«AMANAT» партиясы «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бастауыш партия ұйымының мүшелері белсенділер мен мұнайшы-ардагерлермен бірлесіп, «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында 2022-2023 жылдары қоғамдық қабылдауға келген 4 отбасының мәселесі оң шешіп, оларды тұрғын үймен қамтамасыз етті. Олар Құлсары қаласының 3 және 5-ықшамауданынан және Қосшағыл ауылынан баспаналы болды. Бұл жөнінде «AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы «Жылыоймұнайгаз» бастауыш партия ұйымының кезекті жиналысында есеп берген бюро мүшесі Талғат Майлыбаев мәлім етті. Жиынға партия төрайымы Шынаргүл Темірбаева, партия мүшелері қатысты.
Күн тәртібінде «AMANAT» партиясы «Жылыоймұнайгаз» бастауыш партия ұйымы бюросының 2022-2023 жылдардағы атқарған жұмыстарының есебі және алдағы кезеңге арналған міндеттері, бастауыш партия ұйымының бюро құрамы мен аудандық партия филиалының кезекті XLI есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайлау туралы мәселелер қаралды.
Жиында «Жылыоймұнайгаз» бастауыш партия ұйымы бюросының мүшесі Талғат Майлыбаев 2022-2023 жылдардағы атқарылған жұмыстар бойынша қысқаша есеп берді. Сөз алған “AMANAT” партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шынаргүл Темірбаева партияның атқарған жұмыстарына тоқталып өтіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
-Жалпы «AMANAT» партиясы аудандық филиалында 2022-2023 жылдар бойынша барлығы 17-партиялық отырыстар мен қоғамдық қабылдау өткен. Соның ішінде 3 саяси кеңес бюросы мен 8 бастауыш партия ұйымының отырысы, 6 қоғамдық қабылдау өтті. Осы күнге дейін жиындарда 25 мәселе қаралып, ұсыныстар мен шешімдер қанағаттандырылды.
Сондай-ақ, жеке қабылдау кезінде келіп түскен өтініштер «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы №221 заңымен белгіленген өтініштерді қарау мерзімі мен тәртібіне сәйкес қаралды,-деді Ш.Темірбаева.
-«Бақытты отбасы» партиялық жобасы және «Мектепке жол» акциясы аясында 2022 жылы «Арманы биік-жас талант» тақырыбында байқау ұйымдастырылды. Биылғы жылғы 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бала-біздің болашағымыз» атты концерттік бағдарлама өтті. Аудандық “AMANAT” партиясы филиалының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасы аясында 2021-2025 жылдарға арналған 104 іс-шарасы жоспарланған еді. 2021-2022 жылғы «Жол картасындағы» тиісінше 88 және 91 шара толық 100 пайыз орындалды. 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламада 39 іс-шара жоспарда тұр. Қазіргі таңда жастарды қолдау саясаты мен «Мектепке жол» акциясы жүріп жатыр. Үстіміздегі жылдың 14-30 тамыз аралығында 40 оқушыға оқу-құралдарын алып беру жоспарымызда бар. Бұл акция әлеуметтік осал топқа жататын отбасындағы балаларға берілетін болады, - деді “AMANAT” партиясының атқарушы хатшысы.
Жиынға қатысушылар өз сауалдарын қойып, ұсыныстарын да ортаға тастады. Солардың бірі - аудандық мәслихат депутаты Бекет Құлбаев. Ол мекеме жанындағы «Мұнайшылар» саябағын халық игілігіне пайадалануға беру керектігін айтты. Өйткені, қазіргі таңда ауданымызда жастардың бос уақытында баратын нысандар жоқтың қасы. Сондықтан, осы саябақты көпшілікке қол жетімді етіп ашып, кешкі уақытта тұрғындар келіп демалатындай жағдай жасалса деген ұсынысымен бөлісті. Осыған орай «Жылыоймұнайгаз» бастауыш партия ұйымы бюросының мүшесі Талғат Майлыбаев жауапберіп, бұл мәселе алдағы уақытта ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
Айнұр Сүлейменова