Төрт бірдей офицердің анасы

Наурыз айындағы мереке күндері аудандық полиция бөлімінде қызмет ететін бір топ қызметкердің анасы «Офицердің анасы» медалімен марапатталды. Еске сала кетейік, бұл марапатты облыстық полиция департаменті тағайындаған және алғашқы легі 1 Наурыз – Алғыс айту күнінде табысталған болатын.

Бұл жолғы медаль алғандар арасында Сәнім Кенесариева да бар. 1940 жылы туылған «Алтын алқалы» ана жолдасы Дүйсенғали Кенжековпен бірге сегіз бала тәрбиелеп өсірсе, олардың төртеуі ішкі істер органында қызмет атқарған.
Айталық, тұла-бойы тұңғышы Рүстем Кенжеков полиция органында әртүрлі қызметтер атқарып, капитан шенінде зейнеткерлікке қалды. Кенже ұлы Азамат болса полиция майоры, қазіргі таңда аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметінде аға инспектор болып қызмет атқарады.

Сәнім ананың қыздары да офицер. Үлкен қызы Ақмарал Дүйсенғалиқызы еңбек жолын бұрынғы Ембі аудандық ішкі істер бөлімінде сержант болып бастады. Қызметін облыстық ішкі істер департаментінде жалғастырып, басқарма бастығы лауазымына дейін көтерілді. Полковник шенінде зейнеткерлікке қалған. Ал ортаншы қызы Анаргүл де апасының жолын қуып, осы салада табан аудармастан 27 жыл еселі еңбек етіп келеді. Қазір - аудандық полиция бөлімінің кадр саясаты тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі.

Аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Құттыбай Садықов көпбалалы ана Сәнім апа мен офицерлер – Жахан Нариков, Азамат Қаламбаев, Інжу Қалиева, Қайрат Сатыбалдиев, Динара Бектаева сынды өзге де қызметкерлердің аналарына «Офицердің анасы» медалін салтанатты жағдайда табыс етті. Ел тыныштығын күзететін осындай өжет те батыл ұл-қыз тәрбиелеген барша аналарға полиция департаменті атанынан алғыс айтып, құттықтау-хатпен марапаттады.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT