Тілсіз жауды жеңген жанұя

Былтыр көктемгі тасқын кезінде баспанасы суға кеткен тұрғындар уақытша эвакуациялық пункттерде, енді кейбірі туыстарының үйін паналады. Тілсіз жаудың беті қайтқан мамыр айында қаламызда жылжымайтын мүлікті бағалау және техникалық сараптау қорытындыларын жариялау үшін мобильді топтардың жұмысы басталған еді. Аудан бойынша қоғамдық штаб құрылып, үйлерін су басқан тұрғындар ақшалай өтемақы алуға өтініш берді. Иә, бағалаушылар кезең-кезеңімен зардап шеккен баспаналарды аралап, үйлердің иесімен бағалау жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп тұрғындар «баспанасы тұруға жарамсыз немесе күрделі жөндеуді қажет етеді» деген шешіммен келісіп, өтемақы алуға көшті. Сондай баспанасы апатты деп танылған тұрғынның бірі Сағынтай Құрманғазиевпен тілдескен едік. Ол Құлсары қаласы, 6-учаске, №72 үйде тұрады:

- Өткен жылғы сәуір айының 5-жұлдызында орталық көпірдің астынан өтіп жатқан тасқын судан қауіп төнді. Біз де ел қатарлы қапшыққа топырақ салып бөгет тұрғыздық. Таңғы сағат төрттің шамасында судың ағысы күшейді. Тасқын бөгетімізден өтіп кетті. Әрмен қарай қауқарсыз болғандықтан таңғы алтының шамасында газды өшіріп, тоқ көзін ажыраттық. Құжаттарымызды алып, отбасыммен баспанамызды шарасыз күйде тастап кетуге мәжбүр болдық. Сөйтіп тіршілік жасап, уақытша ықшам аудандардың бірінде пәтер жалдап тұрдық,- дейді қала тұрғыны.

Иә, көктемгі су тасқыны көптеген тұрғындардың қорқынышына айналды. Халық «Қайда барамыз, қайда бой тасалаймыз» деп уайымдап, түндерін ұйқысыз өткізді. Әкімдік өкілдері мен арнайы комиссия мүшелері суға кеткен үйлерді көріп, бағалау жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Сағынтай Құрманғазиев:

- Аудан басшысының орынбасарлары суға кеткен үйімізді көрді. Баспанамыз 2000 жылы салынған еді. Бағалаушылар баспанамызды көңілімізден шығатын қаражатқа бағалады. Зардап шеккен тұрғындармен бірге ақшалай өтемақы төлеу жөнінде келісім жасау үшін аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйіне бардық. Сол жерде өтемақымен келісу немесе келіспеу жөнінде өтініш жазуға болатындығын түсіндірді. Мамыр айының 24-ші жұлдызында үйіміз тұруға жарамсыз деген акт алдық. Белгіленген ақшалай өтемақыға келісіп, суға кеткен үйімізді бұздық. Бұзғаннан кейін орнына «Шах Строй» ЖШС-імен шарт жасасып, жаңадан үй тұрғызуға келістік. Сөйтіп шілде айында аталған құрылыс компаниясының құрылысшы жігіттері келіп іргетасын құйып бастап кетті. Болашақ жаңа баспанамыздың қабырғасы газды бетоннан (газоблок) қаланды. Сөйтіп кезең-кезеңімен құрылыс жұмыстарын жүргізіп, үйімді қазан айында, яғни үш жарым айда аяқтап, қолымызға кілтін берді. Әрі қарай күнделікті тұрмысқа қажетті газ, суын жүргіздік. Осылайша жаңа үйге қоныс тептік,- дейді ол.

Қазіргі таңда қала тұрғыны Сағынтай Құрманғазиев – зейнеткер, зайыбы Тілектес Борашовамен бірге 3 ұл тәрбиелеп өсіріп, немерелерінің қуанышын қызықтап отырған бақытты жанұя. Жаман түстей болып көрінген өткен жылғы тілсіз жауға осылай төтеп беріп, жаңа баспанаға қоныс тепкен әулеттің баспанасына бақ пен береке, бақыт қатар қонақтасын деп тіледік!

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT