ТЕМІРЖОЛ «ТОРЫҒАН» ТӨРТ ТҮЛІК

Аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың Майкөмген ауылдық округ тұрғындарымен кездесуі ауылдағы жаңа мәдениет үйінде өтті. Алдымен, аудан басшысы сол ауылдық округтегі атқарылған жұмыстар жөнінде әңгімеледі. Сол күні құмды ауылда «Магистральдық Суағызғысы» ЖШС-дан берілетін техникалық суды тазартатын станция іске қосылды. Бұған дейін су белгіленген кесте арқылы беріліп келген еді. Енді су тазарту станциясынан тәулігіне 250-300 текше метр су тазартылып, ауыл тұрғындары тәулік бойына қамтылуда.

Тұрғындардың үнемі көтеретін басты мәселесінің бірі – үйлерді басып қала беретін құм көшкіні. Сондықтан оны тоқтату үшін ауыл сыртынан айналдыра ағаш немесе сексеуіл егу жұмысы күз айынан басталатын болды.

Дәрігерлік амбулатория да – күн тәртібіндегі мәселе. Оған күрделі жөндеу жұмысы басталған-ды. Ауылдық округ әкімі Нұржарық Сауытовтың айтуынша, жақын арада оның жұмысы аяқталатын болады. Бұл ретте жиынға қатысқан аудандық орталық аурухананың басшысы Асулан Абдрахмановтың келгеніне қуанған тұрғындар сол салаға қатысты сауалдарын жаудырды. Соның бірі – магниттік-резонанстық томография, көпшілік оның қашан іске қосылатынын сұрады. Бас дәрігер жақын арада жаңадан салынған аурухана жұмысын бастаса, сәйкесінше МРТ аппараты да пациенттерге қызмет көрсете бастайтынын, оған түсіретін мамандар да дайын екенін жеткізді. Сондай- ақ тұрғындарды мазалап жүрген мәселенің бірі – жүкті әйелдер жайы. Болашақ аналардың Атырау қаласына аяқтай барып, УЗИ аппаратына түсуіне тура келеді. Асулан Абдрахманов бұл жөнінде де түсінік берді. Оның айтуынша, арнайы қаулыға сәйкес, жүкті әйелдер 3 рет міндетті скринингтен өтуі тиіс. Соның 1 мен 3-ші триместрін өзіміздің аудандық емханадан, ал 2-ші триместрді облыс орталығындағы УЗИ-ден түсуге міндетті саналады екен. Бірақ жүкті әйелдердің көпшілігі облыстық ауруханаға берілетін кезекті жолдамаға қарап отырмай, өз қаражатына түсе беруді жөн санайды екен. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан ауылдық округке бөлінген дәрігердің тек жарты күн ғана жұмыс жасайтыны туралы айтылды. Онсыз да аптасына 2-3 рет қана қабылдау жүргізетін дәрігерді, әсіресе, үлкен кісілер асыға күтеді. Өзі әрең жүретін қарттар кейде көліктің жоқтығынан сол сарғая күткен ақ халатты абзал жанға жете алмай қалатын сәттері де кездеседі. Сондықтан ауылдың дәрігері сондай жасамыс жандардың үйіне өзі аяқтай барып, тексеріп кетсе деген ұсыныс айтылды.

Ауылдағы тағы бір мәселе – төрт түлік малдың теміржол бойын бойлап, сол маңда жайылуы болып отыр. Тұрғындар теміржол торабын қоршау жөнінде мәселе көтерді. Ауыл әкімі Нұржарық Сауытов бұл жөнінде облыстық прокуратурадан малды жолдан алу жөнінде ай сайын хат келетінін хабарлады. Әрине, төрт түлікті айдауын айдағанмен, жануар айналып келіп сол теміржолға қарай ағылатынын айтады. Шын мәнінде теміржол мекемесінің өзі, алдымен, айналасына қоршау орнатуы керек. Бірақ соған қарамастан, олар бар жауапкершілікті тұрғындарға артып тастап отырғанға ұқсайды.

Бұл мәселенің де алдағы уақытта шешу жолдары қарастырылатын болады. Сондай-ақ кездесуде ауылдағы интернеттің нашарлығы, жарық, жол мәселесі де айтылды.

П.ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT