Түйткілді ой – түйінді ұсыныс

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, республикалық маңызы бар «Құлсары-Доссор» тас жолын жөндеу, «Ауыл аманаты» партиялық жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар! Міне, осы мәселелер өткен аптаның жұма күні Құлсары қаласындағы «Amanat» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында қызу талқыға түсті.

Бәсеке мен баға

Бұл проблемалар партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысында көтерілді. Оған аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов, аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев, партия филиалының төрағасы Сайлаубай Таласов, мәслихат депутаттары, ауылдық округ және кент әкімдері, аудандық әкімдіктің дербес бөлім басшылары қатысты. Өңір жұртшылығы үшін аса маңызды күн тәртібінде үш мәселе бойынша орнықты пікірлер мен нақты ұсыныстар айтылды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Н.Сармановтың баяндамасы тыңдалды. Онда азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жасалып жатқан іс-шаралар туралы сөз қозғалды. - Аудан көлемінде 159 азық-түлік дүкені бар. «Лидер - 1, 2», «Ярмарка», «Аружан» сынды халық көп баратын сауда орындарында тұрақтандыру қорының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары арнайы сөреге қойылады. Биыл осындай күнделікті тұтынатын арзан тамақ бағасын бақылау мақсатында аудан әкімдігінің бастамасымен төрт рет зерделеу жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл шараларға Атырау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің және осы сала мамандары, шағын және орта бизнес өкілдері қатысып, бірлесіп азық-түлік бағасын бақылады. Оны тұрақты түрде ұстап тұру мақсатында мониторинг жүргізілді,- деді ол.

Иә, аудандық мәслихат депутаттары да аудандық әкімдіктің кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімдерімен бірге азық-түлік бағаларын қадағалауға алған. Сонда байқалғаны: кей азық-түлік дүкендерінде өсірме бағамен сататын жеке кәсіпкерлер кездеседі. Ол аздай, сауда жасаған тұтынушыға түбіртек (чек) берілмейтін заң бұзушылықтар да орын алып жатады. Комиссия отырысында осы және басқа да мәселелер қозғалды. Олармен мониторингтік топ алдағы уақытта да түсіндірме жұмыстарын жүргізбек. Сонымен қатар, азық-түлік сақтайтын қойма салу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

«Жыр» болған «Құлсары-Доссор» тас жолы

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – республикалық маңызы бар «Құлсары-Доссор» бағытындағы тас жол болды.

Аудандық партиялық бақылау комиссиясының отырысына «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Серік Керімқұловтың өзі келіп қатысып, екі ауданды жалғап жатқан қос ірі елді мекен аралығындағы республикалық трассаның тас жолын жаңарту жұмыстарының жай-күйімен таныстырды. Партия фракциясындағы халық қалаулыларының көкейде жүрген көп сауалдарына жауап берді. Оның айтуынша, жол жөндеу жұмыстары биылғы жаздан қалмай аяқталуы тиіс. Бүгінде оны «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ның тапсырысымен «Бірлік Жол Строй» ЖШС мердігер мекеме ретінде қолға алды. Бұл туралы, әрине, газетіміздің өткен санында да жазған болатынбыз.

Комиссия отырысында бұдан басқа мәселелер де қозғалды. Соның бірі - осыған дейін көтеріліп келе жатқан төрт жолақты тас жол салу жайы. Өйткені осы бағыттағы трасса бойында жол апаты көп, қайғылы оқиғалар да аз емес. Рас, оны алдыңғы кезекте «Атырау-Доссор» аралығына төсеу көзделіп отыр. Осы аралықта «Құлсары-Мұқыр» тас жолы тезірек күрделі жөндеуден өткізілсе, жүк көліктерінің ағыны азаятыны анық. Бұл жұмыстарды «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның басшылығы да көпке созбай, тезірек аяқтауға мүдделі.

«Ауыл аманатына» қиянат жоқ

Комиссия отырысында қаралған үшінші мәселеге орай ауылдық округ әкімдері өздерінің атқарған жұмыстары жөнінде баяндады. Расында да «Ауыл аманаты» партиялық жобасының тиімді тұсы – халық кәсіпкерлікпен айналысу үшін қолжетімді пайызбен, яғни 2,5 %-бен несие ала алады. Бұл жоба – ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсарту, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қолға алынған маңызды бастама. Ауылдық округ және кент әкімдері кезекпен жобаның арқасында жеңілдетілген несиеге ие болған тұрғындар туралы деректер келтірді.

округ және кент әкімдерінің айтуынша, «Ауыл аманатына» Жаңа Қаратон кентінен 13 адам, Қара-Арна ауылдық округінен 5, Жемнен 8, Қосшағыл ауылынан 5, Ақкиізтоғайдан 6 және Майкөмген елді мекенінен 3 тұрғын несие алуға өтініш берген. Олардың көпшілігі өтініш бергендердің ішінде ет өнімін шығару (консерві), асыл тұқымды сиыр сатып алу, сүт және айран шығару, малдың салмағын арттыру үшін арнайы күтіммен және құнарлы азықпен азықтандыру (бордақылау), егін өнімдерін шығару және басқа да кәсіп көзін тауып, ісін ілгерілетуге талаптанып отыр. Иә, расында да «Ауыл аманаты» партиялық жобасы – ауылдағы еңбекқор жандарға үлкен мүмкіндік беретін бағдарлама. Әрбір ауыл әкімдігі бұл жобаның тиімді жүзеге асуына үлес қосып, жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға тырысуда. Осы тұрғыда аудандағы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры, аудандық мәслихат депутаты Е.Нұрланов жоба жайлы ақпарат беріп, оның ерекшеліктерін тағы бір еске салып өтті.

Партиялық бақылау комиссиясының отырысы аудан өміріндегі маңызды мәселелерді талқылауға арналған алаңға айналды. Әрбір көтерілген проблемалар бойынша түйткілді ой мен түйінді ұсыныстар айтылып, нақты жоспарлар жасақталуға жол ашылды.

Жиын соңында аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев көтерілген мәселелерге орай өз ой-пікірі мен жауабын айтып, жиынды қорытындылады.

А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT