Жұмыссыздық мәселесі аудан әкімдігінде қаралып, шешілу жолдары іздестіріліп жатса да, Құлсарыдағы «Мансап» орталығының алдына қос қолына бір кәсіп көзін іздеп келген жандар қатары толастар емес.
Айталық, жақында аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың төрағалық етуімен аппарат мәжілісі болып өтті. Аудан әкімінің орынбасарлары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары қатысқан жиында, негізінен, екі мәселе қаралған. Соның бірі – жұмыссыздық. Күн тәртібінде қаралған «Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бағытындағы атқарылған жұмыстар мен 2025 жылғы жоспарлар» жайлы аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларымен бөлісті. Соңында аудан басшысы айтылған мәселелерге орай аудан әкімінің орынбасары мен жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, орындалысы бақылауда болатынын ескертті.
Осыдан кейін жауапты сала басшыларының қандай іс-шараларды қолға алғанын қайдам, бірақ «Мансап» орталығынан өз мәселелерінің түйінін тарқата алмаған жұмыссыздар өткен дүйсенбі күні аудан әкімдігіне келіп, өз талаптарын қойды. Олармен кездесуге аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова мен аудандық «Мансап» орталығының директоры Ақылбек Едігеев келді. Аудан әкімдігі ғимаратының жанындағы «Жеңіс» саябағының ішінде еркін форматта өткен бетпе-бет жүздесуде жергілікті жұмыссыздар Теңіз кенішіндегі жұмыс жасау әдісін 7 немесе 14 күндікке ауыстыру, аудан аумағында орналасқан әр компанияда еңбек ететін жергілікті жұмысшы-қызметкерлердің үлес салмағын 50 пайызға көтеруді, Әлеуметтік кодекс пен Еңбек кодексінің кейбір баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етті.
- Бүгінде жұмыссыздық үшін берілетін жарытусыз жәрдемақыға қарап отырмыз. Онымен қай жыртығымызды жамаймыз? Ол да алты айдан кейін тоқтайды. Сондағы күніміз не болмақ? Бір үйде бірнеше адам жұмыссыз отырған отбасылар да бар,-дейді ашынған жұмыссыздар.
Жиналған тұрғындар ауданда өтіп жататын осы бағыттағы жәрмеңкелер жұмыссыздық жөніндегі проблеманы толыққанды шешпейтінін ашық айтты. ТШО мен оның мердігер мекемелеріне тек қана жергілікті жердің тұрғындарын жұмысқа орналастыруды сұрады. Жұмыссыздардың талабын мұқият тыңдаған Гүлнафис Аязберікқызы мәселені құзырлы орган басшыларына жеткізуге уәде берді. Соңынан аудан әкімдігінің бастамасымен алдағы уақытта Құлсары қаласындағы «Кең Жылыой» мәдениет үйінде «Теңізшевройл» компаниясы мен мердігер мекемелер басшыларының жұмыссыз тұрғындармен кездесуін ұйымдастырып, барлық мәселенің түйінін сол жерде тарқататын болып келісілді.
Е.БИСЕКЕНҰЛЫ