Тәңірдің тартуын бағалайық!

Газетіміздің осы айдағы кезекті саны бүгін, яғни ақпанның 29-ы күні жарыққа шығып отыр. Төрт жылда бір-ақ рет айналып келетін бұл айтулы күн редакцияның шығармашылық ұжымы үшін де ерекше құбылыс болды. Өйткені, көбіне-көп айына төрт саны басылатын төл басылым биылғы ең қысқа айдың өзінде бес нөмерін жариялап үлгерді. Оған апталықтың баспаға басылатын күнінің байырғы кездей бейсенбі күнге ауысқаны да себеп болса керек.

Жалпы, ырымшыл халықпыз ғой. Қазақ халқында 9 саны киелі саналғанымен, әр айдың 9-ы, 19-ы және 29-ына қарсы «тергейміз» деп жататын жандар да кездеседі. Осы жағынан алғанда, «бұл жақсы ма, жаман ба?» дегендей сұрақтың туындайтыны хақ. Оның үстіне, ғалымдар «Кібісе жылы» деп ат қойып, айдар таққан бұл жылда халықтың түрлі наным-сеніміне жүгінсек, «түрлі табиғи апаттар орын алып, қиылған некелер сәтсіз болады» деген жорамалдар айтылып жатады. Ал ақпанның 29-ы күні туған адамның өмірі ше?

Егер газеттің әрбір шыққан санын жарық дүниеге келген сәбиімізге теңесек, онда төл басылымның бүгінгі нөміріне айрықша алаңдайтынымыз анық. Өзімізше тәжірибе жасап көру үшін Кібісе жылының дәл осы күні жарық дүние есігін ашқан оқырмандарды да тауып, тілдесіп көрдік. Олар өзге жерлестерінен айта қоярлықтай өзгешелігі жоқ тағдыр иелері. 29-ында туылғаны үшін ауыртпалық арқасына аяздай батып, қиындықтың құрсауынан шыға алмай жүрген жан жоқ арасында. Демек, төрт жылда бір келетін Жаратқанның артық бір күні – адам баласына тарту еткен тағы бір тағдыр таралғысы деп түсінгеніміз жөн.

Бүгінгі 29 ақпанда жарық көрген №9 сан да дәл сол іспеттес. Бұл – біздің шағын шығармашылық ұжым үшін ерекше бір еңбек қуанышына толы күн. Ендеше, Кібісе жылының 29-ына қорқып емес, бұрынғыша сеніммен қарай білуіміз керек екен.

Иә, тек өзгешелігі сол, жоғарыда айтқандай, 29 күннен тұратын бір-ақ айда бес нөмердің басылып шығуы газет тарихында тым сирек кездесетін құбылыс. Біз үшін Кібісе жылы осындай ерекшелігімен есте қалмақ.

Иә, мұндай жылды ғалымдар ежелден Кібісе жылы деп атайды. Өйткені, өзге жылдарда 365 күн болса, Кібіседе 366 күн бар екен. Ол кіріккен күн деген мағынаны береді.

Егер қолданыстағы Григорян күнтізбесіне сүйенсек, бір жылдың ішіндегі күн қозғалысы 365 күннен тұрады. Бірақ іс жүзінде Жер Күнді дәл 365 күнде айналып өтпейді. Күн қайыруда әр жылдан 6 сағаттан артылып тұрады. Артық қалған сағаттар төрт жылда бір тәулік болып күнтізбеге қосылады екен. Әсіресе, орта ғасырда шығыс ғалымдары осы мәселені зерттеуге ерекше үлес қосқан.

-Кібісе жылды есептеу шығыстан басталады. Селжүк династиясының сұлтаны Мәлік шах 1072 жылы билікке келген кезіндегі ең алғашқы қолға алған әлеуметтік және саяси маңызы бар істің бірі - күнтізбені есептеп қайта шығару. Обсерватория соқтырады. Оған Омар Хайям, Әл Баси сияқты бүкіл шығысқа белгілі ғалымдарды жинайды. Нәтижесінде күн қозғалысына негізделген күнтізбе жасалып, кібісе жылды есептеп шығады, - дейді этнограф-ғалым, ҚазҰУ профессоры Тәттігүл Қартаева.

Ел арасында Кібісе жылына қатысты түрлі наным-сенімдер де бар. Мәселен, жоғарыда айтқандай, «бұл жылы қиылған неке сәтсіз болады» деп ырымдап жатады. Кібісе жылында табиғи апаттар жиілейді екен-мыс. Алайда статистикаға сүйенер болсақ, оған нақты дәлел жоқ. Ендеше, оның барлығына сене беруге болмайды. Мәселен, Түркияда болған жойқын жер сілкінісі Кібісе жылында орын алған жоқ.

Бұл айдағы артық күн - Тәңірдің тағдыр иесіне тарту еткен сыйы, соның әрбір сағаты мен секундын бағалап, сеніммен өмір сүре білейік!

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT