Тиімді басқарусыз аграрлық серпін болмайды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніне қатысты айтқан ойлары еліміздің ауыл шаруашылығындағы негізгі түйткілдерді дөп басады.

Мемлекет басшысы аграрлық саланың әлеуеті зор екенін айта отырып, қазіргі шаралардың барлығы бұл мүмкіндікті толық ашуға жеткіліксіз екенін ашық жеткізді. Шын мәнінде, мәселе қаражаттың көлемінде емес, сол қаражатты орнымен, тиімді жұмсауда екенін түсінетін сәт әлдеқашан келген.

Менің ойымша, агроөнеркәсіп саласындағы басты проблема – бірізді стратегияның болмауы және нақты жоспардың әлсіздігі. Бұрынғыдай тек субсидия берумен немесе инфрақұрылымдық қолдау көрсетумен ғана ауыл шаруашылығын жаңа сапалы деңгейге шығару мүмкін емес. Президент атап өткендей, озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты, үйлестірілген, ғылыми негізделген жоспары болуы тиіс. Бұл жоспар жергілікті ерекшеліктерді ескеріп, өңірлердің табиғи мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға бағытталуы керек.Соңғы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған бірқатар ірі жобалардың басталғаны – құптарлық қадам. Инвестиция көлемінің 2 миллиард доллардан асуы, үш мыңнан астам жаңа жұмыс орнының ашылуы – агросаланың экономикалық салмағы артып келе жатқанын көрсетеді. Ең маңыздысы – бұл жобаларға отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуы Қазақстанның агросекторына деген сенімнің күшейгенін білдіреді. Өнімдердің әлемнің көптеген еліне экспортталатын болуы – еліміздің жаһандық азық-түлік нарығындағы орнын нығайта түседі.
Алайда мұндай жобалардың саны жеткіліксіз. Президент ұсынғандай, олардың ауқымын кеңейту – ауыл шаруашылығын мүлде жаңа деңгейге көтеретін шешуші фактор. Әсіресе, әр аймақта дайын өнімді өндірістен бастап, дүкен сөресіне дейін жеткізетін толыққанды логистикалық және өңдеу желісін қалыптастыру – агроөнеркәсіптің тиімділігін еселейтін маңызды бағыт. Мұндай желі әр өңірдің табиғи-климаттық ерекшелігі мен өнім түріне қарай қалыптасуы керек. Сонда ғана еліміз ішкі нарықты тұрақты әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқы нарықтағы бәсекелестікке қауқарлы бола алады.


                                                 Мейрамбек Бәйсеңгіров, қала тұрғыны

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT