң-мұқтажын арқалап жеткен ауыл ақсақалдары мен ақжаулықты аналар, сондай-ақ аудандық әкімдіктің бөлім басшылары мен полиция қызметінің жетекшілері, «Жылыой Тазалық» ЖШС-нің басшысы қатысты. Жиын басында жыл басынан бергі жасалған ауылдағы жұмыстарға тоқталған Гүлнафис Аязберікқызы өз сөзінде:
- Биылғы жылы өздеріңізбен 8 кездесу өтті. Онда 67 мәселе көтерілді. Оның 35-сі орындалып, 21-іне объективті түрде кездесу барысында жауап берілді. 10 тапсырма қазір орындалу үстінде. Және біреуі орындалған жоқ. Ауылдық округте атқарылған жұмыстарға тоқталсам: ауылішілік электр желілері құрылысын аяқтау үшін ұзындығы 2,8 шақырым жерге бағаналар тартылды. Қазіргі таңда тұрақты тоқ көзіне қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны атқарған мердігер мекеме - «Еламан Ойл». Тұрғызба елді мекеніне 3,4 шақырым тас жол салынды. Ал 18,3 шақырым жерге жол салу үшін жоба жасақталып, қазіргі таңда мердігермен келісім шарт жүру үстінде. Құлсары қаласы мен Тұрғызба ауылы арасындағы ағаш электр бағаналарын бетон түріне ауыстыру жұмыстары жүргізілген жоқ. Себебі олар су астында қалды. Және ол жұмысты орындайтын «Атырау Жарық» мекемесі. Ауыл тұрғындарының сұранысы негізінде ғаламтор желісін тартуға «Алма-ТВ» компаниясы қызығушылық білдіріп отыр. Қазіргі таңда мекемемен келісім шарт жасақталу үстінде. Ауылішілік жалпы ұзындығы 3150 метр болатын жоғарғы кернеулі әуе электр желісінің құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама жасақталды және жұмыс басталды. Одан бөлек бейнебақылау камерасын орнату, балаларға арналған ойын алаңдарын салу жұмыстары да қаралу үстінде. Болашақта ауылға 600 орындық білім ордасын салғымыз келіп отыр. Егер құжаттары сәтті аяқталса, алдағы уақытта мектеп құрылысы басталатын болады. Жыл басынан бері 6 ай көлемінде уақыт өтті. Әрине, бұл уақыт ішінде сіздердің ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдап, мүмкіндігінше жылдам аяқтауға, қала берді жауапсыз қалмауы үшін тырысып келеміз. Бүгін де құлағымыз сіздерде. Қандай да бір мәселелеріңіз болса, жасқанбай айтыңыздар. Жеке мәселе болса да, кездесу аяқталғасын бөлек уақытымды арнап, тыңдаймын,-деді.
Әлеуметтік желіге сенбей аяқтай келді
Жалпы ауылдық округ ішіндегі шешуді талап ететін мәселелердің белгілі екендігін тілге тиек еткен аудан басшысы алдағы уақытта бөлінер қаражаттың мүмкіндігіне қарай қажетті жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асатындығын жеткізді. Тұрғындар тарапынан келіп түскен ұсыныстарға да назар салып, мәселелердің шешілу жолдарын бірден айтып отырды.
Жиында аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Ерлан Нұрланов та сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарының мәселесіне құлақ түрді.
Тұрғындар арасынан аудан басшысына «Балалар ойын алаңы көбейсе», «Ауылдағы интернет желісі жақсарса», «Қоқыс уақытында алынса», «Мал жетектеген тұрғындарды орынсыз тексере бермесе» деген сияқты ұсыныс-пікірлер айтылып, тиісті жауабы берілді. Одан бөлек тұрғызбалықтар ауылдағы жастарға кино көрсетіліп, аялдамалар салынғанын қалайтынын жеткізді.
Келелі кездесу ауылдық округтің ресми парақшасында, яғни «Іnstagram» әлеуметтік желісінде тікелей эфир арқылы өтсе де, ғаламтор арқылы сұрақ қойғандар табылмады. Есесіне, аяқтай келген азаматтар көкейінде жүрген көп мәселелерін ақтарып, сауалдарына жауабын алып жатты. Ал кейбір тұрғындар «Жылыой Тазалық» ЖШС-нің қызмет көрсету бағасының қымбат екеніне шағымданып, жасалған жұмыстың құнына сай келмейтінін алға тартты. Оған аудандағы тазалық мекемесінің басшысы Бауыржан Әбдірахманов:
- Иә, халық арасында қызмет менің қолыма тигесін бірден баға өсті деген әңгімелер жиі айтылады. Бірақ бұл орынсыз. Баға өскен жоқ, бұрынғы бағамен тұр. Десек те, біліңіздер, біз – жеке мекемеміз. Қоқыс жинау үшін халыққа қойған құнымыз өз жұмысымызға тұрмайды. Сондықтан алда бағаны өсіру ойда бар. Және әр ауылға қоқыс жинайтын бір-бір машинадан алғымыз келіп отыр,-деп жауап берді.
Жиын соңында аудан әкімінің міндетін атқарушы Гүлнафис Айшуақова кейбір азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Сағат жарымға созылған кездесуде ауыл келешегі үшін тиімді ұсыныстар айтылып, бөлім басшылары әр тұрғынның сұранысын түртіп алып, шешуге уәде етті.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ