Ауа райының аптап ыстығы даладағы тілсіз жаудың ғана емес, автокөліктегі өрт оқиғасының бой көтеруіне себепші болуы мүмкін. Өйткені, темір тұлпардың бойындағы тоқ желілеріндегі ақау мен басқа да себептен туындайтын ұшқын өрттің тез тұтануына түрткі болады.
Міне, осы мақсатты көздеген ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жақында аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, тиісті іс-шаралар жүргізді. Нақтырақ айтқанда, бөлімнің №2 мемлекеттік өрт сөндіру бөлімшесінің мамандары тәртіп сақшыларымен автокөліктегі өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы мен оны алдын алу мақсатында аудан аумағынан күмән туғызатын 32 автокөлікті тоқтатты. Оларға түсінік жұмыстарын жүргізіп, ескерту беріп, 39 жадынама таратты.
-Бұл шара ауданның автокөлік иелері мен қонақтары тарапынан тасжолдарда қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін жүргізіліп отыр. Сондықтан әр тұрғын өздері мінген темір тұлпарда өрт қауіпсіздігі ережелерін естен шығармай, үнемі назар аударып жүрсе дейміз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, егер өрт оқиғасы орын алса, онда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласуын сұраймыз, - дейді ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары.
Өз тілшімізден