Өткенге оралсақ, басымыздан небір қиын кезеңдер өтіп, басыбайлы баспанамыздан безген күндер де болды. Кешегі көктемдегі тасқын кезінде жанарына жас алмаған жылыойлық жоқ та шығар. Сол бір кездегі үрей, сол сәттердегі қорқыныштың бұлты сейілгенімен, жүректе бір күдік те бар. Әр құлсарылықтың көкейінде «Келер көктем қалай болар екен?» деген күдік пен үмітке толы сауал жүр. Ендеше, түйткілдің түйінін тарқатып көрелік.
Көктемгі тасқыннан кейінгі қаланы қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүрді. Әсіресе, «Болашақ» ықшам ауданы елден ерек болғалы тұр. Ол жерде барлық инфрақұрылым іске асырылып, жайлы өмірдің дәлелі болмақ. Айта берсек, шынымен-ақ, қазіргі уақытта жүзеге асқан да, жоспардағы істер де жетерлік. Ендігі мәселе – келер көктемдегі туындауы мүмкін төтенше жағдайдың алдын алу. Қазақта «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген даналық сөз бар. Сақтық шараларын қолға алмасақ болмайды. Осы бағытта да бірқатар шаруалар атқарылып жатыр. Жем өзені мен Құрсай каналының арнасы тазартылуда. Көп жылдар бойы жаңаруды көрмеген бұл жерде бүгінгі күні ондаған техника жұмыс жасап жатыр. «Жаз қамыңды қыс ойла» дегендей, тиісті мекемелер күзден бастап іске кіріскен болатын. Түп тереңдету жұмыстарының жалпы ұзындығы 95 шақырымды құрайды. Оның ішінде Құрсай каналы – 46,1 шақырым, Жем өзені 48,9 шақырым болады. Мердігер мекеме өкілі Сабыржан Орманов:
- Құрылыс қарқынды жүруде. Ақырын-ақырын алдыға қойылған жоспарды орындап, толыққанды істі бітіру – басты мақсатымыз. Жылыой ауданы маңындағы арналарда судың ағыны қатты болады. Себебі, Мұғалжар тауынан келген өр суы теңізге тікелей құяды. Қазіргі таңда арналарды барынша тереңдетіп ашу үстіндеміз. Себебі, бұл жерден транзит есебінде су арнасынан аспай, теңізге кетер болса, қалаға төнер қауіп те сейіледі,-деді өз сөзінде. Аталған нысан басында 48 бірлік механикаландырылған экскаватор, 4 бірлік амфибия, 4 бірлік жер сорғыш снаряды, 10 бірлік бульдозер, 4 бірлік автотиегіш, 2 бірлік ауыр грейдер, 5 бірлік каток, 30 бірлік самосвал жұмыс жасады. Жалпы алғанда 107 арнайы техника мен жүзге тарта жұмысшы жұмылдырылды. Тереңдігі 2 метрге дейін қазылып жатқан жоба аясында су деңгейін бақылауда ұстайтын қондырғылар да қалпына келтіріледі. Аталған жұмыстың біраз бөлігі жасалып бітті десек те болады. Облыстық құрылыс басқармасының бас маманы Ернар Қадырбай:
- Құрсай өзеніне қарай бөлінетін жердегі гидрошлюз керекті мөлшерде ғана Құрсай каналына суды жіберіп тұратын болады. Су діттеген межеге жеткен кезде шлюзды жауып, Құрсай каналына ағатын суды тоқтататын боламыз. Сонымен қатар, бұл жоба аясында бөгет салу жұмыстары да қолға алынады. Яғни, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында барлық істер атқарылады,-деді аудандағы ахуалды айтып.
Одан бөлек облыс көлемінде де жұмыстар жасалып жатыр. Атап айтар болсақ, жанар-жағармай қоры әзірленіп, қажетті инертті материалдар дайын тұр және 250-ге жуық техника мен үш тікұшақ сақадай сай. Ауданның, одан қала берді облыста да төтенше жағдайдың алдын алу үшін көптеген жұмыстар жасалуда. ОЖД және Азаматтық қорғау басқармасының бөлім басшысы Бектұрған Масатов:
- Биылғы жылы су тасқынына байланысты облыс бойынша 1596 шақырымдай бөгет тұрғызылған болатын. Қазіргі уақытта сол бөгеттерді нығайту жұмыстары жоспарланып, жалғасын таба береді,-деді өз сұхбатында.
30 жылдан кейін бір толқыған Жем енді арнасынан асып, аудан халқына қауіп төндірмейді деген сенім көбірек. Себебі, құзырлы мекемелер жоспардағы жұмыстарды ойдағыдай атқарар болса, алапаттың да ауылы алыс болары сөзсіз. Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығы дерлік көктем мезгіліне дейін бітеді деп күтілуде. Жаздың қамын қыста ойлағандар көктемде опық жемесі анық. Сондықтан, аудан тұрғындарына да алаңдауға негіз жоқ деп айтудан аулақпыз. Дегенмен, мамандардың сөзіне сүйенсек, аталған түп тереңдету жұмыстары ойдағыдай өтер болса, қалаға қауіп төнбейді екен. Келер көктемді болжау қиын, әрине.
Дегенмен, былтыр тосыннан келген табиғи апаттан сабақ алған өңір көктемгі су тасқынына дайындықты ерте бастап кетті. Сол жұмыстардың бағасын қар еріп, Мұғалжардың ағынды тасқын суы арқырап келгенде беретін боламыз. Елден мереке, жерден береке кетпесін!
Е.Алтайұлы