ТӘЛКЕККЕ ТҮСКЕН ТАҒДЫРЛАР

Ажырасқан ана мен әкенің ортасында қалып, көзі жәудіреген 16 жастағы жасөспірім Ж. секілді талай баланың тағдыры қоғамда тәлкекке түсіп жатыр. Сондайда мейірімін сезініп, ақылын тыңдайын десе не жанында анасы, не қорған болар әкесі табыла қоймайтын қаракөз қыздарымыздың болашағы не болады деп алаңдайсың. Ұл-қыздарын талай қилы кезеңде өзі-ақ әке орнына әке, шеше орнына шеше болып, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» бағып-қағып өсірген бұрынғы аналардың жұрнағы жойылып бара ма?!

БЕЗБҮЙРЕК АНА, ТАСЖҮРЕК ӘКЕ

Керісінше, «іштен шыққан шұбар жыланын» күйеуінен ажырасқан соң сыртына да сыйғызбай, әкесіне «өзің бақ» деп оп-оңай тастап жүре беретін безбүйрек қатыгез әйелдер көбейді. Ондай кезде жауапкершілікті мойнына ала қоятын әке де табыла қоймайды ғой. Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың төрағалық етуімен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында осы мәселе өзекті тақырып ретінде көтеріліп, комиссия мүшелерінің жүрегін ауыртып, жанын жабырқатты. Ж. есімді кәмелеттік жасқа толмаған қыз бала беймезгіл уақытта көшеде көп жүретінді шығарды. Ол тіпті аудандық полиция бөлімінің 102 арнасына телефон шалып, өзіне көмек керек екенін айтып, шағымданған. Тәртіп сақшылары қыздан түсініктеме алу барысында оның әкесімен және оның екінші жұбайы, яғни өгей анасымен бірге тұрып жатқандығы белгілі болды. Бірақ қыз екінші «шешеден» үнемі дөрекілік пен кемсітуді байқайтынын, ал әкесі өзін ешқашан қолдамайтынын жеткізген. Сондықтан ол өзінің апалары, яғни, әкесінің қарындастарымен бірге тұрғысы келетінін айтқан. Олай болмаған жағдайда, ол үйден қашып кетуді әдетке айналдырмақшы. Ал кейіпкеріміздің туған анасы әкесінен ажырасқан соң қызды өзі тұратын Мұқыр ауылындағы мектеп-интернатына береді. Кейін екінші рет тұрмыс құрған соң оны «баға алмаймын» деп әкесіне тапсырып кеткен. Әрине, кәмелеттік жасқа толмаған бала тек атаанасының ғана жанында болуы керек екені белгілі. Оның басқа үйде жүріп-тұруы заңға да қайшы. Соны түсіндіргісі келген комиссия мүшелері комиссия отырысына Ж. мен оның әкесін шақыртты. Тым жақсы өрімдей қыз сол күні мектепке де бармаған. Білім ордасындағы психолог оқушының бойынан агрессиялық мінез-құлықты байқайтынын, үнемі жалғызсырап жүретінін айтады. Төраға Г.Айшуақова Ж-ның өзінен мәселенің мән-жайын сұрағанда көзіне мөлтілдеп жас келген кіп-кішкентай ғана қыз:

-Мен әкемнің екінші әйелімен тұрғым келмейді. Өз балаларынан мені алалайды. Тек қана бала бағамын да отырамын,-деді ренжіп.

Комиссия мүшелерінің «Енді кіммен тұрғың келеді?» деген сауалына «Мен әкеммен де, анаммен де бірге тұрғым келеді. Одан қашпаймын. Бірақ екеуінің де екінші жұбайлары маған мүлдем ұнамайды» деді көз жасына ерік беріп. Тағдыры тәлкекке түскен қыз баланың өзімен жеке сөйлесуді ұйғарған Г.Айшуақова бұл мәселенің шешімін кейінгі отырысқа қалдырды. Комиссия отырысындағы екінші мәселеге 12 жастағы балалардың үйінен қашып кету оқиғасы түрткі болды. Б. есімді ұл досымен түскі уақытта сыртқа ойнауға шығып кетіп, содан үйіне оралмаған. Ойын баласын күні бойы таба алмаған анасы амалсыздан полиция бөлімінің 102 арнасына қоңырау шалып, көмек сұрайды. Жедел іздестіру кезінде екі бала Шоқпартоғай ауылынан табылады. Сөйтсе Б-ның жанындағы досы сол ауылдың тұрғыны болып шыққан. Оның әкесі вахталық ауысыммен жұмыс жасайды екен. Сондықтан, баласын Құлсары қаласындағы ағайынының үйіне тастап кететін көрінеді. Бір-бірімен достасып жүрген екеуі көпқабатты ықшамаудандағы үйлердің жанында ойнап жүргенде белгісіз үлкен кісі келіп:

«Менің көлігімнен зат ұрладыңдар ма?» деп тап береді. Екеуі қорыққанынан алды-артына қарамай қашып, Б. қасындағы досының ауылынан бір-ақ шыққан. Қолында не ұялы телефоны жоқ, «тығылуға ыңғайлы» деп барған үйлерінде не ересек адам да жоқ. Сондықтан екеуі ешкімге хабар бере алмай, амалсыздан шарбақта түнеуге бел буады. Кейін анықталғанындай, балалардың денсаулығына ешқандай зиян келмеген. Ешкімнің бөтен мүлкіне тиіспей, өз-өздерімен ойнап жүрген балалардың бұл қылығы тек «бала, баланың ісі шала» дегенге келеді. Бірақ Б-ның жанындағы досының әкесіне кәмелеттік жасқа толмаған баласын қараусыз қалдырғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Ал балаларға мұндай кезде тек ата-ананың ғана көмегіне жүгіну керектігі түсіндірілді.

«BOXING»-ТЕН АҚША ҰРЛАЙЫҚ..»

Иә, дәл сондай оймен таңғы сағат 05.00 шамасында үйден шығып кеткен өрімдей балалардың басы дауға қалды. Оқиға шіліңгір шілде айында орын алған еді. 2009-2010 жылғы кәмелеттік жасқа толмаған үш ұл өзара келісіп, Махамбет даңғылы бойындағы сауда үйінің алдында орналасқан «Boxing» аппаратын сындырып, ішіндегі 20 мың теңгені жымқырады. Таңғы уақытта, тұрғындардың тәтті ұйқыда жатқандығын пайдаланған балалар ұрлықты ешкім көрмейді деп ойласа керек. Бірақ қаланың әр жеріне қойылған камералардың бірі қылмысты сол бойда әшкерелеуге көмектесті. Сөйтіп, үйлеріне оралып, түк болмағандай ұйқыға кеткен «бұзықтарды» ертесі күні-ақ полиция бөлімінің мамандары лезде ұстап, «күдікті немесе айыпталушы» ретінде жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының профилактикалық есебіне алды. «Boxing» аппаратының иесіне 20 мың теңге ақшасы қайтарылып, сондай-ақ сынған ойын қондырғысының шығыны толықтай өтелген.

Бұдан басқа ҚР Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған, яғни, заң тілімен айтқанда «тұрғын, қызметтік немесе өндірістік үйжайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кірумен қасақана жекеменшікке қарсы ауыр санаттағы ұрлық жасағаны» үшін іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізді. Осылайша «Boxing» аппаратындағы аз ғана ақша үшін басы дауға қалған балаларға комиссия отырысында төраға Г.Айшуақова мен комиссия мүшелері мұндай құқық бұзушылықтың соңы тиісті жазаға әкеп соқтыратынын түсіндіріп бақты. Ал, беймезгіл уақытта балаларын қараусыз қалдырған ата-аналарына ескерту жасады. Не болса да, олар үшін шығарылатын шешімнің қандай болмағы алдағы сот процесінде белгілі болады. Мұндай оқиғада «Ұрлық түбі – қорлық» деген сөздің бекер айтылмағанын, арты жақсылыққа апармайтынын, егер ұрлық жасаса, ісі міндетті түрде әшкереленетінін ел ертеңі – балаларымыз түсінгені абзал.

ҚАРЫНЫ АШЫП ПӘТЕР ТОНАҒАН

«Виво» ұялы телефонын алып кеткен құқық бұзушылықтың артында – кішкентай бала емес, жасы 17-ден асқан бозбала жігіт тұр. Оқиға жаз айында бір ауылдық округте орын алды. Сол ауылдың тұрғыны полиция бөлімінің 102 арнасына телефон шалып, өзіне көмек керек екенін хабарлаған. Жедел-тергеу тобымен тексеру кезінде оның пәтеріне белгісіз адам заңсыз кіріп, жасырын түрде 80 мың теңге мен ұялы телефонды ұрлап кеткен. Аталған дерек дереу тіркеліп, ҚР Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Тергептексеру кезінде сол ауылдың 2007 жылғы тұрғыны ұсталды. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, ол қарыны ашып, түскі ас ішкісі келіп, тамақ табудың жолдарын іздестіре бастаған. Содан көршісінің Ақтөбе қаласына жолға шыққаны есіне түсіп, қуанып кетеді. Ойлаған пиғылын іске асырғысы келіп, сол үйіне қарай жол тартады. Пәтерде ешкімнің жоқтығына көз жеткізген ол құлыптаулы есікті бұзбай, пластик терезесін жылжыту арқылы ішке кіреді. Алдымен, шұрылдаған асқазанына ел қондыру үшін ас бөлмеде тұрған 4 дана жұмыртқаны алып, терезенің жанына қойып қояды. Одан әрі өзінің жасаған құқық бұзушылық әрекетін аз көріп, үйдің бөлмелерін аралай бастайды.

«Алтын көрген жолдан таяды» демекші, ыдыс-аяқтарға арналған шкафтың ішіндегі сары түсті ыдыста тұрған ұялы телефонды ойланбастан қалтасына басады. Әрі қарай қарама-қарсы құлыптаулы бөлменің іші мұны қызықтырмай қоймайды. Сөйтіп есіктің құлпын күштеп бұзып ішіне енеді. Киім-кешек тұрған шкафтың ішін ақтарып, ақыры «Тассай» пластикалық құтыға жиналған тиындары бар «копилканы» тауып алады. Ішіндегі 80 мың теңге ақшаны пакетке салып алып, телефон мен 4 жұмыртқасын алып, үйден шығып, тайып тұрады. Осылайша ол үй есіне 150 мың теңге материалдық шығын келтірген. Қазіргі уақытта күдікті деп танылған кәмелет жасқа толмаған бала жәбірленушінің шығынын толықтай өндіріп берген. Бірақ ауыр санаттағы ұрлық жасағаны үшін ол заң алдында бәрібір жауапкершілікке тартылады. Сондықтан сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ ол ювеналды полиция тобының профилактикалық есебіне алынды.

ЖАУАПСЫЗ АТА-АНА, ҚАРАУСЫЗ БАЛА...

Комиссия отырысында көтерілген келесі мәселе қоғамның дертіне айналғалы қашан?! Өмірге сәби әкеліп, бірақ оның өміріне бейжай қарайтын жауапсыз «ата-анадан» қалған қаншама қараусыз бала тәрбиесіз өсіп жатыр. Сондай ауыр тағдыр аудандағы 4 және 5 жастағы бүлдіршіндердің де маңдайына жазылған екен. Аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің ювеналды полиция тобына 1997 жылғы азамат Қ. келіп, С. есімді келіншек екеуінен ортақ некеден екі бала бар екенін, бірақ ажырасқан соң әйелі балаларды Қ.-ның өзіне тастап кеткенін айтты. Қазіргі таңда шағымданушы ер-азамат кішкентай балаларын өзі қарай алмай жүргенін және шешелерін таба алмай қалғанын жеткізген. Расында да бастапқыда балаларды келіншегі өз тәрбиесіне алған. Әкелері де оларды тек анасының рұқсатымен көріп тұрған. Кейін екі бүлдіршінді шешесі өзінің туған әпкесінің үйіне тастап кетеді. Сол жерден Қ. қос перзентін өз қамқорлығына алып, үлкенін ауылындағы мектепке оқыта бастайды. Осы уақытта шешелері қайта «пайда болып», балаларды Махамбет ауданынан бір-ақ шығарады. Онда да туған әпкесінің үйіне тастап кетіп, өзі Атырау қаласына кетіп қалған. Кейін су тасқынына байланысты төтенше жағдай орын алғанда балаларды Жаңа Қаратонға алып келеді. Осы жолы балаларын ұзақ уақытқа тастап, өзі Ақтау қаласына тайып тұрады. Сол кеткеннен мол кеткен безбүйрек ана олардың сағынып, іздегеніне де пысқырып қарамайды. Әлі күнге дейін қос ұлын көрмеген ол полиция бөліміне телефон арқылы берген жауабында «Балалар маған керек емес» деп қысқаша қайырған. Тіпті бөлімге келуден де бас тартып отыр. Ал әкелері вахталық ауысыммен жұмысқа кеткенде кішкентай бүлдіршіндер мүлдем қараусыз қалмақ. Балаларды нағашы апасы қашанғы қолхатпен бағып отырсын. Ақыры ол да шыдай алмай әкесіне әкеліп тастайды. Ал әкесі жоқ кезде қарайтын адам жоқ. Міне, осындай қиын жағдайға түскен балалардың тағдырына алаңдаған комиссия төрағасы Г.Айшуақова бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды. Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, жауапсыз «әке-шешені» атааналық құқығынан шектеп, қос перзентін балалар үйіне тапсыруға шешім қабылдады. Комиссия мүшелері де бұл шешімді бір кісідей қолдады.

«БАУЫРЛАРЫМДЫ ӨЗ ҚАМҚОРЛЫҒЫМА АЛҒЫМ КЕЛЕДІ»

1997 жылы туған азамат С. осындай өтінішпен көптің жүрегін елжіретті. Бұл туралы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Г.Таңатарованың кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасына жолдаған хатынан білдік. Онда №18 мектепте оқитын ата-аналары өмірден өткен 10 және 14 жастағы екі ағайынды баланы анасының бірінші жолдасынан туған баласы, яғни бір шешеден туған С. есімді ағасының балаларын өз қамқорлығына алғысы келетіні айтылған. Бірақ құжат жинақтау барысында С-ның тұрақты жұмыс орны мен мекен-жайының жоқтығы анықталған. Ондай жағдайда ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы №518-ІУ Кодексінің 122-бабына сәйкес қорғаншы немесе қамқоршы бола алмайды.

Осыған орай комиссия кәмелет жасқа толмаған жасөспірім балаларды ата-анасының қамқорлығынсыз қалуына орай облыстағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйіне орналастыруға шешім қабылдамақ. Бірақ «бауырларыма өзім-ақ қамқоршы боламын, оларды өсіп-өндіремін» деп отырған бауырмал ағасының тілегі жақын күндері орындалып қалуы әбден мүмкін дейді комиссия мүшелері. Ол үшін С. өз баспанасын алып, тұрақты жұмысқа тұрса болғаны. Кезкелген уақытта іні-қарындастарын өз қолына алуына мүмкіндік мол. «Бір кем дүние» деген осы-ау. Бірі өз туған баласынан бас тартса, бірі алыстағы бауырына қол жеткізе алмай әлек. Жалпы, жер бетінде қаншама адам сәбиге зар болып жүр. Қолдағы сау баладан құтылуға асыққан безбүйрек әйел мен көкек әкелердің әрекеті ашындырады.

П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT