Тұрғындар талабы – басты назарда

Кезекті еңбек демалысынан шыққан аудан әкімі Жұмабек Қаражанов, ең алдымен, аудан активін жинап, бірден аппараттық мәжіліс өткізді. Онда, негізінен, ең өзекті деген төрт мәселе қаралды. Нақтырақ айтқанда, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауданда атқарылған жұмыстар таныстырылды. Өйткені, тазалық пен экология – тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды бағыт.

Екіншіден, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында телеграм-чат арқылы тұрғындардан келіп түскен сұрақтар сараланып, жауапты бөлімдерге тапсырмалар берілді. Содан кейін «Смарт Құлсары» жобасы аясында Бірыңғай байланыс орталығына түскен өтініштер мен сұрақтарға сәйкес атқарылған жұмыстар қаралды. Соңында нысандарды аралау кезінде берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы тыңдалды.

Барлық мәселе бойынша жауапты бөлім басшылары баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен орындалмай қалған тапсырмалар туралы мәлімет берді. Соңғы мәселелер бойынша нақты себептері анықталып, нақты мерзімі белгіленді.

Құрылыс басында

Өңір басшысы Жұмабек Қаражанов кейін аудан аумағындағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, олардың жұмысымен кеңінен танысты.

Соның бірі – Құлсары қаласындағы кәріздік сорғы станциялары. Онда жақында насостар ауыстырылып, шахталар тазартылған еді. Ал су тазарту станциясы – қалада бұрыннан келе жатқан өзекті мәселенің бірі. Оны шешу мақсатында құрылыс жұмыстары басталды. Жұмабек Байрақбайұлы, міне, осы нысандарда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын көзбен көріп, жақынырақ танысты. Сондай-ақ, «Болашақ» ықшам ауданында қысымды күшейту станциясы да іске қосылған еді. Бұл жаңадан бой көтерген қалашықтағы тұрғындардың сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтуына жол ашады. Аталған нысандардағы барлық жұмыстар аудан басшысының ұдайы бақылауында болады.

Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов аудандағы бірқатар білім беру нысандарында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын да аралап көрді.

Алдымен, Шоқпартоғай ауылдық округінде салынып жатқан 280 орындық балабақша құрылысымен танысты. Қазіргі таңда нысанда жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Бұл – ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік жоба. Өйткені бұрынғы мектепке дейінгі мекеме жарамсыз деп танылып, ауыл бүлдіршіндері балабақшасыз қалған еді.

Құлсары қаласындағы №19 жалпы білім беретін орта мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысын да көзбен көріп шықты. Оқу орны жаңа оқу жылына толық дайын болуы үшін мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, Құлсарыдағы №20 орта мектеп жанынан бой көтеріп жатқан 180 орындық қосымша ғимараттың құрылысы да назардан тыс қалмады.

- Барлық жұмыстар сапалы әрі мерзімінде аяқталуы тиіс. Басты мақсат – балаларымызға қолайлы, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру, - деді аудан әкімі Жұмабек Қаражанов.

Аудан басшысы Қосшағыл ауылдық округіндегі «Қосшағыл» ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты.

Ауылға арнайы ат басын бұрып, мәдениет үйінің құрылыс барысын қарап шыққан ол қазіргі уақытта нысанда жүріп жатқан сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстарын көрді. Құрылыс сапасына қатысты бірқатар мәселелерге назар аударып, кемшіліктер бойынша тиісті ескертулер берді. Сонымен қатар, жобада өзгеріс енгізу қажет тұстар да көрсетілді.

- Ауыл тұрғындары асыға күтіп отырған бұл нысан мәдени шаралар мен қоғамдық жиындардың ордасына айналуы тиіс. Сондықтан құрылыс жұмыстары сапалы әрі мерзімінде аяқталуы қажет. Бұл бағытта жұмыстар тұрақты бақылауда болады,-деді әкім.

Тазалық пен тәртіп

Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов шағын шаһардағы аялдамалар, орталық көшелер мен жалпы қаланың архитектуралық келбетін назарға алды.

Қаланы аралау барысында кейбір тұрғын үйлердің алдына жиналған құрылыс қалдықтары, бетон кесінділері мен түрлі қоқыстар көзге түсті. Мұндай көрініс қаланың сәулеттік келбетіне кері әсер етіп қана қоймай, санитарлық жағдайдың да төмендеуіне себеп болары анық. Сондықтан рұқсатсыз қоқыс жинау деректері бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын ескерткен әкім бұл бағытта әкімдік тарапынан тиісті шаралар қабылданатынын айтты.

- Дегенмен, бастысы – тазалық пен тәртіп – бәрімізге ортақ жауапкершілік. Барша қала тұрғындарын тазалыққа, ұқыптылыққа, қоғамдық тәртіпке үлес қосуға шақырамын,-деді аудан басшысы.

Халық өтініші аяқсыз қалмайды

Қала, кент және ауылдық округ әкімдерімен, дербес бөлім басшыларымен жұмыс жиналысын өткізген аудан басшысы Жұмабек Қаражанов бірқатар өзекті мәселелерге назар аударды.

Атап айтқанда Telegram чат арқылы тұрғындардан келіп түскен сұрақтардың зерделенуі және жауаптардың берілуі қаралды. 109 – Бірыңғай байланыс орталығы арқылы түскен өтініштер бойынша атқарылған жұмыстар тыңдалды.

Нысандарды аралау мен азаматтарды қабылдау кезінде көтерілген мәселелер де назарға алынып, орындалу барысы талқыланды.

Бөлім басшылары өз жұмыс бағыттары бойынша есеп берді. Басты мақсат – тұрғындармен кері байланысты нығайтып, әр сұрақ пен ұсынысқа нақты жауап беру екені ескертілді.

Бұдан кейін аудан әкімі аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында азаматтар жұмыссыздық, тұрғын үй алу, кәсіп бастау үшін жер телімінің заңдылығы, әлеуметтік қолдау және өзге де маңызды мәселелерді көтерді. Әрбір сұрақ заң аясында мұқият қаралып, тиісті түсініктемелер берілді. Жеке өтініштер бойынша нақты шаралар қабылданатын болды.

- Мұндай кездесулер – халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді тыңдап, шешу жолдарын бірге қарастырудың тиімді жолы. Сондықтан жеке қабылдаулар тұрақты түрде жалғасатын болады,-деді аудан басшысы.

                                                    Өз тілшімізден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT