ТҮП ТЕРЕҢДЕТУ – өзектің өзекті мәселесі

Былтыр көктемгі алапат су тасқыны кезінде Құрсай өзегін толтырған Жемнің өр суы Құлсары қаласына қатты қауіп төндіргені елдің әлі есінде. Арнаның таяздығы өз алдына, ішін басқан қалың ну қамыс, түрлі қоқыс қалдықтары, бәрі-бәрі жиылып өзеннен арындай аққан тасқынды бөгеп Қамыскөлге жеткізбей қойды. Соның кесірінен арнасына сыймай лық толған су қаланың орталық көшелерін басты.

Міне, өткеннен ащы сабақ алған билік басындағы азаматтар қала халқының талабын орындап, Жем мен Құрсайдың түбін тереңдетуге кіріскен еді. Биылғы жаздан бастап бұл жұмыстар қала ішіндегі өзекте де жалғасын тауып, күні бүгін арна ішінде қарқынды жұмыстар жүзеге асып жатыр. Нақтырақ айтқанда, жалпы атқарылуы тиіс ұзындығы 8,8 шақырымды құрайтын жұмыстың қазіргі таңда 1,8 шақырымы тереңдетіліп үлгерген. Жоба жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.

Жобаны облыстық Құрылыс басқармасының тапсырысымен «Сап-Ин-Вест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Айта кетейік, бұл жұмыс өткен жылы қолға алынған Ұлы Жем өзенін тереңдету жобасының жалғасы болып табылады. Бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова:

- Бұл жұмыстар 2025 жылдың 1 шілдесінде басталды. Құрсай өзегінің 8,8 шақырымға созылған аумағы 300 метрге дейін тереңдетіледі. Қазіргі таңда 22-ге жуық арнайы техника үздіксіз жұмыс жасап жатыр. Жобаны уақытылы аяқтау мақсатында күндізгі және түнгі мезгілде де жұмысшылар еңбек етуде. Жалпы, жобаның ұзақтығы 4 айдан 6 айға дейін созылады деп күтілуде. Қазіргі таңда үшінші учаскеде тереңдету жұмыстары қолға алынған,-деді өз сөзінде.

Еске сала кетейік, биыл тасқын судың алдын алу және түп тереңдету жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында Құрсай өзегіне су жіберілмеді. Соның салдарынан өзек лай мен қамысқа толып қалғаны рас. Бірақ келер жылғы көктемде Құрсайдың Бақашы шлюзі ашылып, Қамыскөлдің су қоры толықтырылмақ. Сонымен қатар көл жағалауын нығайту жұмыстары да жоспарға енгізілді. Жалпы қала халқы өзектің экожүйесін бұзбай түп тереңдету жұмыстарының жүйелі жүргізілгенін қолдайды. Өйткені ол түпкі мәселені толық шешер деген ойда.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT