Жалпы мұндай дәрі-дәрмектер қоры ауданда жеткілікті ме? Ауданымызда нақ осы мәселеге қатысты түйіні шешіліп, түйткілі тарқамаған жайлар да аз емес. Міне, осы өткір де өзекті мәселені талқылау үшін өткен аптада аудандық емханада арнайы «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды.
ЕКІ КӨЗДІ ТӨРТ ҚЫЛҒАН «СК-ФАРМАЦИЯ»
Оны «Заманауи» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Оған аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Асулан Абдрахманов, жауапты дәрігерлер мен қоғам белсенділері қатысты.
Қоғамдық қор төрағасы Асман Аманжол бүгінгі таңдағы тегін дәрі-дәрмектің жәйі Үкімет палатасында да негізгі тақырып ретінде қаралып жатқанын айтты. Осыған орай аудандағы бас дәрігерден аудандағы науқастардың медициналық бұйымдар және дәрі-дәрмекпен қамтылу деңгейін сұрады.
Асулан Абдрахманов, алдымен, науқастар қандай жағдайда тегін дәрі-дәрмекпен қамтылатынын және оны қалай алатынын түсіндірді. Оның айтуынша, ауырып тұрған пациенттерді динамикалық бақылауға алмай тұрып оған нақты диагноз қою үшін алдымен оны толық зерттеуден өткізеді. Содан кейін учаскелік дәрігер немесе бейімді маман арқылы диагнозы нақтыланған соң, диспансерлік есепке алады. Яғни созылмалы ауруы бар науқастар бұдан кейін дәрігерлердің ұдайы бақылауында болады. Сәйкесінше дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмектер дәл осы диспансерлік есепте тұрған жандарға тегін беріліп тұрады. Жалпы сол науқастардың есепке алынғанға дейінгі ұзақ жүрісі де мәселе болып тұрғанын атап өтті бас дәрігер.
-Комиссия біздерге қалай шешіп береді, барлығы соған байланысты өрбиді. Егер пациентке мүгедектік тағайындалған болса, соған байланысты өзінің арнайы толтырылатын қағазы бар. Онда науқас қандай медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі керек екені жазылады. Сол шешіммен керек-жарағын алады. Жалпы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында біздер келген дәрілерді уақытылы беріп отырамыз. Бірақ, тасымалдаушы «СҚ-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан кешігулер орын алады немесе жылдық көлемде түскен дәрілер жеткіліксіз мөлшерде келуі мүмкін. Ол кей реттерде жыл бойына жетуі мүмкін. Бірақ кейбір жағдайға байланысты пациентті қамтамасыз ете алмай қалып жатамыз. Мысалы, пациент күніне 3 рет қабылдайтын қан қысымына арналған дәріні «давлениесі» түспей жатқан соң 5 рет қабылдап қоюы мүмкін. Сондай кезде оның дәрісі уақытынан бұрын бітіп қалады. Ол бізге келіп, таусылған дәрісін тағы да алғысы келеді. Біз ол кезде қолын қайтара алмаймыз. Сөйтіп, келесі айға деп сақтаған дәрі беріліп кетеді. Сол үшін науқастар тарапынан «Неге біз келгенде дәрілер бітіп қалады?» деген сияқты реніш туындайды. Ондай мәселе бар. Бірақ, біз барымызша науқасты дәрімен түгел қамтамасыз етуге тырысамыз. Басқа емханалардан уақытша алып бере тұру мәселелері де қазір практикада жүріп жатыр,-деді ол.
Осы кезде қоғам белсенділері тарапынан «Жалпы қанша дәрі, қанша көлемде келді, берілетін науқастардың аты-жөні фармацевттің алдында жазылып тұра ма?» деген сұрақ қойды. Оған дәрігерлер:
-Әрине, бәрі жазылып тұрады. Өйткені,бұл тегін дәрілер құзыретті органдардың бақылауында. Сондықтан ол тексеріледі. Тіпті науқасқа телефон шалып, оның расында сол дәрі-дәрмектерге қол жеткізгенін анықтап, сұрап та алады. Егер пациент «алған жоқпын» десе, онда прокуратурамен, арнайы орган мамандарымен тексеріс жүргізеді,-деді нақтылап.
Бұдан соң бас дәрігер қазіргі кезде науқастар арасында дәрі-дәрмектердің атауына қатысты түсінбей жүрген сұрақты тарқатып айтты.
-Көп науқастар күнделікті ішіп жүрген дәрісінің атауына үйреніп қалады да, одан кейін құрамы емес, тек атауы өзгерсе, оны алғысы келмей, байбалам салады. Мұндай кезде дәрігерлер оның құрамының өзі осыған дейін ішіп келген дәрімен біп-бірдей екенін, сәйкесінше әсері де бірдей болатынын түсіндіреді. Жалпы науқастар, алдымен, асықпай құрамын салыстырып, иә болмаса ғаламтор арқылы зерттеп отырса, бұл түсініспеушілік болмас еді. Әрине, егер ол жақпай, аллергия туындаған жағдайда ауыстырып беріп жатамыз,-деді А.Абдрахманов.
«ТРАМАДОЛ» МЕН «ДЖАРДИНС»...
Диспансерлік есепте тұрған науқастарға берілетін дәрі-дәрмектің кешігуі жиі болатынын жасырмады бас дәрігер.
- Ол жағы бізге де, пациенттер үшін де қиындау, әрине. Жалпы республика бойынша ірі жеткізуші мекеме - «СҚ-Фармация» ЖШС. Одан келетін дәрілер, алдымен республика бойынша бөлінеді. Біз Ақтөбе облысындағы қоймаға қараймыз. Ол Атырауға жеткізіп, кейін әр мекемеге бөледі. Бірақ, біз жылдың соңына қарай тапсырыс беріп қоямыз ғой. Тіпті қазірден бастап жинақталып, тізімін шығарамыз. Болжам соңғы 3 жылмен алынады. Диспансерлік есепте тұрған науқастардың қатары азаюы да ықтимал немесе көбеюі де мүмкін. Сол жоспарды берген кезде де алдын ала көбейтіп береміз. Соған сәйкес облысқа, барлық жерге жолдаймыз. Берген тапсырысымызды порталға саламыз. Сосын дәрі-дәрмекті бізге бір мезетте әкеліп бермейді. Біріншіден, ол дәріні қоятын жеріміз жоқ. Сондықтан оны бөліп-бөліп тасымалдайды. Соны жеткізіп беруге тырысамыз,-деді А.Абдрахманов.
Перизат ҚИЗАТОВА
"Мақаланың жалғасын
"Кең Жылой" басылымынан оқи аласыз".