Тілсіз жаумен текетірес

Аудан халқы Амал мерекесінен бастау алған әз Наурызды тойлап жатқанда құтқарушылар Ұлы Жемнің жағалауында көктемгі су тасқынымен текетіресе күш жұмсады. Төтенше жағдай, әскери қорғаныс бөлімдері, аудандық әкімдікке қарасты күштік құрылымдар, өңірдегі мекеме-кәсіпорындар тілсіз жаумен күреске жұмылдырылды.

Құлсарыны тағы су баса ма?

Тасқынның алдын алуға бағытталған жұмыстар қарқынды жүріп жатқанымен, бұл мәселе жылыойлықтардың сары уайымына айналғаны рас. Былтырғы сәуірдегі алапат су тасқынынан әбден қорқып қалған жұртшылық сол күндерді енді қайта көргісі жоқ. Қорқынышты түстей өте шыққан табиғи апаттан енді естерін жиып жатқан қара халықтың да жағдайын түсінбеске амал жоқ. Ағысы қатты Ұлы Жемнің арыны, бекітілген бөгеттің астынан шығып жатқан су, батқан техника, жан-жақтан келіп жатқан әскерилер мен әлеуметтік желіні кезген түрлі бейнероликтер елді дүрліктірмей қоя ма? Ендеше биылғы тасқынға дайындық жұмыстарын сараптап көрелік.

Иә, ауданда түп тереңдету жұмысы өткен жылдың тамыз, ал бөгет тұрғызу қараша айының ортасында басталған еді. Бұл істі мердігер мекеме «Сап-Ин-Вэст» қолға алды. Жоба аясында түп тереңдету жұмыстарының жалпы ұзындығы 96 шақырымды құраса, бөгет нығайту жұмыстары 65,3 шақырымды көздеді. Соңғы мәліметке сүйенсек аудан аумағындағы сулардың 84,6 шақырымы түп тереңдетілген. Олар Жем өзені – 49,8 шақырым, Құрсай каналы – 28,2 шақырым және Құр-Жем 6,6 шақырым. Ал бөгет нығайту ісі 7 қабаттан тұрады, яғни 30,5 шақырымды құрайтын бөгеттерге бақылау жүргізілуде. Бұл жөнінде учаске басшысы Сабыржан Орманов:

- Құлсарының сыртындағы 6,6 шақырым Құр Жемдегі жобамызды аяқтадық. Жем өзенінің қазіргі ені 50, тереңдігі 2 метр. Бұрын бұл жерде, яғни Шоқпартоғай мен Тұрғызбаның арасындағы арнаның арақашықтығы 8-15 метр еді. Біз оны әлі де кеңейтіп жатырмыз,-деген еді ақпан айының соңында. Одан кейін наурыздың басында күн бірден жылып, тасқынға дайындық жұмыстары да бірден күшейіп кетті. Бұл аралықта Ақтөбе облысында орналасқан өзен алаптарының жоғарғы жағынан толассыз аққан тасқын суға байланысты аудан әкімі Жұмабек Қаражанов та әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, алаңдаған жұртты ақпараттандырып қойды. Қызылжар төңірегіне аяқтай барып, қозғалған су қарқынын көзбен көрген ол:

- Қазіргі таңда ақпарат үшін Ақтөбе облысында біздің Жемге қатысты жоғарғы жақтан сең қозғалып, су жүріп жатыр. Темір өзенінен бізге Жемге құяды. Ол жерден қазір су жүріп жатыр. Одан бөлек қазір Ембі қаласынан су қозғалды. Мұз боп тұр, бірақ қозғалыс жайлап жүріп жатыр. Жиенай деген жер бар. Сол жердің қазір жолын ашып жатырмыз. Су тасыған жағдайда сол жаққа алып кету үшін. Одан бөлек біздің Шоқпартоғай ауылдық округінде судан қорғау бөгеттері тұрғызылуда. Сондай-ақ Тұрғызба ауылында да қызу жұмыс басталды. Біз Жемнің ең биік нүктелерін бақылап, сол маңның жаға бекіту жұмыстарын қолға алдық және өткен жылғы бөгеттерді де қайта нығайтудамыз. Жалпы Жемнің өзінің бөгеті бар. Бірақ біз қосымша екінші бөгет салдық. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, үшінші бөгетті де тұрғызып жатырмыз. Одан бөлек, біз Ақтөбе әкімдігімен бірлесіп, Жылыой ауданына жақын жерде орналасқан Миялы округінің, оның ар жағындағы Жарғамыс, Жаңабұлақ, Ембі қаласының, одан қала берді Мұғалжар ауданының әкімшілігімен ортақ чат құрып, сол жерде бір-бірімізбен ақпарат алмасып отырмыз. Жуық арада аудан төңірегін, Жемнің жай-күйін вертолетпен қараймыз. Әрине, ел ішінде «ауданымызды су басады» деген жұртты дүрліктірген алып-қашпа әңгімелер жүр. Сондықтан барынша ресми ақпаратқа сенсеңіздер деймін,-деген еді халықты сабырға шақырып.

Өзен 2 метр 50 см-ге көтерілді

Әрине, Жемнің тасуы адамның қолындағы нәрсе емес. Сондықтан, ауданға қол көмек ретінде жан-жақтан күштік құрылымдар келді. Нақтырақ айтсақ, күні бүгінге дейін Маңғыстау облысынан төтенше жағдайлар саласының 55 маманы мен 30 әскери қызметкері келіп, 150-ге жуық сарбаз да қатарға қосылды. Олардың көп бөлігі Жем өзенінің Тұрғызба ауылдық тұсындағы жағасын бекітуге бірден кірісіп кеткен-ді. Себебі Тұрғызба ауылы тасқын қаупі жоғары учаскелердің бірі. Ол маңда жаға бекіту жұмыстары қарқынды жүріп, сол аймақтағы ірі қаралардың су ішуі үшін де жағдай жасалынып жатты.

- Тұрғызба ауылында қазір жаға бекіту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар жедел штабтың шешіміне сәйкес аудан аумағында қазір мемлекеттік қызметкерлер бастап, полиция қызметкерлері бар және де коммуналдық мекеме қызметкерлерімен бірлесіп кезекшілік ұйымдастырылды. Ал өзге облыстардан келген азаматтарымыз қазіргі таңда Бақашы, Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай, Тұрғызба бойында жаға бекіту, нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінде қосымша күш арнайы эвакуация пунктінде, яғни Құлсары қаласындағы №1, №3, №4, №6, және №21 жалпы орта білім беретін мектептерге орналасты. Жалпы қазір осы төтенше жағдайдың алдын алу бойынша арнайы 130 техника бөлінді. Сондай-ақ аудан тұрғындарының туындаған сұрақтары бойынша тәулік бойына қызмет атқаратын жедел байланыс тобы да жұмыс жасап жатыр,-деді аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова өз сөзінде. Ал ауданымыздың жағдайына алаңдаушылық білдірген Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Мерей Қалауов:

- Маңғыстау облысы, Төтенше жағдай департаментінің 55 жеке құрамы Құлсары қаласындағы Тұрғызба ауылының №4 орта мектебіне жайғасты. Қазіргі уақытта барлық жеке құрам бөгетті нығайту жұмыстарын жүргізуде. Осы уақытқа дейін барлығы 1700 дана қап құммен толтырылып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін іс-шаралар атқарылуда. Біздің жағдайымыз толық жасалған. Үш мезгіл асымыз алдымызда. Десе де, біз үшін жататын жеріміз емес, халықтың жауапкершілігі маңызды. Жылыойды судан қорғау үшін келдік. Сондықтан, қолымыздан келгенін жасаймыз,-деді мойнына жүктелген жауапкершілікті толықтай сезініп.

Күн жылып, қар еріген уақыттан бері ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қазгидромет» РМК-ның Атырау облысы бойынша филиалының күнделікті гидрологиялық бюллетеніне жәутеңдеумен болғанымыз рас. Оның болжамына сүйенсек, Жем өзеніндегі су деңгейі 20-сы және 25-інші наурыз аралығында көтерілуі мүмкін еді. Тіпті өзеннің төменгі ағысында орналасқан елді мекендерді, шаруашылық құрылыстарды, сондай-ақ жергілікті маңызы бар жолдарды су басу қаупі жоғары болды. Жемнің жағдайымен бөліскен синоптиктердің арқасында судың биіктігін, тәулік ішіндегі өзгерісін, мұз қалыңдығы мен соңғы өлшенген су өтімін күн сайын біле алдық. Бір шолып өтсек: наурыз айының 19-жұлдызында Жемнің деңгейі 184 см-ді құраса, келесі күні, яғни 20-сы күні бірден 209-ға өзгерді. Бұл Жем бір тәулік ішінде 25 см-ге көтеріліп кетті деген сөз. Ал соңғы ақпарат бойынша өзен биіктігі 250-смге биіктеген. Бұл тұста қауіпті меженің 340 см екенін айта кетейік.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, былтырғы су тасқыны осы жылы да қайталануы мүмкін. КТК телеарнасының мәліметінше, ол Ақтөбе және Ресейдегі Орынбор облыстарындағы тиісті құрылымдарымен ұдайы байланыс жасап, су тасқынының қаупі жөніндегі деректер күн сайын жаңартылып отырғанын жеткізген.

- Қазір Ресей Федерациясының Орынбор облысындағы әріптестермен байланыс жасап отырмыз. Өңірдегі әр ауданға жауапты адам бекітіліп, учаскелерге негізгі күштік құрылымдар бөлінеді. Жайық өзенінен аса қауіп төніп тұрған жоқ. Соған қарамастан өзен жағалауында бөгет соғылып, бекітілді. Жем мен Ойыл өзенінде су тасу қаупі бар. Жем өзенінің бойына бөгет соғылып, сағасы тазаланды. Су тасқынына қарсы әрекет ететін негізгі күштік құрылым дайын. Сондай-ақ облыс аумағында тасқын қаупі бар елді мекендердің тізбесі қайта қаралып, нақтыланды. Бақылауға алынған 51 елді мекеннің 14-де тасқын қаупі азайды. Алайда 37 елді мекенде әлі де қауіп бар. Қызылқоға ауданындағы 9 ауылдық округ пен 5 елді мекенінде жалпы ұзындығы 41,2 шақырым бөгет салынды. Жылыой ауданында су арналарының 95,3 шақырым түбі тереңдетілді. Жағалауға 65,3 шақырым бөгет соғылды,-деген еді Серік Жамбылұлы.

Жалған ақпарат жарға жығады

Бүгінде ауданымызда жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары қызметкерлері, әскери сарбаздар, аумақтық қорғаныс бригадасының қызметкерлерімен аумақтар тәулік бойы бақылауда. Олар бөгеттің осал тұстарын нығайтып, қосымша күш пен техника санын көбейтуде. Бұл жөнінде аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі маманы Ақниет Бағытжанов:

- Дүйсеке ата маңындағы №210 және №260 бекеттер құрылыс бөліміне жүктелген. Қазіргі таңда Жем өзенін нығайту жұмыстары қарқынды жүруде. Бізге бекітілген аймақта 4 самосвал, 1 погрузчик, 1 экскаватор жұмыс атқарып жатыр. Сондай-ақ бұл жерге 40-қа жуық әскери сарбаз бекітіліп, қапшыққа құм толтыру жұмыстарын жүргізуде,-деді жұмыс барысында. Ал Қосшағыл ауылдық округінің әкімі Жанғазы Еркінов:

- Қазіргі уақытта Дүйсеке ата мешітінің артында №260 және №310 бекеттер аралығында жаға бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жерде жұмыстар бекітілген кезекші мамандармен күн демей, түн демей тәулік бойына жалғасуда. Мұнда 1 экскаватор, 2 погрузчик, 4 КамАЗ техникалары бөлінді,-деді өзіне тиесілі аймақ барысынан ақпарат бөлісіп.

Ал мерекелік демалыс күндерінің бірінде Жем бойындағы жұмыстарға басшылық жасап, аудан әкімдігі атынан кезекшілікте жүрген Майкөмген ауылдық округінің әкімі Нұржарық Сауытов ел ішінде таралған жалған ақпараттар жөнінде ой бөлісіп, алаңдаған жұртшылыққа әлеуметтік желі арқылы сабырға шақырды:

- Тасқын судың алдын алу мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Қаншама техника жұмылдырылған. Азаматтар 24/7 жұмыс жасауда. Алайда Жемнің арнасынан су кетіп, «өзен жағасында барлық техникалар батып жатыр» деген жалған ақпарат тарады. Ол әрине, шындыққа жанаспайды. Иә, жұмыс барысында 1 техника батты. Оны дер кезінде шығарып алдық. Қазір әрі қарай жұмысын жалғастырып жатыр. Сондықтан тек ресми ақпаратқа сеніңіздер,-деді.

Иә, қазір әлеуметтік желінің озып тұрған дәуірі ғой. Оның үстіне тасқынның «жыры» қайта басталғасын, жұрттың төрт көзі түгел «Instagram» мен «facebook»-ты бағып отыр. Оның қайсыбірі ресми ақпарат, қайсыбірі жалған ақпарат сараптап үлгермейсің, ел шулап шыға келеді. Жуырда ғана сондай бір оқиғаға тап болдық. Елдің тыныштығын бұзған ол бейнероликті түсірген адам өз жұмысын атқарып жүрген экскаватордың жүргізушісі болып шықты. Оның сөзінше, Бақашы қауымындағы бекітіліп жатқан бөгеттің астынан су жарып кеткен. Кейіннен бұл ақпараттың растығы анықталмады. Шын мәнінде, Бақашыдағы Жем өзенінің Құрсайға құятын арнасы жабық. Десе де өзекте аз-мұз су бар. Ол еріген қар суы болуы мүмкін. Сондай-ақ мұнда салынған бөгеттердің кей тұсы опырылып құлап жатқаны рас. Сол үшін жаға бекіту жұмыстары да тоқтар емес. Бұл жағдайды аудан тұрғындары көзбен көріп отырғандықтан, әкімшілікке өз ұсыныстарын да жасырмады. Олардың әлеуметтік желіге жариялаған постында:

- Жем өзенінің Бақашы маңындағы жұмыстарына бір ұсыныс айтқымыз келеді. Ол – инженерлік құрылғылармен өзеннің жағасын, иінін құлатпауға арналған бір тәсіл. Диаметрі 300 мм құбырды 2 м кесіп, түбін бітеу етіп, үстіңгі бетін ашылмалы етіп дәнекерлеу қажет. Және ішін 1,75 м көлемде топырақпен толтырып, қажетті тұрбаларды асты-үстінен шынжыр немесе «тросспен» тұсап, су ағысына иінге салып екі жағымен ортасынан екі жерден жағаға бекіту керек. Бұл тәсіл тұрғызылған жағаны қайта құлатудан сақтайтыны анық. Елдің бәрі біліп, көріп отырғандай Құрсай каналына қарай су ойып бара жатыр. Бөгетті қанша нығайтқанмен, жақында төселген құмның төменгі қабатынан су шығу қаупі жоғары. Шама келсе, ағысқа жағаны құлатпау керек. Бұл Жылыойға жаны ашитын азаматтардан ұсыныс, ал іске асыру өздеріңізден,-дейді Бауыржан Байбол атты азамат.

Соңғы ақпаратқа сүйенсек, ауданға қарасты Тұрғызба, Шоқпартоғай, Ақкиізтоғай ауылдары мен қаламыздағы «Аэропорт», «Жадырасын» ықшамаудандары мен «Күмбезді» және «Басшы ата» қауымдарында бөгет көтеру жұмыстары жүріп жатыр.

Жалпы тасқыннан қорғауға арнайы 255 ауыр техника жұмылдырылған. Бүгінде аудандағы тасқынның алдын алу бойынша жедел штаб қызмет етеді. Сондай-ақ бөгеттердегі жағдайды бақылау үшін тәулік бойы жұмыс істейтін бекеттер қойылып, кезекшілік ұйымдастырылды. Күзетке аудан әкімдігі, аумақтық инспекция өкілдері және квазисекторлық мекемелер жұмылдырылды. Қауіптің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан шараларға жергілікті атқарушы орган тарапынан 127 адам, Маңғыстау облысынан 55 адам мен 4 техника, Атырау мен Ақтөбе облыстарындағы әскери бөлімдерден 195 сарбаз бен екі техника, Атырау облыстық ПД-ден 18 қызметкер тартылды. Жалпы ауданда төтенше жағдай болған кезде қажетті кұралдар қоры дайындалды. Атап айтқанда, 30 мотопомпа, 20 генератор, 102 мың қапшық, тонналық 800 қапшық, 600 данадан астам құрал-сайман (күрек, рация) алынды. Қосымша демеушілікпен мачта және бөгет басындағы бекеттерге 10 ағаш үй берілді. Сонымен қатар 15 тонна жанар-жағар май қоры дайын тұр. Зардап шеккендерді уақытша орналастыру үшін сыйымдылығы 700 адамға жуықтайтын 14 эвакуациялық пункт дайын. Қосымша 4 қонақ үймен келісім-шартқа отыру жұмыстары жүргізілген.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

Коллаж: С.Көшекова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT