№11 Құлсары Белгі беру және байланыс дистанциясы Мақат-Бейнеу, Бейнеу-Оазис, Бейнеу-Тассай аралығындағы ұзындығы 694,4 шақырым қашықтықты құрайтын теміржол торабының байланыс жүйесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мұнда теміржолдың темірдей тәртібіне төзіп, болаттай мықты мамандық иегері атанып жүрген арулар да аз емес. Соның бірі - мекемеде ұзақ жылдан бері еселі еңбек етіп келе жатқан ауысымдық байланыс диспетчері Гүлжамал Досжанова.
Гүлжамал Айтқалиқызы - 1971 жылы қыркүйек айында Мақат ауданындағы Доссор кентінде Айтқали Досжанұлы мен Тұрсын Әженқызының мұнайшы отбасында дүниеге келген. Ата-анасының тәлімді тәрбиесін алған қыз 1988 жылы В.Г.Белинский атындағы орта мектепті аяқтап, сол кездегі Гурьев теміржол техникумының автоматика және телемеханика мамандығына оқуға түседі. 1991 жылы ойдағыдай бітіріп, №11 Құлсары Белгі беру және байланыс дистанциясына жолдамамен келген. Мекеменің сол кездегі басшысы Б.Оразовтың қабылдауында болып, Құлсары байланыс үйінің 4-разрядты электромонтері қызметіне тағайындалады.
Міне, содан бері 33 жылға тарта уақыт өтті. Кешегі бүлдіршін қыз аяулы ана, ардақты әже атанды. Қызметінде де абырой биігінен көрініп, тереңге тәжірибе бойлатты. Дистанцияда еңбек ете жүріп, өндірістен қол үзбей білімін жалғастырып, біліктілігін арттырады. Ақтөбе қаласындағы С.Бәйішев атындағы университетті сырттай оқып бітіріп, «Автоматтандыру және басқару» мамандығын алып шықты. Өз міндетіне деген жауапкершілігі, тиянақтылығымен көзге түскен Гүлжамал Айтқалиқызы байланыс диспетчері қызметінен көп ұзамай аға байланыс диспетчері болып тағайындалады.
- Әр саланың өз қиындығы мен өз қызығы болады. Әсіресе, теміржол жұмысының ауыртпалығы көп. Соған мойымай еңбек ете білу керек. Негізінен, осы мекемеге 20 жасымда келген екенмін. Сол кезде менің кәсіби білім алуыма және мол тәжірибе жинақтауыма марқұм Бақтылы Қаусова мен әріптесім Ақөрік Алмадиева көп көмегін тигізді. Қызмет бабында аға байланыс диспетчері дәрежесіне дейін көтерілуіме себепші болған сол кездегі дистанцияның байланыс басшысының орынбасары Қ. Құттыбаевқа және өндірістік сабақ беру шебері Ж.Жетыбаевқа, марқұм байланыс диспетчері болған Қ.Өтегеновке алғысым шексіз. Шын мәнісінде, жұмысты ұйымдастырып, темірдей тәртіпке үйреткен сол кездегі мекеменің бастығы марқұм Сағын Сейілхановтың үлесі зор дер едім,-дейді Гүлжамал өткен күнді еске ала.
Гүлжамал Досжанованың ұзақ жылғы ел алдындағы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 2006 жылы дистанцияның 40 жылдығы Алғыс хатымен марапатталды. 2016 жылы 29 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне - 25 жыл» және 2022 жылы «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының 25 жылдығына арналған мерекелік медальдарымен наградталды. Осындай еңбекқор жан қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. 2008 жылдан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын және облыстық, аудандық мәслихат депутаттарын сайлау кезінде №89 (қазіргі №99) сайлау учаскесінің хатшылық қызметін күні бүгінге дейін атқарып келуі – соның айғағы. 2018 жылы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Ибрашевтің Алғыс хатына ие болды.
-Теміржол саласында жұмыс жасау мен үшін мәртебе. Әсіресе, байланыс диспетчері болып қызмет ету өте қиын әрі қызықты. Мамандығымды мақтан тұтамын. Сондықтан болар, ұлым да теміржолдағы ізімді жалғастыруға ниет танытты,-дейді кейіпкеріміз.
Иә, расында да Гүлжамал Досжанованың ұлы Жасдәурен Әбілхайыров ана жолын қуып Ақтөбе теміржол колледжін, кейін Ақтөбе КУПС университетін бітірді. Еңбек жолын Мақат стансасында бастап, кейін Атырау НОДГП-13 мекемесінде аға локомотив диспетчері болып жалғастырды. Қазіргі таңда Құлсары стансасында ТЧП-4 мекемесінде машинист көмекшісі. Қызы Асылзада Әбілхайыр М.Сатыбалдиев атындағы №18-ші мектептің 8-ші сынып оқушысы. Көріп отырғанымыздай, бүгінде кейіпкеріміз өмірлік жары Серік Болов екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлынан Айзада, Ерасыл, Аманай, Айзиба атты немерелер сүйіп отырған бақытты әже. Үлгілі жанұя басшысы мұнай саласында еңбек етеді.
-Қызметте көрген ауыртпалыққа өкінбеймін, керісінше мақтан тұтамын. Қазіргі заманымыз тыныш кезеңде жастарымыз ешқандай қиыншылықтан қорықпай, уақытпен санаспай, шын ниетімен беріле еліміз үшін еңбек етсе деп тілеймін,-дейді кейінгі толқын інілеріне ақжарма ақ тілегін ақтарған аға байланыс диспетчері Гүлжамал Досжанова.
Иә, 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында біз де Гүлжамал Айтқалиқызына алға қарай да еңбегіне толағай табыс, отбасы амандығын тіледік.
Меңдібай Хайруллин,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі