Тектілердің тамыры солған заман

Өткен ғасырдың 30-жылдарында басталған ашаршылық қазақтың мал-мүлкін тәркілеуден басталған еді.

Отаршылық саясат талай текті тұқымның тамырына балта шапты.Солардың бірі - Жылыой өңірінің қазіргі Жем ауылдық округіне қарасты Тұздыкөл жерін мекен еткен Есенқұл бай еді. Қосшағылдық атбегі Сәлік Шауқымов арғы жағы Тайсойған құмын қыстап, берісі Тұздыкөлді жайлаған Есенқұл Кәкенұлы туралы Уәли Иманов деген кісінің жазып қалдырған мынадай дерегін ұсынды. Онда:

Төребай мен Есенқұл,

Дәрменбай қайырлы болған

. Пақыр міскін "қайыры көп" деп жақын қонған.

Бұлар кісі еді сөзге шешен,

Жаман сөз ермей өтті аман-есен,-делінеді.

Кәкеннің баласы Есенқұл шеркеш руының сатыбалды бөлімінен тараған соң, олардың қоныстанған мекені Сатыбалды ауылы аталады. Голощекиннің "асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын" деген солақай саясатының салқыны Сатыбалды жұртын да шарпып өтті. Сөйтіп, Есенқұл байдың мыңғырған малы, қыруар дүние-мүлкі қызылдардың қолында кетті. Өзі итжеккенге айдалып, қазір сүйегінің қай жерде қалғаны да белгісіз. Оны іздейтін жалғыз тұяғы Мұқаш Есенқұлұлы да "халық жауының" баласы деген жаламен жазаланып, сталиндік репрессияның құрбаны болды. Көрер жарығы бар екен, әйтеуір, қызыл империяның адамдарды қойдай тоғытқан темір торынан аман шығып, елге оралады. Колхоз жұмысына араласып, бар саналы ғұмырын шаруашылықтың малын бағуға арнады. Әкесінің кім болғанын, қайда жерленгенін білмек түгілі, атын атауға қорыққан зар заманда ол байдың баласы, тектінің тұқымы екенін жасырумен болды. Мұқаш Есенқұлұлы 1897 жылы дүниеге келген-ді.

Байдың жалғыз баласы болған соң, мырза атанып, жастық шағын сал-серілікпен өткізді. Серілік болғанда құр ойын-сауық, арзан күлкінің иесі емес. Жас кезінен ат жаратып, құс салып, саятшылық құрды. Оның үстіне күйшілік өнері мен өрімшілік қабілеті де бар еді. Бойындағы осы атбегілік қасиеті колхоздың қара жұмысынан қалған шағында ел кәдесіне жарады. Сол кезде "Ембі" совхозының директоры болған Құлқайыр Оспанов Мұқаш ақсақалдың осы өнерін әкесі Оспан арқылы естиді. Өйткені Құлқайырдың атасы Әубәкір де кезінде атбегілігімен аты шыққан екен. Асқаралы алпыстан асып, өмірлік бейнетінің зейнетін көре бастаған 1960 жылдары Мұқаш ақсақалға совхоз директоры қолқа салады. Осылайша ол жас кезіндегі өнерін қайта жандандырады. Бақандай 11 жылға тарта ауданның ат спортының дамуына айрықша үлес қосады. -Оның баптаған Ақтанау айғырдың тұқымы Кертөбелі мен Қамбар аты, әсіресе Сары айғыры жаратылысынан өзгеше жаратуды талап ететін жануар еді. Оны "Сталин" колхозынан сатып алып келіп, Мұқаңа табыстағанда атбегінің кәрі жүрегі елжіреп, айғырға ұзақ қарап тұрыпты, жарықтық! Ерте көктемнен жаз бойына Тобықты деген жерде, күзде Жылқықорада ат жаратты. 10 жыл ішінде Сары айғырдан озған облыста жылқы болмады. Ол 18 рет бәйгеге қосылып, соның 17-сінде бірінші келді.Онда да Мақат ауданының 50 жылдық тойында Мұқаң айналымнан шатасып, айғырды жолдан тоқтатып алыпты. Арғымағымен аудан, облыс абыройын аспандатқан абыз ақсақал кезінде мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтан алғысхат алды,- дейді сол көненің көзін көре қалған Сәлік Шаухымұлы. Атбегілігімен қатар, Мұқаш Есенқұлұлы күйші, қамшы өретін қолөнер шебері де болыпты. Сәкең оның қара домбырасымен күмбірлетіп небір күйлерді күңірентіп отыратынын, атқа күмістелген ер-тоқыммен мініп, қолынан сегіз өрім қамшысын тастамайтынын айтады. Бір сөзбен ол өткен ғасырдағы сал-серілердің соңғы сарқыты болған-ды. Өкініштісі сол, осындай көкірегі қазына қарияның ізін басар тұяқ қалмады. Жалғыз ұлы Нұрберген Ұлы Отан соғысы жылдарында әскерге алынып, Ленинград майданында жаумен шайқасып, қаһарман қаланы қорғауда ерлікпен қаза тапты. Осылайша халықты қынадай қырған бірі сталиндік зұлмат заманның, бірі соғыс салған зобалаңның құрбаны болған қазақтың текті бір әулетінің тамыры солған еді.

Ербол ҚОШАҚАНОВ, арнаулы тілшіміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521