Қазан айының 17-сі күні Құлсары қаласында Теңіз кенішінде орналасқан 20-дан астам мердігер компания өкілдері аудан тұрғындарымен кездесіп, көкейінде жүрген көп сауалдарына жауап берді. Жиында аудан жұртшылығын жұмыссыздық, жұмыстан босату және вахта мерзімін өзгерту секілді өзекті мәселелер толғандырды.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова, «Теңізшевройл» ЖШС-нің басшылық құрамы, Теңіз кен орнындағы мердігер компаниялар өкілдері, аудан тұрғындары мен қоғам белсенділері, консультативтік кеңес мүшелері қатысты. Жиынды ашқан аудандық «Мансап» орталығының директоры Ақылбек Едіге аудандағы жұмыссыздық деңгейінің жай-күйі жайлы хабарлама жасады.
- Жыл басынан бері «Мансап» орталығына жұмыс іздеуші ретінде тіркелген жұмыссыздың 981-і тұрақты, 1163-і уақытша жұмыспен қамтылды. Осы жылы орталықтың ұйымдастыруымен және ауданы әкімдігінің қолдауымен мердігер және қосалқы мердігер мекемелерімен 41 рет жиын өткізілді, - деді Ақылбек Едігеұлы.
Консультативтік кеңес мүшелері Теңіз кенішінде мердігер компанияларда еңбек ететін жылыойлық жұмысшылар үлесін көтеру керек деген ұсынысын айтты. Аудандық мәслихат депутаты Сәуле Мәмбетова Теңіздегі мердігерлер мен аудандық әкімдік және «Мансап» орталығымен бірлесіп, үшжақты меморандум жасау қажеттігін жеткізді. Осы жағдайды ескерген аудан әкімдігі мен «Теңізшевройл» ЖШС бірлесіп, Теңіз қалашығындағы мердігер мекемелерге арналған «Мансап орталығының жұмыс берушілермен жұмыс жасау алгоритмі» жасақталды. Оның басты мақсаты - жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейін төмендету. Жиында жиі қойылған сұрақтың бірі вахталық жұмыс күндерін қысқарту болды. ТШО өкілдері «Теңізшевройл» ЖШС жұмыс кестесінің 28x28 күнге құрылғанын, бұл Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес екендігін баса айтты. Бұл ретте мердігер мекемелердің вахталық кезеңі құрылыс және қызмет көрсету жұмысына байланысты әртүрлі болуы мүмкін.
- ТШО мен мердігер ұйымдардың қызметкерлерінің Теңіздегі жұмысының әртүрлігіне байланысты жұмыс вахтасының кестесі әртүрлі. Мысалы, 14x14, 21x21, 28x28 және т.б. Қызметкерлер ауысымының ұзақтығын әрбір жұмыс беруші компания белгілі бір кәсіпорынның қажеттілігін ескере отырып дербес белгілейді. Бұл мәселе кәсіпорында қабылданған жұмыс берушінің актілерімен, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексіне сәйкес жұмысшылардың жазбаша келісімімен 30 күнге дейінгі жұмыс ауысымын пайдалануға рұқсат беретін ұжымдық және еңбек шарттарымен реттеледі. Сонымен қатар, 14х14 ауысым кестесі де ТШО мердігерлері мен қосалқы мердігерлерінде кеңінен қолданылады, ал кейбірі аса маңыздылығы жоқ лауазымдағы қызметкерлерді мүмкіндігінше 14 күндік ауысымға ауыстырады, - деп жауап берді ТШО өкілдері.
Мәселен, жиынға қатысқан кейбір мердігер компания өкілдері қазіргі таңда Теңізде жұмыс көлемінің азаюына байланысты вахталық әдісті өзгерту мүмкін емес екендігін және жұмысқа жаңадан қызметкерлер алынбайтынын айтты. «Нефтестройсервис» ЖШС өкілі Азамат Өтемісов болса, вахта мерзімін ауыстыру мәселесі бойынша жиналыстар мен кездесулер ұйымдастырылып жатырғанын жеткізді. "Новус Болашақ" ЖШС бас директоры Питер Абсалом, аудан тұрғындарын жұмысқа орналастыру мәселесін серіктестік басшылығы жақсы түсінетiнiн, білетінін және маңызды екенін жасырмады.
- Мен Әлемдік энергетика секторында 50 жылдан астам, оның ішінде Қазақстанда 30 жылдан астам жұмыс істеп келемін. Және де бүкіл еңбек мансабымда 81 жобада жұмыс жасадым. Әрбір жобаның өзіндік басы, ортасы және соңы болады. Бүгінгі күні «Новус Болашақтың» Үшінші буын зауытындағы жұмыс көлемінің шамамен 70%-ы аяқталды, бұл жобаның ортасы мен соңы арасындағы кезеңі. Сол сияқты, қазіргі уақытта Теңіздегі өндіріс көлемі азайып, жұмысшыларды жұмыстан босату кезеңі жақындап келеді. Біз Жылыой тұрғындарына қашанда жылы ілтипатпен көніл аударамыз. Дегенмен, теңгерімді жұмыс күшін сақтауымыз қажет және «Новус Болашақ» аудан тұрғындарын мүмкіндігінше ұзақ уақытқа осы жобада қалдыру үшін бар күш-жігерін салып келеді, - деді Питер Абсалом.
Кездесу соңында аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова аудандағы жұмыссыздық мәселесі басты назарда екенін жеткізді. Тұрғындар компания өкілдерімен оңаша қалып, өз мәселелерін талқылады. Кездесуден кейін тұрғындарға мердігер компаниялардың өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, жеке мәселелерді одан әрі талқылауға мүмкіндік берілді.
П.ҚИЗАТОВА