Теміржол өткелінен сақ болайық!

Бірнеше торапты тоғыстырып тұрған Құлсары станциясы Мақат, Бейнеу, Атырау және Теңіз кеніші бағытындағы пойыздарды қабылдап, жөнелтеді. Үнемі алдын алу іс-шараларын жүргізудің нәтижесінде көп жылдар бойына пойыз және маневрлік жұмыстарды ақаусыз жүргізіп келе жатқан таңдаулы станцияның бірі.

Адамдардың жолда жүру ережесін бұзуы және рельсті жолдың үстіне бөгде заттарды қалдырып кетуі пойыздардың шұғыл тоқтауына себепші. Осы және басқа да себептердің кесірінен биылғы жыл басынан бері Қазақстанның теміржолы бойында 8 адамның пойызға басылу дерегі тіркелді. Соның ішінде 5-еуі станция ішінде орын алса, 3 дерек аралық (перегонда) теміржол бойында орын алды. Станциядағы оқиғаның 3-еуі жол жүру ережесін бұзу салдарынан болса, 2 дерек мас күйінде жүргендіктен, сондай-ақ теміржолды кесіп өту барысында құлаққаппен (наушникпен) болғанның кесірінен 2 оқиға тіркелді.Машинистердің тарапынан адам басып кету дерегін болдырмау үшін 40 рет шұғыл тежеу жасауына тура келген.

Сондықтан станция қызметкерлері теміржолды тек белгіленген, рұқсат етілген жерден өту керектігін ескертеді. Соның өзінде жақындап қалған пойыздың бар-жоқтығына көз жеткізіп алу керек.

Адам өз өміріне қауіп төндірмес үшін ешқашан жылжымалы құрамның (пойыздың) астынан өтпесін. Жолаушылар платформасынан секірмесін. Өткелдердегі бағдаршам теміржолдан өтуге рұқсат бермейтін белгі берсе, шлагбаум қалай тұрғанына қарамастан кесіп өтпеген дұрыс. Әсіресе спирттік ішімдік ішіп алып, теміржол маңайында жүруге мүлдем болмайды. Әуе желілері мен жасанды ғимараттар, ток сымдары бар жерге жақындамаған жөн.

Осы жерде теміржол бойындағы төрт түлік мәселесін де баса айтқым келеді. Өкінішке қарай, әдеттегідей жолға малдың шыға келуі де пойыздардың еркін жүруіне кедергі келтіреді. Пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мал жаю кезінде үй жануарларының амандығы үшін төрт түлік иелері мен оларды бағушылар мына ережелерді міндетті түрде естен шығармай, сақтауы керек: Біріншіден, малды теміржолға жақын жерге жайған кезде байлап бақса дұрыс болады. Бұл ретте теміржол төсемінен 300 метр қашықтықта жүруге болады, ал 2000 метр қашықтыққа дейін бақса, үнемі бақылауда ұстауы қажет. Сонымен қатар үй жануарларын тек арнайы өткелдер, өтпе жолдар, мал айдайтын жерлер арқылы ғана өткізуі керек. Теміржолдан қараңғыда, тұманды, жел мен боранды күндері кесіп өтуге болмайды.

Қарлыға Қалимолдаева,

Құлсары стансасының қауіпсіздік инженері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT