Топыраққа екінші өмір сыйлаған

Қарт Ембінің қара шаңырағы саналатын бүгінгі «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы қара алтын өндіруді мақсат тұтып қана қоймай, қоршаған ортаның тазалығына да баса мән беріп келеді.

Соның айғағындай, мұнайшылар 2008 жылы мұнай төгілген топырақты микробиологиялық әдіспен тазалайтын арнайы финдық қондырғы сатып алған-ды.

Тереңөзек кенішінде орналасқан бұл заманауи шағын зауыт 10 жылдың ішінде басқарманың мұнай-газ өндіру цехтарындағы экологиялық мәселені шешуге оң ықпал етті. Аталған микробиотехнологияның арқасында қара маймен ластанған топырақ қабаты толықтай тазаланып, құнары қалпына келтірілді. Мұндай тәсілге басқарма экологтары қалай қол жеткізді?

-2006 жылы «Таза су» деп аталатын мекеме мамандарымен келісімге келдік. Оларға сынақ ретінде Қосшағыл, Тереңөзек кен орындарындағы мұнай төгілген жерлерді микробиологияның әдісімен тазалатып көріп едік. Кәнігі мамандар жаңа технологиямен топырақты сол жерде өңдеп, май қалдықтарынан ада етті. Бастапқыда біз сенімсіздік білдіргеніміз рас. Бірақ арада бір-екі жыл өтер-өтпесте әлгі топыраққа шөп шыға бастағанда қайран қалдық. Міне, содан бастап мұнай төгілген жер телімін микробиологиялық тұрғыдан өңдеп, тазалайтын осы тәсілге көше бастадық. Бұл механикалық тәсілден әлдеқайда тиімді. Сөйтіп он жыл бұрын Финляндия мемлекетінен шығарылған осы қондырғыны орнатқан едік,-дейді сол кезде экологтарға басшылық еткен басқарманың еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Қайрат Құлбалиев.

Қ.Құлбалиев айтқандай, жалпы мұнай өндірісінде бүлінген жерді тазалаудың механикалық және микробиологиялық әдісі бар. Алғашқысы көп шығынды талап етеді. Соңғысында қара алтын төгілген топырақты ешқайда алып кетпейді. Ол орысша айтқанда, әр кен орнындағы «шламонакопительде» сақталып, кейін құрамындағы мұнайды финдік қондырғының күшімен жойып, оған екінші өмір сыйлайды. Соның арқасында аудан мұнайшылары қосымша ауыртпалықтан да арылды. Жаңа қондырғының арқасында ескі кен орындарындағы өткен ғасырдан бері қара майға бөгіп жатқан жерлер де тазартылды. Осылайша басқарма мамандары жыл сайын аяққа оралғы болған экологиялық мәселенің шешімін тапты.

Бірақ, бөлім басшысының айтуынша, күні бүгін аталған финдік қондырғы жұмысы уақытша тоқтап тұр. Он жыл ішінде өз мақсатын орындап, өзін-өзі ақтаған жабдық өндірістік қауіпсіздік үшін кідіртілуде екен. Қазіргі таңда оны әрмен қарай қолдану үшін оңтайландыру немесе жаңасына ауыстыру жөнінде финляндиялық компаниямен келісім жүргізілуде. Ал оған дейін топыраққа төгілген мұнай қалдықтары «шламонакопительде» сақталады.

Е.ҚОШАҚАНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521