Қазақстан – түрлі ұлт пен ұлыс өкілін бір шаңырақтың астына ұйыстырған, бірлік пен тұрақтылықты ту еткен қасиетті мекен. Бұл топырақта туып-өспесе де, тамырын тереңге жайған, тағдыры ел тағдырымен тоғысқан азаматтар аз емес. Соның бірі – теміржол саласының ардагері, абыройлы еңбек иесі Нелля Василийқызы Шевченко.
Болат жолдың бойында бойжеткен қыз
Нелля Шевченконың ғұмыры Ресейдің Тамбов өңірінде басталғанымен, жастық жүрегі қазақ жерінде – Құлсары топырағында соқты. 1960 жылы дүниеге келген ол 1968 жылы әке-шешесімен бірге осы өңірге қоныс аударады. Бұл – кездейсоқ шешім емес. Теміржол мамандығын меңгерген Николай Иванович есімді ағасы Құлсары стансасына бастық болып келіп, туған-туыстарын да осында тартқан еді.
Әкесі Василий Иванович – геометрия мен сызу пәнінің шебері, Құлсары поселкесіндегі ГПТУ-да шәкірт тәрбиелесе, анасы Нина Ивановна байланыс саласында тер төгіп, теміржол телеграфында еңбек етті. Осылайша бұл отбасы теміржолдың әр тынысын жанымен сезініп, еліміздің өндірістік тірегіне айналған саланың бір бөлшегіне айналды.
Нелля Шевченко 1975 жылы Құлсарыдағы №468 теміржол мектебін, 1978 жылы Гурьев теміржол техникумын аяқтап, теміржол саласына қызметке кіріседі. Байланыс электромонтерінен бастап, диспетчер, электромеханик, инженер, тіпті техникалық бөлімнің басшысы қызметіне дейін көтерілді. Бұл жолда талай тер төгілді, талай сынақтардан өтті.
Тіпті, зейнет жасына таяған шағында да білімге құштарлығын жоғалтпай, 2005-2008 жылдары М.Тынышбаев атындағы теміржол академиясын үздік тәмамдауы – нағыз жанкешті еңбеккердің бейнесі. 2007 жылы «Қазақстан Теміржолы» ҰҚ» АҚ Бас директорының Алғыс хатына ие болған Нелля кәсібіне адал, темірдей тәртіп пен төзімнің үлгісі болды. Ол 41 жылдық еңбек өтілін адалдықпен аяқтаған, нағыз теміржолдың тарланы атанды. Зейнет жасына шыққаннан кейін «Еңбек ардагері» атанып, еткен еңбегі одан әрі елене түскендей.
Нелля әженің әлди әні
Өмір тек табыспен ғана емес, сынағымен де қымбат. Нелля Василийқызының жұбайы – Мәлік Ерғалиев те теміржол саласының ардагері. Алайда сырқат меңдеп, өмірден ерте озады. Бұдан кейінгі ең ауыр соққы ұлы Тарастың 2020 жылы коронавирус індетінен көз жұмуы. Артында екі ұлы қалды. Қызы Аружан – төрт баланың анасы.
Сол немере-жиеннің айналасында әже ғана емес, рухы мықты тұлға атанып отырған Нелля Василийқызы кішкентай немерелерін бесікке бөлеп, өзінің арнайы бесік жырын айтып ұйықтатады екен. Теміржол рельсіндегі дауысты әженің әлди әніне алмастырған ардагер теміржолшы қазақтың салт-дәстүрін жетік меңгеріп, күнделікті өмірде де көп қолданады. Орыс ұлтынан шыққанымен, хылқымыздың салты мен болмысын жүрегімен қабылдаған Нелля Шевченко – елдегі татулық пен бірліктің жарқын бейнесі іспеттес.
Нелля Шевченконың тағдыры – теміржолдың өзі сияқты. Бір бағытта үздіксіз алға жылжып, қайыспай көтерген жүк пен жауапкершіліктің жолы. Ол – рельс үстімен жүйткіген пойыздай өмірін өрге сүйреген, діттеген межесіне адал жеткен жан. Қазақ жерін жүрегімен жақсы көріп, тағдырын осы топырақпен мәңгілік байланыстырған ол – бір шаңырақ астында тату-тәтті тірлік кешіп жатқан көп ұлтты еліміздің бейбіт өмірінің символы.
Бірлік - бекем көпір секілді. Сол көпірден күнде талай пойыз, талай тағдыр өтеді. Нелля Василийқызы – сол көпірді тұрғызуға өз қолымен, өз маңдай терімен үлес қосқан ардагер. Елімізде бірлік пен тұрақтылықтың теміржолдай берік орнауы – осындай нәзік жандардың арқасы. Нелля Шевченко – темірдей тәртіпке бағынып, алтын арқау – еңбектің қадірін білген, ұлт пен ұлысқа бөлінбей, Қазақстанды өз Отаны деп таныған ардақты жан. «Қара жерге қақ тұрар, татулыққа тақ тұрар» дегендей, елдік пен бірліктің темірқазығы бола білген Неллядай әжелер – халқымыздың шын байлығы.
Меңдібай Хайруллин,
еңбек ардагері