Өткен аптада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әділ Жұбанов пен Дүйсенбай Тұрғанов ауданымызға ат басын бұрып, жылыойлықтардың тыныс-тіршілігімен танысты. Іссапар Атырау қаласынан 149 шақырым жерде басталып, Жем өзені мен Құрсай өзектерінің маңында жалғасын тапты. Кездесуде аудан әкімі Жұмабек Қаражанов, аудандық “Amanat” партиясы аудандық филиалының төрағасы Сайлаубай Таласов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Серік Керімқұловтар жол бастап, БАҚ өкілдері ақпарат таратты.
Алдымен, Атырау-Маңғыстау бағытындағы мемлекетаралық жолға тоқтаған депутаттар өткен жылы көктемгі тасқын су салдарынан зардап шеккен жол сапасына баса назар аударды. Олар жолдың 101-103 және 119-122 шақырымдарында орын алған табиғи апат салдарынан кейінгі жұмыс қарқынын көзбен көріп, мердігер мекеме жұмысшыларымен тас жолды жөндеу жөнінде біраз әңгімелесті. Тасқыннан кейін көлік жүргізушілері үшін айналма жол қарастырылса да, жолдың жөндеуді талап ететіндігі анық. Бұл жөнінде ««ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының өкілдері жөндеу жұмыстарының биыл жүзеге асатындығын жеткізді. Сондай-ақ, жол жамылғысын да жаңарту жоспарға алынып, диаметрі 1,5 метрді құрайтын қосымша су өткізгіш құбырлардың құрылысы қарастырылғанын да сөзге тиек етті. Нәтижелі іссапар барысында жалпы ұзындығы 12 шақырымды құрайтын кейбір жолдардың жөндеу жұмыстарын уақытылы орындамай, тіпті істі аяқсыз қалдырған мердігер мекемелерге айыппұл салынды. Және жөндеу жұмыстарын қадағалаған қызметкерлер де орнынан босатылды. Ал, жол мәселесімен толықтай танысқан Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов бұған дейін мердігер мекемеге су өткізгіш құбырдың орнына 2,5-тен 4 метрге дейін тюбингтерді орнатуды ұсынғанын айтып, алайда бұл істің ескерусіз қалғанын жеткізді. Десе де, жөндеу жұмыстарын жауапкершілігіне алған мекемелерге жұмыстың жылдам аяқталуын тапсырды. Одан әрі Жем өзені мен Құрсай өзектерінің түп тереңдету мәселесі мен жағалауды бекіту жұмыстарына арнайы барып танысқан депутаттар жұмыс қарқынының жақсы екендігін, алайда жұмысты белгіленген мерзімге дейін аяқтау керектігін жеткізді. Бұл тұста түп тереңдету жұмыстарының жалпы ұзындығы 95 шақырымды құрайтынын, оның ішінде Құрсай каналы – 46,1 шақырым, Жем өзені – 48,9 шақырым және бөгеттің 61 шақырым құрайтынын айта кетейік. Бүгінде Жем өзенінің 4 шақырымы, Құрсай каналының 31 шақырымы, яғни барлығы 35 шақырым түп тереңдету жұмысы атқарылған. Ал бөгет тұрғызу жұмысына 48 механикаландырылған экскаватор, 4 амфибия, 4 жер сорғыш снаряды, 10 бульдозер, 4 автотиегіш, 2 ауыр грейдер, 5 каток, 30 ауыр жүк көлігі, жалпы саны 107 арнайы техника жұмылдырылып, жұмыс маусым айына дейін аяқталады деп жоспарланған. Тереңдету жұмыстары аясындағы қызу талқыда Шоқпартоғай мен Тұрғызба ауылдарының тұрғындары да депутаттарға ұсыныс-пікірлерін айтып, қосымша шлюз бен бөгет салу бойынша көкейтесті сұрақтарын қойды. Және бұл мәселе алдағы уақытта жобалаушылар мен мердігер мекемелермен және аудан тұрғындарымен бірлесіп шешілетін болды.
Іссапардың келесі нүктесі «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында «Samruk-Kazynа Construction» АҚ 2023-2025 жылдар аралығында 16 мыңға жуық оқушыға арналған білім ордасының құрылысында жалғасты. Өздеріңіз білетіндей, бұл мектептің құрылысы баяу. Мұны мердігер мекеме өткен жылғы су тасқыны және төтенше жағдайдың енгізілуімен түсіндіреді. Ал Дүйсенбай Тұрғанов бұл мәселені мердігердің сапасыз жұмыс жасауы деп біледі. Және өз сөзінде құрылыстың бақылауын күшейтіп, жұмысты жеделдету керектігін де жеткізді. Кейіннен депутаттар су тасқынынан кейін бой көтерген 100 үйдің құрылысымен танысуға ауданымызда шағын қалашыққа айналған «Болашақ» ықшам ауданына бет бұрды. Алдымен ықшам ауданның бүгінгі хал-жағдайымен және үйлердің сыртқы құрылысымен танысқан олар үйдің ішкі жағдайын көру мақсатында Наргиза Есболова атты тұрғынның шаңырағына кіріп, тұрғынның үй сапасына деген ойын білді. Ал мектеп, балабақша мәселелері бойынша сұрақ қойған Дүйсенбай Тұрғановқа аудан әкімі Жұмабек Қаражанов келешекте бұл ықшам ауданға «Binom» мектебін салуды жоспарлап отырғандығын, ал балабақшаның мектептен кейін салынатынын жеткізді. Сондай-ақ ол өз сөзінде:
- «Samruk-Kazynа Construction» АҚ мердігер мекемесі спорт мектебін салуға ұсыныс тастады. Оларға жер рәсімдеп бердік. Ал қазіргі құрылысы жүріп жатқан балалардың спорттық алаңдары демеушілікпен салынып жатыр. Бұрын «Болашақта» мектеп болды. Ол «Қазақ-Түрік» лицейі болып ашылып, кейіннен білім ордасы аудан орталығына көшті. Себебі мектеп күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етті. Алда облыс басшысының тапсырысымен мектеп салуды қолға аламыз. Өздеріңіз білетіндей, кез келген құрылыстың межелі уақыты болады. Мысалы, мектеп құрылысы 1 жыл 8 ай немесе 2 жыл болуы мүмкін. Спорт кешендерінің құрылысы 1 жыл болуы мүмкін. Сол үшін биыл мектеп құрылысы басталса, келесі жылға қарай аяқталып қалады деп ойлаймын. Ол енді жобалық-сметалық құжаттардың аяқталуына байланысты болып тұр. Биыл басты мақсатымыз – алдағы көктемгі су тасқынының алдын алу. Ал тұрғын үйлерге келетін болсақ, 100 баспана 2024 жылдың қыркүйек айында табысталды. Алғашында 80 тұрғын үй дайын болды, оны облыс басшысы келіп өзі табыстады. Кейін 1 ай көлемінде қалған 20 үйді аяқтап, табыстадық. Бүгінгі таңда барлық үйдің кілті табысталды. Әр адам өз қалауы бойынша қосымша жөндеу жұмыстарын жасады. Өздеріңіз көріп отырғандай, жаңа ғана бір баспанаға барып шықтық.Үй иелері мәз, жаңа баспанаға көңілдері толады. Ал кемшілік болған жағдайда құрылысты жасаған мердігер мекеме өздері қайта жөндеп береді. Себебі үйдің 1 жылдық кепілдемесі бар,-дейді толыққанды жауабын беріп.
Бұл тұста депутат балалардың жақын жерден білім алуына және спортпен шұғылдануы үшін әкімдікке бұл мәселелерді жеделдетуді ұсынды. Жылыойлықтар үшін ұмытылмас табиғи апаттан кейін 2,5 мың үй ресми түрде су астында қалғаны рас. Бүгінде көп отбасылар тиісті өтемақысын алып, кейбіреуі баспаналы болса да үй мәселесі толық шешілді деп айту қиын. Себебі депутатқа шеше алмай жүрген баспана мәселесімен келген тұрғындар да табылды. Оларды аудан әкімі жеке қабылдап, құжаттарын қайта қарауға шақырды. Мәжілісмендер өздерімен кездескен ел-жұртқа ризашылығын білдіріп, сенім артып, ұсыныс-тілектерін жеткізген жылыойлықтарға алғысын айтты.
- Бүгін жылыойлықтармен кездесіп, көктемгі маусымға дайындық жұмыстарын, атап айтқанда Жем өзені мен Құрсай өзектерінің түбін тереңдету жұмыстарымен таныстық. Жоба аясында жергілікті жердің географиясын жатқа білетін, көнекөз қариялар мен ауылдың белсенді азаматтарының ұсыныстары ескеріледі. Осы мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстар – әрдайым біздің назарымызда. Құлсарыға келген сайын жергілікті тұрғындармен мүмкіндігімше кездесуге тырысамын. Ал бүгін жоспарланған нысандардан бөлек, бірнеше қабылдау өткіздім. Құлсарылықтардың сұрақтары көп және олардың басым бөлігі су тасқынына қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға байланысты. Сондай-ақ, жылыойлықтар атқарылып жатқан жұмыстарға бақылау қажет екеніне сенімді. Мен де олармен келісемін. Бүгін біз талқылаған тағы бір мәселе – мал суаратын орындар. Тұрғындар өзен арнасын кеңейту кезінде мұндай орындар қарастырылуы керек деп есептейді. Мысалы, ақсақал Жәрдемхан Әбдуаитов мал шаруашылығымен айналысады. Сондықтан, ол темір жолдан мал өтетін жердің жабылуына алаңдаулы. Тұрғызба ауылының тұрғындары да канал арқылы мал өткізетін көпір салуға көмек сұрайды. Бұл мәселелердің барлығын мұқият зерттеп, Атырау облысының басшылығымен бірлесе отырып, оңтайлы шешім іздейтін боламыз,-деді өз сөзінде.
Түйіні тарқатылған мәселелер жетерлік, дегенмен шешілмеген проблемалар да бар. Ауданымызға келген депутаттардың да басты мақсаты атқарылып жатқан жұмыстардың барысын қарап, бұқараның мұң-мұқтажын мінбелерде көтеру. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» дегендей, билік бұқараның бұйымтайын орындай алса, мәселелер де азаймақ.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ