Құлсары қаласының Махамбет даңғылының бойындағы қосқабатты 8 үй мен Қабдешов көшесіндегі төртқабатты бір үй, жалпы есеппен көпқабатты 9 үй бұзылып, сүріліп жатыр. Өткен ғасырдың екінші жартысында салынған бұл тұрғын үйлер былтырғы жылғы көктемгі тасқын су астында қалып, зардап шеккен еді. Нәтижесінде оларға техникалық-зерделеу жұмыстары жүргізіліп, баспаналар апатты деп танылған-ды.
Бүгінде баспаналарды бұзып, сүріп тастау жұмыстарына бір экскаватор, 4 «самосвал» мен бір «погрузчик» бөлінген. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы Бауыржан Жанафияұлының айтуынша, жұмыстар жүйелі жүріп жатыр.
-Қазіргі таңда бұзу жұмыстары үшін жоба жасақталып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сүріліп, орыны тегістелген көпқабатты тұрғын үйлердің орнына қандай нысанның құрылысы жүретіндігі белгісіз. Әрине, Құлсары қаласының бекітілген бас жоспарына сәйкес атқарылатын жұмыстар көп. Алайда ол жерді әбден босатып, мемлекет меншігіне қайтармай ешқандай жоба жасақталмайды,-дейді маман бұл мәселе төңірегінде.
Ал апатты деп танылған көпқабатты тұрғын үй иелері Құлсары қаласының «Болашақ» ықшам ауданынан салынған жаңа үйлер мен Атырау қаласында орналасқан жаңа көпқабатты тұрғын үйлерге көшірілді. Оларға коммерциялық нысандарды бағалау жұмысының қорытындысына сәйкес тұрғын үйдің нарықтық құны ұсынылған.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ