«Тіл – рухани қазынам»

«Тіл – рухани қазынам»
Фото: ашық дерек көзінен алынды

Аудандық сот өз өндірісіндегі іс-қағаздарын әлдеқашан мемлекеттік тілге көшіріп қана қойған жоқ, ана тіліміздің көсегесін көгерту мақсатында ондағы қызметкерлер өзара түрлі іс-шараларды да ұйымдастырып тұрады. Айталық жақында жетекші маман Гүлзада Жанғазиеваның ұйымдастыруымен сот мамандары арасында өткен - «Тіл - рухани қазынам» атты сайыс – соның айғағы.

Шараның мақсаты – мамандардың тіл мәдениеті мен ой-өрісін дамыту, сөздік қорын байыту, тіл тереңіне үңіліп, құдіретін тану, ана тілін ардақтау секілді қастерлі сезім қалыптастырып, тілді қадірлеп, ой қорыта білуге, оны жүйелі жеткізе білуге тәрбиелеу, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру еді.

Сайысты ашқан Гүлзада Жанғазиева елімізде «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» заңының қабылданып, қолданыста екенін айта келіп:

-Ана тіліміз – түркі тілдес халықтардың тобына жататын қарым-қатынас құралы. Ол - дүниежүзіндегі сөздік қоры ең бай, бейнелі де бедерлі, көркем де кестелі тілдердің бірі. Оның құдіретін «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас» деп Ұлы Абайдан асып жырға қосып, бейнелеп берген ақын жоқ. Тәуелсіздігіміздің басты тірегі де – тіл. Ендеше, бүгінгі шарамыз сол тірегіміздің діңгегін мықты етуге қосқан бір үлесіміз деп білген жөн,-деді.

Сайыс, негізінен, үш кезеңнен тұрды. Онда мамандар «Зымыран» және «Топжарған» болып екі топқа бөлініп тартысқа түсті. Алғашқы кезең «Мақалшылар сайысы» деп аталды. Сайыскерлер тіл туралы келтірілген мақал-мәтелдердің жалғасын тауып, тапқырлығымен жарысса, екінші кезеңдегі «Жұмбақшылар сайысында» жасырылған жұмбақтардың жауабын табуға тырысты. «Білгірлер сайысы» делінген 3-кезеңде ана тілімізге қатысты қойылған сауалдарға жауап берді. Нәтижесінде, «Зымыран» тобы жеңімпаз деп танылды.

Соңынан сайысты қорытындылаған сот әкімшісі Айгүл Жақсығұлова жеңіске жеткен топты құттықтап, мамандарды мемлекеттік тілді құрметтеуге, тіліміздің қолдану аясын кеңейтуге үлес қосуға шақырды.

Жансая ТАЛҒАТОВА, аудандық соттың бас маманы, сот мәжілісінің хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT