«Amanat» партиясы аудандық филиа лы ғимаратының қоғамдық қабылдау - ТҮЙТКІЛ МЕН ТҮЙІН бөлмесінде аудандық мәслихат депутаты Қанат Мыңбаев өз сайлаушыларымен кездесті. Халық қалаулысы мәслихат төрағасы болған соң ба, қоғамдық қабылдауына өз сайлау округінің ғана емес, қала мен ауылдың өзге тұрғындары да келіп мұң-мұқтажын жеткізді.
«ҮЙІМІЗ АПАТТЫ ДЕП ТАНЫЛЫП, ЖАҢА БАСПАНА БЕРІЛСЕ...»
Түстен кейін басталған қабылдауға келген тұрғындардың қарасы қалың болды. Бірі қаладан, енді бірі ауылдық округтен ат арытып жетті. Онда әртүрлі мәселелер қозғалып, жалпы ауданның жай-күйі де сөз болды. Халық қалаулысымен бірге қоғамдық қабылдауда құзырлы орган басшылары да болды. Нақтырақ айтқанда, осы партияның аудандық филиалының төрағасы Сайлаубай Таласов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Ғалымжан Жолдыбаев, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің басшысы, полиция подполковнигі Смадияр Сыдықов және басқалар қатысып, тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ асып, заңдылық тұрғысынан мәселесін шешу жолдарын түсіндірді. Алғаш болып қабылдауға кірген Құлсарыдағы Сәді Дүйсенбеков көшесінің тұрғындары, яғни, қала орталығындағы «Бақай» қонақ үйінің артындағы өздері тұрып жатқан қос қабатты үйдің мұңын шақты. Сөз сөйлеген Бәтима Күмісова:
- Үйдің күйі жоқ десек те болады. Осы уақытқа дейін көрмегеніміз жоқ. Түрлі қиындықтарды бастан өткеріп келеміз. Әкімдік тарапынан көмек болып, үйіміз апатты деп танылып, жаңа баспана берілсе, бағымыз жанар еді. Түптеп келгенде, көше өте тар, бала ойнайтын жер де жоқ. Балаларымыз қоқыстың жанында ойнап жүреді. Кәріз жүйесі де тозған. Электр энергиясы мәселесі де өзекті болып тұр. Тым болмағанда, орталық көшелердегі секілді төбемізді жауып, үйдің сыртына жөндеу жасап берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сатып кетейік десек те, сата алмаймыз. Себебі, бұл үйдің жайын қала тұрғындары әуелден біледі,-деді ашына. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Ғалымжан Жолдыбаев:
- Қазіргі таңда бұл баспаналар - жекеменшік үй. Сондықтан біз көмек қолын соза алмаймыз. Жарамсыз деп тану үшін тұрғындар өздері жиналып, арнайы бағалаушыларды шақыртуы керек. Егер сол мамандар жарамсыз деп танитын болса, біз тағы бір тексерістен өткіземіз. Толыққанды жарамсыз деп танылған жағдайда ғана үй кезегіне тұрасыздар. Бірақ, пәтер бірден беріле қоймайды, тек кезегіңіз келгенде баспаналы боласыз. Ал, үйдің қасбетін жаңарту, сыртқы жөндеу жұмыстарына келетін болсақ, еліміздің заңына сәйкес, бюджеттен қала көркін келтіру үшін тек қана көше беттегі тұрғын үйлерге ғана ақша бөлінеді. Сондықтан, бұл жағдайда да тұрғындар өздері бірігуі тиіс. Егер жөндеуді қалта көтермесе, үйдің тұрғындары жиналып, бірлестік құрып, жеңілдетілген несие алуына болады,-деп жауап берді.
Кері сұрақ қойған тұрғындар бағалаушының қымбат тұратынын, ал ол пәтерлерде көбінесе зейнеткерлер өмір сүретінін алға тартып, көмек беруді сұрады. Бұл өтінішті Ғалымжан Қайроллаұлы басшылыққа жеткізетінін айтты. Мәселеге орай мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев тұрғындардың арызын алып, қажетті жерге жолдайтындығын жеткізді. Ғаббас Сарқытов көшесінің тұрғыны Ерлан Агисов жаңбыр жауған сайын ауласына су құйылып, әбігерге салатынын айта келді. Оның айтуынша, тіпті, кей кезде үйдің ішіне де су кіріп кетеді екен. Бұл ретте «Барлаушы» ықшам ауданының тұрғыны жол құрылысы қалдықтарын алуға көмек беруін сұрады. Сауалға жауап берген аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Ғалымжан Жолдыбаев мәселенің жақын күндері шешімі табылатынын айтты.
ЖҰМЫССЫЗДЫҚ: ЖӘРМЕҢКЕ МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕ МЕ?
Аудан тұрғыны Нұрлыбек Тынышбекұлы қара бастың емес, қарашаның мәселесін көтерді. Ауданда мұң болған проблемаларды жіпке тізгендей атап өтті. Өзі Теңіз кенішінде жұмыста жүріп жарақат алған екен. Қазіргі таңда жұмыссыз жүрген жас жылыойлықтардың екі қолға бір кәсіп көзін таппай жүрген жайын мәселе етіп қозғады. Одан бөлек, аудандық полиция бөлімінің арнайы қабылдау орнының жай-күйін сөз етті. Нұрлыбектің айтуынша, ол жердегі қызметтің сапасы сын көтермейді-мыс. Жүргізуші куәлігін алу үшін тапсыратын тесттің де жүйесіздігі айтылды. Себебі, «Д» категориясын алу үшін сынақтан өтуге келген талапкерге кей жағдайда басқа санаттың да сұрақтары қойылады екен. Яғни, әр категорияның сұрақтары араласып кетеді.
Өзі де сондай сауалдардан опық жеп, жүргізуші куәлігін қайтара алмай жүрген көрінеді. Аудандық мобильді желілердің сапасыздығын да тілге тиек етті. Оны біз де байқап жүргендей, кейде интернет түгілі, тіпті, қоңырау шала да алмай қаламыз. Өз кезегінде Қанат Мыңбаев барлық мәселені қағазға түртіп алғанын және құзырлы органдарға хат жолдайтынын жеткізді. Ал, жергілікті полиция бөлімшесінің басшысы Смадияр Сыдықов аталған арнайы қабылдау орнының проблемасы осыған дейін де көтерілгендігін, әлі де қозғайтынын жеткізді. Бұл мәселеден облыстың да хабардар екендігін жасырмады.
Одан кейін Жасұлан Қазбөлекұлы, Гүлназ Батырбайқызы бастаған бір топ аудан белсендісі бірнеше мәселені қатар көтере келді. Әсіресе, наурыз айында ұйымдастырылған жұмыссыздық жәрмеңкесінің көбірек көзбояушылыққа ұқсайтынын баса айтты. Себебі, кей компания өкілдеріне сауал қойғанда, «Тек әкімдік ұсыныс тастағаннан кейін келдік» деген жауап қайырған. Кейбір мекемелердің қоғамдық тыңдауларының өтетін мезгілі белгіленген уақыттан ешқандай ескертусіз өзгеретіндігін де алға тартты. Себебі, Ақкиізтоғай ауылдық округінде түстен кейін болуы тиіс бір қоғамдық тыңдау алдын ала хабарландырусыз таңертеңгі уақытта өтіп кеткен. Теңіз кенішінде бос жұмыс орындары аз болса, жылыойлықтарды Атырау қаласында жаңадан салынып жатырған зауыт құрылысының жұмысына тарту керектігі туралы мәселе көтерді. Соның ішінде «Ескенеде жылыойлықтардың да үлесі болуы тиіс» деген белсенділер аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі кей мемлекеттік тапсырыстарды біркөзділікпен өткізетіндігін де сынға алды. Бұл мәселелерді біркөзділікпен емес, бірізділікпен жүйеге қойып, шешу керектігін ескертті. Жұмыссыздық мәселесі бойынша Қанат Мыңбаев:
- Иә, бұл - біздің аудандағы ең өзекті мәселе. Жылыойлықтардың жұмыссыз жүргендігі менің де жаныма батады. Осыған дейін де бұл проблеманы көтердік, бұдан кейін де көтере береміз. Биік-биік мінберлерде де айтуға дайынбыз. Өткен айларда Теңіз кенішіндегі жұмыс әдісін 14 күнге ауыстыру үшін және бос жұмыс орындарын тек «Мансап» орталығы арқылы толтыру үшін еліміздің Парламент депутаттарына да хат жіберіп қойдық. Жергілікті халықтың квота мәселесі де көтерілді. Егер осы өтініштерімізге жоғарғы жақтан қолдау білдіріп, оң нәтиже берер болса, Жылыойдағы жұмыссыздық мәселесі шешілер еді деп ойлаймын. Алдағы уақытта Парламенттен жауап күтетін боламыз,-деді өз сөзінде.
Кешкі сағат 8-ге дейін созылған қоғамдық қабылдауда тұрғындар көп қабатты үйлердің апатты жағдайдағы жай-күйін, толассыз жауған нөсер жауынның келтірген зардабын, жол мәселесін, басқа да толып жатқан проблемаларды көтерді. Аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев пен өзге де құзырлы орган басшылары тұрғындардың сауалына заң шеңберінде жауап беріп, шешу жолдарын көрсетті. Бұқараның бұйымтайы осылайша билік пен екі ортаға дәнекер болып жүрген халық қалаулысы арқылы атқарушы орган басшыларының құлағына жетіп, түйінді мәселелердің тарқатылар түрі көрінді.
Е.АХМЕТКӘРІМОВ