Топтасқан төбелестің түп-төркіні...

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың көбеюі аудандағы криминалдық ахуалды күрделендіріп жіберді. Сондықтан бұл мәселеге жедел түрде аудан прокурорының мықтап араласуына тура келді. Әрине, бұл заңдылықты қадағалау органы бұған дейін қол қусырып қарап отыр деген сөз емес. Заң талаптары шеңберінде тиісті іс-шараларды қолға алу үстінде. Десек те, «Жабыла көтерген жүк жеңіл» дегенді бетке ұстап, прокуратура өзі бастама көтеріп, ведомствоаралық мәжілісте мәселенің түпкі түйінін шешудің жолдарын қарастырды.

Онда, негізінен, «Жылыой ауданы аумағындағы криминалдық ахуалдың жай-күйі және қылмыстық құқық бұзушылық профилактикасы туралы» мәселе қаралды. Мәжіліске аудан прокуроры Асхат Қасымов, аудандық полиция бөлімінің басшысы Ринат Ықыласов, аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы Гүлнафис Айшуақова, прокуратура, полиция қызметкерлері, комиссия мүшелері, мектеп пен колледж директорлары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жасөспірімдер арасында орын алған құқық бұзушылық хақында хабарлама жасаған аудандық прокуратураның прокуроры Сұңғат Орынбасардың келтірген мәліметінен-ақ бұл бағыттағы криминалдық ахуалдың шынымен де ушығып тұрғаны байқалды. Оның үстіне, қала көшелеріндегі бейнебақылау камераларынан алынған бұзақылық көріністері жаға ұстатарлық. Сондай жүгенсіздіктің кесірінен жасөспірімдер арасында өлім деректері тіркеліп отыр.

Бірақ тергеу іс-шараларынан кейін бір жасөспірім ғана қамауға алынып, қалған құқық бұзушылық жасаған балалар бостандықта жүргені анықталды. Сол күнгі мәжіліске олардың ата-аналары да шақыртылған-ды. Олар көпшілік алдында аудан прокурорының қойған сауалдарына түрегеп тұрып жауап беруіне тура келді. Асхат Хабиболлаұлы бұл мәселеге орай полиция бөлімінің бірқатар басшы мамандарын да сынға алды. Өйткені құқық бұзушылық жасаған кейбір жасөспірімдер полиция бөлімінің есебіне де алынбаған.

-Жақында Жоғарғы соттың арнайы Қаулысы шықты. Соған сәйкес, бір адам ғана қамауға алынып, қалған топ мүшелерінің жауапкершіліктен сытылып кетуіне жол берілмейді. Өйткені, жасөспірімдер жәбірленушіге жапа шектірерде өзара сөз байласып, төбелесуге бірге барды емес пе?! Ендеше, қалған бұзақы балалар құтылып, бір адам кінәлі ретінде өзгелер үшін неге сотталып кетуі тиіс. Мұндай көзжұмбайлықты тоқтату керек. Өйткені, бүгін бір рет жауаптан сытылған жасөспірім ертең қайта қылмыс жасайды. Криминалдық ахуалдың ушығуына осындай олқылықтар себеп болуда. Сол себепті Жоғарғы сот Қаулысын ауданда тәжірибеге енгіземіз. Бұдан былай бірде-бір жасөспірім мен оның ата-аналары жауапкершіліктен құтылмайтын болады,-деді аудан прокуроры Асхат Қасымов.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған мәжілісте аудан әкімінің орынбасары Г.Айшуақова, полиция бөлімінің басшысы Р.Ықыласов, колледж директоры Мәдина Әбдіғалиева, мектеп директорлары атынан Сымбат Қабдрахманова және басқалар аталған мәселеге байланысты өз ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын алға тартты.

Қаралған мәселелер бойынша құзырлы органдарға нақты тапсырмалар берілді.

Өз тілшімізден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT