Тасжол төселмеген көше тұрғындарының жағдайы не болмақ?

Жол

Жылыой ауданындағы кейбір ықшамаудандарда күні бүгінге дейін тасжол жоқ. Мұнайлы қаланың мұңы- жер астындағы қара алтын байлығының жер үстінде де болмағаны ғана. Жол салуға қаржы жетпей ме, әлде басқадай себебі бар ма?

Сондай жолсыз көшенің бейнетін көрген тұрғындардың бір қатары қаладағы «СМП-615» ықшамауданындағы №292 Абылайхан көшесінде тұрады.Олар осы мәселені көтеріп құзырлы органдарға әлі күнге дейін шағымданып келеді. Жаңбырлы күні батпаққа айналған көшелерінің бойымен «Жедел жәрдем» де, такси де келе алмайды. Мұндағы тұрғындар бір жағы сол үшін де наразы. Тұрғындардың айтуынша, бұл көшеде 15 жылдан бері жол қиындығы жалғасып келе жатырған тәрізді.

Бұрын қара алтын құны қарыштап тұрғанда қарық қыла алмаған бұл көшенің күйі, мұнай бағасы құлдыраған қазіргі заманда мүлдем мүшкіл халге түспей ме ден қауіптенеді?!Көптеген жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан жол мәселесінің жөндеу жұмыстары енді қай жылға қалғаны белгісіз. Арыз жазып, шағым түсіре бергеннен шаршаған халықтың ендігі жайы не болмақ?

— Біздер Абылайхан көшесінің тұрғындары осы жерге әкімшіліктен жер алып көшіп келе бастағалы 14 жылға жуықтады. 2006 жылдан бері осы жол қиындығын көріп жатырмыз. Бұл жер жаңбыр жауса жер мидай батпақ балшыққа айналады. Соның кесірінен, кейбір көше тұрғынының өз үйлеріне кіріп-шығуы мүмкін емес. Ауыратын үлкен кісілер, жүрегі ауыратын науқас жандар бар, олар үшін шақыртқан «Жедел жәрдем» көлігінің қызметкерлері жаяу келмесе кіріп-шыға алмайды.Балаларымыздың сабаққа баруы да өте қиын,- дейді «СМП-615» тұрғындары.

Тұрғындар жергілікті әкімдікке, соның ішінде тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөліміне 2006 жылдан арыз жазып, жолдың қиындығын жалықпай айтып келе жатқанын, алайда ешқандай нәтиже шықпағанын жеткізді.

Бұл көшеге мектеп бен балабақша жақын болғанымен, соған жетудің өзі мұң.Жаяу жүргіншілер күз бен қыс, көктем мезгілдерінде толарсақтан қалың қар мен саз балшық кешіп жүре алмайды.Жауын-шашын күндері көшелерде көлікпен жүрудің өзі мүмкін емес. Сондықтан мұндағы тұрғындар Құлсарының өзге ықшамаудан халқы секілді жол рахатын қашан көрер екенбіз деп күтіп жүр.

Айдана Жұмабергенова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521