Тігінші болуды армандаған қыз

Кәсібім - нәсібім

Адам бала кезінде «Өскенде кім болам?» деген сұраққа жиі бас қатыратыны анық. Бірақ қиялға қанат бітірген арманның асқарына шығу бәрінің бірдей маңдайына жазыла бермейді. Расында да, шынайы өмірде кәсіп таңдауда қателеспеген жан бақытты. Біз сөз еткелі отырған Жанат Қосыманова - дәл сондай жанның бірі.

Ол мектептегі ұстаздарының «Кім боласың?» деген сауалына «Тігінші болам!» деп жауап беретін. Сол арманына қол жеткізгеніне қазір анық көз жеткізді. Өйткені оның өз үйінен шағын тігін цехын ашып, осы кәсіпті біржолата қолға алғанына да бірнеше жылдың жүзі болды.

-Бізде қыз-келіншектердің көпшілігі өз киімін қолдан тігіп, кие береді. Мен де анама, өзіме, басқа да туыстарыма арнап әдемі етіп, түрлі киім үлгілерін әзірлеп беретінмін. Жиен апам Базаргүл Сатқанова он саусағынан өнер тамған шебер тігінші еді. Мен сол кісіден көп нәрсе үйрендім. Кейін Құлсары қаласына көшіп келіп, тұрмысқа шыққаннан кейін «Жеті қыз» ательесіндегі қысқа мерзімдік курсты оқып шықтым. Сөйтіп, тігіншіліктің жолына біржолата түстім,-дейді Жанат Жайлханқызы. Қазір Жанат Қосыманованың үйінің бір бөлмесі шағын тігін шеберханасына айналған. Қашан барсаңыз да тігін машинасының сыртылдаған дауысы құлаққа жағымды естіледі. Әже, аналарымыздың іс тігіп жатқан бала кезіміздегі бақытты шаққа оралғандай боласың.

tygynshy

Шынымен де Жанат жеңешеміздің шағын шеберханасы үнемі қарбалас жұмыс үстінде. Өйткені қолының шебер екенін құлсарылықтардың көпшілігі біліп алған. Арнайы үйіне іздеп келеді. Айталық, Шынар атты келіншек оның тұрақты клиентіне айналды. Ол базардан, дүкеннен киім сатып алмайды. Тойға, басқа да салтанатты кештерге арналған сән үлгілерін, тіпті жай ауыл арасына, үй ішіне киетін киімдерінің бәрін осы өзі таңдаған тігіншісіне тіктіреді. Жанаттың шеберлігін жақын маңдағы мектеп оқытушылары да жақсы біледі. Жақында бір орта оқу орнының ұстаздары жоғарғы жақтан келетін комиссияның алдында сымдай тізіліп тұру үшін мектеп мұғаліміне арналған бірыңғай формалы киім тіктіріп алды. Ол аз десеңіз, облыстық, республикалық өнер байқауларына қатысатын оқушылар да арнайы үлгідегі костюм тіктіріп киеді. Жанаттың пішкен сәнді де мәнді киім үлгісімен олар талай рет сахна биігін бағындырды.

Әрине, айта берсе, Жанат Жайлханқызының шеберлігінде шек жоқ. Ең бастысы, оның қазақтың түрлі ұлттық киімдерін тігіп, онысын түрлі ою-өрнекпен әшекейлеп, безендіріп беретінін айтсаңызшы?! Онысы базардағы, кейбір сауда үйіндегі киімнен артық болмаса, еш кем-кетігі жоқ. Әсіресе он саусағынан өнер тамған нәзік жанның қолынан шыққан сырылған шапан, кәжекей, камзол, қыздың, қалыңдықтың көйлектері көздің жауын алады. Егер тапсырыс беріп жатсаңыз, көрпе-жастықты да ою-өрнекпен көркемдеп, қыз жасауындай жайнатып береді.

Өмірлік қосағы Мұраттың да, балалары Абдолла мен Әбдікәрімнің де киімдерін өзі тігіп береді. Осылайша балалық арманы – тігіншілікті кәсіп көзіне айналдырған Жанат Қосыманова үйде отырып-ақ отбасының ұйытқысы болып, әрі қамқоршысына айналды.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521