20 қыркүйек күні Жылыой ауданының Тұрғызба ауылында «Қоғамдық кеңістіктер» жобасы аясында «Спорт – денсаулық кепілі» атты жаңа воркаут алаңы салтанатты түрде ашылды.
Жоба «Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен Орталық Азияның Еуразия қорының ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Алаңда заманауи 8 спорт жабдығы орнатылып, жерге құм төселді. Бұл тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы жағдайда спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді.
Жоба жетекшісі Маншук Қоспақова алаңның басты мақсатын былай деп түсіндірді:
«Ауылымызда салауатты өмір салтын сақтау мақсатында, үлкендерге де, балаларға да арнап осындай воркаут алаңын салдық. Бірінші байлық – денсаулық дейміз, біздің басты мақсатымыз – осы денсаулыққа көңіл бөлу. Арнайы құм төседік, себебі қазір жалпақ табандылық көп кездеседі. Жаздың күндері жалаңаяқ жүріп, табан арқылы барлық тамырларға әсер етеді, оның емдік қасиеті бар».
Ашылу салтанатына ауыл әкімі Нұртас Қуатбаев, «Теңізшевройл» компаниясының өкілі Нұрлан Ерғалиев және ауыл тұрғындары қатысты.
Жаңа спорт алаңы ауыл жастары мен тұрғындары үшін белсенді өмір салтын қалыптастыруға, бос уақытты тиімді өткізуге үлкен мүмкіндік бермек.