Ауданымызда өткен жылы сәуірдегі су тасқынынан қатты зардап шеккен «Атырау» және «Автожолшылар» ықшамаудандары қоқыстан тазартылып жатыр. «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілігімен бастау алған іске 10 жүк түсіргіш (самосвал), 2 жүк тиегіш, 2 экскаватор мен 8 адам күші жұмылдырылған.
Қалалық әкім аппаратының бас маманы Азизхан Демесіновтің айтуы бойынша тазарту жұмыстары нәтижесінде «Атырау» ықшамауданы, Балуан Шолақ, Ғалымжан Қожағұлов көшелері қоқыс қалдықтарынан толықтай тазартылған. Ол өз сөзінде тұрғындарды тазартылған көшелерге қайта қоқыс тастау әкімшілік құқық бұзушылық болып саналатынын және бұл әрекет айыппұл салуға әкелетінін ескертіп, қала халқын тазалық сақтауға шақырды.
Қазіргі таңда 4-учаске, атап айтқанда, №20 мектептің маңы мен «Автожолшылар» ықшамауданындағы Әбілхан Қастеев, Нұрлы жол және 205, 204, 203-ші көшелерде тазалық жұмыстары жалғасып жатыр. Төрт күн ішінде 2723 м3 қоқыс шығарылды.
Аталған мәселе де аудан тұрғындарын біраз әбігерге салды десек те болады. Тасқын судың астында қалған шағын аудандарда құрылыс қалдықтары тым көбейіп кеткен болатын. Ол қаланың көркіне де кері әсерін тигізген еді. Бірақ, бүгінгі күні қаланы қоқыс қалдықтарынан толықтай тазарту үшін барлық жұмыстар жасалуда. Жақын арада түйткілдің де түйіні тарқатылады деген сенім мол.
Д.ЕЛЕУСІН