Тұрғындарды толғандырған мәселелер

Халықпен ашық әрі тікелей байланыс - заманауи басқарудың басты қағидаларының бірі. Осы үрдісті берік ұстанған аудан әкімі Жұмабек Қаражанов тұрғындармен жеке қабылдау өткізіп, ел ішіндегі өзекті мәселелерге мән беріп, тыңдады. Аудандық «Amanat» партиясының ғимаратында өткен кездесуге аудандық әкімдіктің дербес бөлім басшылары мен партияның аудандық филиалының төрағасы Сайлаубай Таласов қатысты.

Кезегімен кірген тұрғындар аудан басшысы Жұмабек Байрақбайұлына басыбайлы мәселелерін бүкпесіз айтып, ағынан жарылды.

Алғаш болып әкімнің алдына келген Мейіржан Беркінұлы бірнеше мәселені көтеріп, көмек қолын созуды сұрады. Мейіржан аудан орталығы Құлсары қаласының қақ ортасында болған апат әсерінен, нақтырақ айтқанда жарылыс орын алған «Ниет» жанармай бекетінде қаза тапқан ерлі-зайыптылардың ұлы екен. Мейіржанның мұңын тыңдаған аудан әкімі Жұмабек Қаражанов өзінің орынбасары Гүлнафис Айшуақоваға демеушілер есебінен көмек көрсетуді, ал, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанар Қазиева мен «Мансап» орталығының директоры Бауыржан Садыковқа Мейіржанды мамандығы бойынша жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Екінші кезекте өз мәселесін айта келген Нұрсұлу Хасанова қаланың Жиембет жырау көшесіндегі №38 жерді алып беруді өтінді. Нақты жауап қайырған аудан басшысы Жұмабек Байрақбайұлы қала әкімі Қадіржан Адинов пен аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Жәнібек Сабыровқа учаскенің иесі бар-жоғын тексеріп, жер иесіз болған жағдайда, жер кезегінде тұрған тұрғынға заң аясында рәсімдеп беруді ұсынды.

I ықшам аудан тұрғыны Балсары Асылбекова тазалық мәселесін көтерді. Себебі, шыны керек, қаламыздың кей ықшам аудандарының тазалығы сын көтермейді. Кейде тазалықшы мекемелер қоқысты дер кезінде алмай, ит шашып кетсе, енді бірде аудан тұрғындарының өзі де бұл проблемаға немқұрайлы қарап жатады.

Тұрғынның көтерген мәселесі өте орынды еді. Соңғы жылдары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тазалық мәселесіне баса назар аударып, жалпы мемлекет бойынша «Таза Қазақстан» акциясының іске асып жатқаны аян. Сондықтан аудан әкімі Жұмабек Қаражанов қала әкімі Қадіржан Адиновқа тұрғынның айтқан мәселелері бойынша шұғыл шараларды жүзеге асыруды тапсырды. Әсіресе, аулаларды абаттандыру, көп қабатты тұрғын үйлердің маңайындағы шөптерді жұлу және керексіз жол белгілерін алып тастауды баса айтты. Аудандық полиция бөлімінің басшысы А.Кокаловқа да аулаларға бейнебақылау камераларын орнату мәселесі мен учаскелік полициялардың жұмысын жіті назарға алу керектігін жеткізді.

Аудандағы ең өзекті мәселенің бірі - жұмыссыздық екені бәрімізге белгілі. Үш айдан бері жұмыссыздық есебінде тұрған Жанар Сасаева да осы мәселені көтеріп, екі қолға бір күрек тауып беруді сұрады. Жеті баланы асырап отырған жалғызбасты әке Марат Есмағанбетовтің сауалы да осы жұмыссыздық жөнінде болды. Ол да өз мамандығы бойынша қос қолға бір кәсіп көзін таба алмай дал болған көрінеді. Өз кезегінде аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы тиісті бөлім басшыларына тапсырма беріп, тұрғынның өтінішін заң аясында қанағаттандыруды тапсырды.

Айсұлу Базарғалиева атты тұрғын өзінің қызы Мейірім Тілеубергенованың жалғызбасты ана әрі жұмыссыз екенін, одан қала берді баспана жалдап, жан бағып жүргенін жеткізді. Қызы үшін көмек сұрап келген кейуанаға аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы қолдан келген қолдауды аямайтынын жеткізіп, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Дархан Сәдуовке үйінің коммуналдық төлемдерін субсидия арқылы төлеуге жәрдемдесуді тапсырды. Және мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектерді заң жүзінде түсіндірді.

Қаладағы орталық I ескі ықшам аудандағы «Газпром» үйлерінің тұрғыны Зубаржат Нигматуллина пәтер иелерін мемлекет мұқтаждығы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару жөніндегі мәселені көтерді. Нақты жауабын берген аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы Гүлнафис Аязберікқызына қосымша тапсырма беріп, осы мәселені заң шеңберінде реттеуді тапсырды.

Айта кету керек, аудан басшысына үміт артып, қабылдауға келген әрбір азамат өз айтары бар, өз мұңы бар қарапайым халық өкілі. Бірі апатты үйлер жайын қозғап, тазалық мәселесін алға тартса, енді бірі әлеуметтік көмек, жұмыссыздық төңірегіндегі түйткілдерді көтерді. Аудан әкімінің бұл кездесуі құрғақ есеп емес, шынайы жанашырлық пен жауапкершіліктің жарқын көрінісі болды. Жұмабек Байрақбайұлы әр өтінішке бейжай қарамай, барынша нақты жауап беріп, кейбір мәселелерді дереу тиісті бөлім басшыларына тапсырды. Жауапсыз қалған сауал, ескерусіз мәселе болмады. Шешімі уақыт талап ететін өтініштер бақылауға алынып, тұрғындармен байланыс үзілмейтінін жеткізді.

Иә, билік пен халық арасындағы байланыс кез келген қоғамның тұрақтылығы мен дамуының негізгі тіректерінің бірі. Бұл қатынас неғұрлым ашық, әділетті және шынайы болған сайын ел ішіндегі өзекті мәселелер де уақытында шешімін тауып, азаматтардың мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімі нығая түседі.

Билік пен бұқара арасындағы диалог біржақты үдеріс емес, ол өзара жауапкершілікке негізделген серіктестік. Билік халықтың үніне құлақ түрсе, халық та мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарап, ел дамуына өз үлесін қосуға тиіс. Бүгінгі таңда әкімдердің халықпен тікелей кездесуі, қоғамдық кеңестердің жұмыс істеуі, онлайн платформалар арқылы тұрғындардың арыз-өтініштерін жолдауы — осы байланыстың жаңа форматы. Бұл формализмнен арылған, шынайы серіктестікке бет алған мемлекет дамуының белгісі. Билік пен халық арасындағы байланыс осындай сенім мен ашықтыққа құрылғанда ғана ел мықты болады. Өйткені билік халық үшін, ал халық мемлекет үшін жауапты екенін естен шығармаған жөн.

 

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT