Тұрғындар талабы тыңдалса, түйіні тарқатылмайтын мәселе жоқ

Аудан халқымен жиі кездесіп, көкейтесті мәселелерін заң шеңберінде шешіп жүрген аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың бұл жолғы қабылдауы биылғы жылдың алғашқы жиыны емес. Бұған дейін де әкімдіктің арнайы бекітілген кестесіне сәйкес екі аптада бір рет тұрғындармен жүздесіп жүрген әкімнің әрекеті ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына тура келетіні рас. Иә, бұл қағида қалың бұқара мен билік арасындағы байланысты нығайтып, аудан тұрғындарының жергілікті әкімдікке деген сенімін нығайтатыны сөзсіз. Сондықтан да өткен аптада аудан басшысы Жұмабек Байрақбайұлы тағы да жергілікті тұрғындарды қабылдап, олардың жеке мәселелерін тыңдады. Бұл кездесу «Amanat» партиясының ғимаратындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде өтті. Бетпе-бет кездесіп, ауызба-ауыз сөйлескен жүздесуде тасқыннан зардап шеккен үйлердің, тазалық, жер мәселелері талқыланып, аудан басшысы әр тұрғынның сауалына жете назар аударып, тұшымды жауабын берді. Қабылдауға келген тұрғынның бірі - Армангүл Нұрланқызы. Жер мәселесі бойынша аудан әкімімен кездескен ол өз сөзінде:

- Ақкиізтоғай ауылдық округінен келіп тұрмын. 2014 жылы жер кезегіне тұрдым. Қанша жыл уақыт өтті, әлі күнге дейін кезегім келмеді. Тіпті кезегім кері жылжып бара жатыр. 2024 жылы қарағанда 3793-ші едім, енді кеше қарасам 3795 болып тұрмын. Бұл қалай? Біз күтіп жүре береміз, бірақ мына түрімізбен ол жерді қашан аламыз? Қазір шамалы жердің өзі 5-6 млн сұрап тұр. Оны сатып алуға қаражат жетпейді. Маған осы Құлсарыдан жер телімін берсеңіздер деп келіп отырмын. Мен білем, Құлсарыда әлі күректің басы жерге тимеген жерлер бар. Балабақша мен мектепке жақын жерден жер телімін берсеңіздер, жақсы болар еді. Жолдасым жұмыссыз. Оған қазір кіре қоятын жұмыс та жоқ. Өзім мұғалім болып жұмыс жасаймын. Алтын алқа иегерімін. Десе де бір жалақымен күн көріп, бұған дейін ешкімге алақан жайып көрген емеспіз. Балаларымның алды студент. Тапқан табысымыздың жартысы солардың жалдамалы пәтерін төлеуге кетеді,-дейді сұрағына жауап іздеп.

Бұл мәселеге жауап берген аудан әкімі:

–2017 жылы «Атырау» ықшам ауданынан 800 адамға жер берілді. Содан кейін тоқтатылды. Алдағы жылдары «Болашақ - 2» ықшамауданынан 2400 адамға жер ұсынамыз деп жоспарлап отырмыз. Оның да жобасын енді жасақтауды қолға алдық. Яғни, суын, газын, жарық желісін тартып болғаннан кейін ғана ол жерлер беріле бастайды. Бірақ 2014 жылғы кезек бойынша бұл жерден аласыз деп айта алмаймын. Себебі біз 2007 жылы жер кезегіне тұрған тұрғындардың өтінішін қанағаттандырдық та, содан кейін жер беруді тоқтатып тастадық. Егер алам десеңіз, бізде ауылдық округтер мен Қаратон кентінде бос учаскелер бар. Ол жақта жер телімдері дайын, жобасы жасақталған. Егер Жер кодексінде көп балалы аналарға кезектен тыс беру керектігі көрсетілсе, онда, әрине, сізге бірінші кезекте жер ұсынатын едік. Бірақ ашығын айтайық, Құлсарыдан жер әзір берілмейді,-деді нақты жауабын беріп.

Тұрғылықты жерінің тазалығына алаңдап, 2023 жылдан бері арызданып жүрген Мақсот Иманғалиев та аудан басшысымен жолығар сәтті күтіп, кезекті қабылдауға дәлелді фотосурет толған папкасын алып келген екен. Оның айтуынша, үйінің тап алдына «орналасқан» қоқыс төгетін орын қазір адам тұратын жерге ұқсамайды. Тіпті ит-мысықтың өлекселері қаптап кеткен.

- Мен қаладағы «Мешіт» ықшам ауданындағы «Бақай» қонақ үйінің маңында тұрамын. Біз қоныс тепкен үйлердің дәл жанында қоқыс төгетін жәшік тұр. Ол бұрын үйімнің жанындағы қос қабатты тұрғын үйдің алдында болды. Білуімше, қоқыс төгетін орын баспанадан 25 шақырым қашықтықта орналасуы керек қой. Мына қоқыстың жанынан өту қиын. Иісі мұрынды жарып тұр, онымен қоймай, үйдің ішін де алып кетеді. Бұған төкпейтін нәрсесі жоқ. Кірдің де суын төгеді, дәреттің де суын ақтарады. Кәріз жүйесінің де суын ағызып жатқанын көріп жатырмыз. Ит-мысықтың өлекселерін айтпай-ақ та қояйын. «Жылыой-Тазалық» екі бастан «Біз оларды алуға міндетті емеспіз» деп жинамай кетеді. Ол жердегі қос қабатты үйлерде 4-5 қана қоқыс жәшігі бар. Оның артында электр трансформаторы тұр, соның бағанасының астына да төгеді. Тіптен, кейде өртеп кетіп жатады. Оған бірі үйден әкеліп төксе, бірі сырттан әкеліп тастайды. Жұртқа бәрібір, өздерінен алшақ жерде орналасқасын үйімнің түбіне қоқыстың неше түрлісін әкеліп төгеді. Айналып келгенде шырылдайтын – біз. Қазір үйде бір емес, үш адам ауырып қалып отырмыз. Бұл біздің денсаулығымызға айтарлықтай зиян тигізіп тұр. Осы мәселені шешіп берсеңіздер,-деді тұрғын ашына.

Бұл шаруаны қала әкімі Қадыржан Адиновқа тапсырған аудан әкімі:

- Алдымен, сол маңдағы тұрғындардың барлығын жинаймыз. Сосын сіздерге қала әкімі, тазалық мекемесінің басшысы барады. Сол жерден қоқыс орны бәріне ыңғайлы болатындай орын таңдалып, бұл істі біржақты қыламыз. Себебі қазір біз тек бір тарапты ғана тыңдап отырмыз. Қоқыс төгетін орынды үйіңізден алыстатып жіберсек, ертең басқа тұрғындар шағымданып жүреді. Сол үшін бұл істі бүгіннен қалдырмай шешу керек,-деп жауабын берді.

Қабылдауға келген тұрғындардың арасында үйі суға кетіп, мемлекеттің қаржылай көмегін алып, бірақ апатты баспанасын бұзуға асықпай жүрген жандар мен үйінің жылу қазандығына ақша жеткізе алмай, аудан басшысынан қаржылай көмек сұрап келгендер де табылды. Ал азаматтардың өтініштерін тыңдаған Жұмабек Байрақбайұлы әр мәселеге жеке тоқталып, тұрғындар талабын жерде қалдырмай, шама-шарқы келгенше орындауға уәде берді.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT