Ауданда Жем суының деңгейі түсіп, қауіп сейілді. Осыған байланысты көмекке келген көрші облыстың төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өз өңіріне оралды. Оларға аудан әкімі Жұмабек Қаражанов өз атынан алғыс білдіріп, сый-сияпатын ұсынды. Салтанатты шара орталық стадионның көлік тұрағында өтіп,қиын қыстау кезеңде қолдау көрсеткенбарша азаматқа құрмет көрсетілді.
Бұған дейін әскерилер де тасқынның алдын-алу бағытында атқарған еңбектері үшін марапатталған еді. Бұл жөнінде аудан әкімі орынбасары Гүлнафис Айшуақова:
-30 наурызда Атырау облысынан келген сарбаздар өз қызметтерін толықтай аяқтап, әскери бөлімдеріне оралды. Сонымен қатар қазіргі таңда су деңгейінің түсуі байқалады. Дегенмен, әкімдік қызметкерлерімен әлі тәулік бойы кезекшілік сақталып отыр. Бүгінгі күні Ақтөбе облысынан келген, Маңғыстау және Алматы қаласынан келген төтенше жағдай қызметкерлері өздерінің қызметтерін мүлтіксіз атқарып, өз облысына қайтарылды,-деді өз сөзінде. Ал Атырау облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нариман Өтешов су тасқынының алдын-алуға көмекке келген азаматтардың нақты қай учаскелерге бөлінгеніне тоқталды:
- 18 наурызда 55 адам Маңғыстау облысының ТЖД-інен келген еді. Ал 19 наурыз күні төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты әскери бөлімнен 45 адам жеткізілді. Барлығы Маңғыстау мен әскери бөлімді қосқанда 100 адам болды. Ал ауданда өзіміздің 2 өрт сөндіру бөлімі бар. Десе де олардан тағы да 50 адам қосылды. Барлығы 150 адаммен біздер су тасқынының алдын-алу мақсатында қауіпті деген учаскелерге бөлінп, күні-түні 24/7 жұмыс атқардық. Атап айтсам, Маңғыстау облысының жігіттері Тұрғызба ауылына бөлінсе, Ақтөбеден келген әскерилеріміз Шоқпартоғай ауылы мен Бақашыдан басталған Жем бойына бөлінді,-деді.
Ал «Қазгидрометтің» соңғы болжамына сүйенсек, Жем суы 4 күн ішінде 20 см-ге төмендеген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда қар суының ерте еріп кеткенін білдіреді.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ