Өткен аптада аудандық мәслихат депутаттары мен мемлекеттік мекеме мамандары Қосшағыл ауылына ат басын бұрды Олар жергілікті тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, қозғалған мәселелердің шешу тетіктерін қарастырды. Жұмыссыздық жүректі сыздатады «Қосшағыл» мәдениет үйінде өткен жиынға «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Сайлаубай Таласов, аудандық мәслихаттың төрағасы, Қосшағыл ауылдық округінің депутаты Қанат Мыңбаев және бірқатар дербес бөлім мамандары қатысты.
Ақ қар бұйдалаған ақпанда ақжарма тілегі мен іштегі жанайқайын жеткізген халықтың қарасы да аз болмады. Алғаш болып сөз алған партия басшысы Сайлаубай Сұлтанғалиұлы тұрғындарға жалпы отырыстың мән-мақсатын қысқаша айтып түсіндіріп, ауыл халқына көкейде жүрген көп сауалдары мен өзекті мәселелерін еш бүкпесіз жеткізуге шақырды. Қолдан келер іс-шараның барлығын жасап, шешуге тырысатынын баса айтты. Бірінші болып ауылдың ардагер азаматы Сайын Сарманов бұрынғы теміржол өткелінің жабылып қалғанын айтып қапаланды:
- Ол жерден қаншама мал, жүктер өтетін еді. Ал, дәл қазіргі сәтте соның бәріне қолайсыз жағдай туып тұр. Ең болмағанда Майкөмгенге барар жолдағы 13-шақырымға теміржол өткелі керек-ақ. Осы қолға алынар болса, шаруалардың біраз мәселесі шешілер еді,-деді.
Жауап берген С.Таласов бұл мәселенің осыған дейін де бірнеше рет көтеріліп келе жатқанын, құлағдар екенін айтты. Өткен айларда ауданға мәжіліс депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов пен Әділ Жұбанов келгенде осы жайттың барлығы айтылып, арнайы арыз тапсырылған болатын. «Amanat» партиясы аудандық филиалының басшысы ендігі кезекте сол арыздың жауабын күту керектігін жеткізді. Жұмыссыздық мәселесін қозғаған қосшағылдық тұрғын Серік Маханов өзіне жасалған әділетсіздікке ашынды. Оған «Сичим» компаниясынан жұмыс жөнінде қоңырау шалған көрінеді. Содан құжаттарын жібергеннен кейін, тестілеуден өту керектігін ескерткен. Бірақ бірнеше күн бойына кері байланыс болмағасын Серік мекемеге қоңырау шалады. Ондағы қызметкерлер жұмысқа адамдар алып қойғандығын және орын саны толық екенін меңзеп жауап қайырған. Мәселенің мәнісін түсіндірген «Мансап» орталығы директорының орынбасары Нұргүл Шағатаева:
- Бұл мәселеден хабардармыз. Мердігер мекемемен байланысқа шықтық. Ол жерде 6 вакансия болған, біз өз кезегімізде сол мамандыққа сай келетін, жұмыссыз азамат ретінде тіркелген 17 аудан тұрғынын ұсындық. Ондағылар кезек-кезегімен барлығына қоңырау шалып, құжаттарын қабылдап, тестілеуден өткізген. Компания тарапынан «Алғашқы тапсырғандардың арасынан 6 адам тестілеу кезінде өзінің біліктілігімен жақсы нәтиже көрсетті. Сол себепті, бірінші болып сынақтан өткендер тестілеу нәтижесіне сәйкес кәсіби біліктілігі сай келгендіктен вакансия жабылып, кей адамдар тестілеуге жіберілмеді» деген жауап келді,-деді өз сөзінде.
Бірақ, қосшағылдық азамат: «Тым болмағанда тестілеуден өткізуі керек еді» деп өзінің назын жеткізді. Н.Шағатаева мердігер мекеме жіберген қателікті түсініп, оны тіркеп, алдағы уақытта бос вакансияға үміткер ретінде алғашқылардың бірі ретінде жіберетіндігін жеткізді.
Қалампыр Ермұханова есімді әжей де жұмыссыздық мәселесін көтерді. Ол немерелерінің жұмыссыз ауылда бос жүргеніне налыды. Сондықтан ауданнан келген басшы азаматтардан немерелері үшін қос қолға бір күрек тауып беруді өтінді. Одан бөлек, қалаға қатынап, аудандық орталық ауруханада медбике қызметін атқаратын немересінің мәселесін көтерді. Қаршадай қыз түнделетіп ауылға қайтқанда, екі көзі төрт болып уайымдап отыратындарын жасырмады. Сондықтан Құлсары қаласының басынан уақытша тұратын қызметтік пәтермен немесе жатақханамен қамтамасыз етуді сұрады. Әрине, жұмыссыздық мәселесі жалпы ауданда өткір тұрғаны айтпаса да түсінікті. Оған ақпан айында өткен үлкен жиын да дәлел бола алады. Ал, қызметтік пәтердің жайын аудандық орталық аурухана директоры Асулан Абдрахмановқа тікелей қоңырау шалған мәслихат хатшысы Қанат Мыңбаев түйткілдің түйінін сол жерде тарқатты. Тұрғынға немересі директорына кіріп, өтініш жазса, жақын күндері жатын орын қарастырылатынын жеткізді.
«Жыр» болған мектеп
Ауылдың белсендісі Гүлжан Шаненова қараша халықтың мәселесін жіпке тізгендей қылып айтып берді: - Бізде интернет өте нашар. Технология қарыштап дамып жатқанда ғаламторға жарымаған ауылды көру ақылға сыймайды. Тоқ желісінің де оңып тұрғаны шамалы. Жаз айларында тіптен қиын болайын деп тұр. Ал мердігер мекеме - «БейнеуГаз» ЖШС-ін ауылдан аластату керек. Олардың жөнсіз жұмысын дүйім жұрт біліп-ақ отыр. Мектептің жайы «жыр» болғалы қашан?! Бөлінген ақшалар қайда, қалай кеткені белгісіз. Есіктері сынық, терезелері сапасыз. Оның барлығын сіздер де көзбен көріп, құлақпен естіп отырсыздар. Соны жақын арада бір жағына шығару керек. Әйтпесе, айтуға ұят. Одан бөлек біздің ауылдағы стоматология кабинетінің жағдайы мүшкіл. Жарамсыз болғандықтан жұмыс жасамай тұр. Осыны да қолға алып, қара халықтың қалауын жасасаңыздар, нұр үстіне нұр болар еді,-деді.
Мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев пен партия басшысы Сайлаубай Таласов Г.Шаненованың көтерген мәселелерін жазып алып, нақты жұмыстар жасалатынын жеткізді. Кей проблемалардың шешілуінің заңды жолын жиынның өзінде де жұртшылыққа жария етті. Мәселен, депутат ретінде айына бірнеше рет барып, құрылыс жұмысын бақылауда ұстап отыр. Жиын соңында «Қосшағыл» мәдениет үйінің техникалық қызметкерлері де бұйымтайларын жеткізді. Сөздеріне сүйенсек, алдағы уақытта өздері қызмет ететін ғимарат күрделі жөндеуге байланысты жабылады-мыс. Сол аралықта қызметкерлерді ақысыз демалысқа жіберу көзделуде. Осыған араша сұраған олар тым болмаса мердігер мекемеден жұмыс тауып берсе екен деген өтінішін айтты. Құлақ түріп тыңдаған аудандық мәслихаттың төрағасы Қанат Мыңбаев:
- Негізі тағы да бір заңды жолдарын пысықтап, мүмкін болған жағдайда жалақының 50 пайызын төлей отыра, демалысқа қалдырудың амалын қарастыру керек. Ал, мердігер мекемемен жеке өзім сөйлесіп, арнайы ұсыныс тастайтын боламын. Сіздердің жағдайларыңызды жақсы түсініп отырмын және бұл мәселені уақыт оздырмай шешу керек»,-деп өзінің сайлаушыларына сөзін берді.
Қаңғыбас иттердің мәселесі ауылдық округтерде де басылар емес. Аудан орталығындағы секілді мұнда да қаптаған иттер адамдарға қауіп төндіруде. Бұл жерде де тұрғындар үнсіз қалмай, өз ойын жеткізді. Жалпы депутаттар ауыл тұрғындарының әр өтінішіне жеке-жеке жауап беріп, проблеманы шешудің заңды жолдарын түсіндірді. Өз тарапынан да керек болған жағдайда депутаттық сауал жолдап, мәселелерді соңына дейін шешетіндігіне сендірді. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары ауылдық округтердің көркі кіріп, инфрақұрылым жаңарғанымен, әлі де «әттеген-ай» дейтін тұстар жетерлік. Қосшағылдықтар әлі де шешімін күткен мәселелер барын бүкпесіз алға тартты. Кей сапасыз жұмыстар ауыл халқын жегідей жеп, жүйкесін жұқартқан. Алаңдаулы ауыл халқына депутаттар ақыл мен заңға сүйенсек, алынбайтын қамал жоқтығын түсіндіріп, билік пен бұқара қоян-қолтық қызмет атқаруы керектігін тағы бір ескертті. Иә, шынында да, «Халық қаласа, хан түйесін сояды» дегендей, елдің пікірі еленіп, жұрттың жайы тасада қалмауы тиіс.
Е.АЛТАЙҰЛЫ