«Өнер - сарқылмас қазына» екені хақ. Кез келген ұлттың бет-бейнесін, тұтас халықтың өресін бүкіл әлемге паш ететін ұлы мұра. Бүгінде сахна саңлақтарын, көрермен көзайымына айналған театр өнерінің жұлдыздарын мойындамайтын жандар кемде-кем. Ондай дара дарынды, тума талантты тұлғалар өз өңірімізде де аз болмаған. Ауданның мәдениеті мен өнер саласын өркендетуде тек өзі ғана емес, өмірлік жарымен бірге жүріп лайықты қолтаңбасын қалдырған жанның бірі - Рая Қобдабаева. 1970-1980 жылдардағы «Жылыой халық театрының» әртісі болған ардагер апамен жақында сұхбаттасудың сәті түсті.
– Рая апа, сіздің өмір-өзеніңіз қай жерден бастау алады?
- Жалпы, мен Доссор ауылында дүниеге келдім. Бірақ, балалық шағым ескі Қаратонда өтті. Осы жерде 7 сыныпқа дейін мектепте білім алдым. Отбасында үш ағайынды болып өстік. Артымнан ерген екі інім бар. Кейін жанұямызбен бірге Құлсары қаласына қоныс аудардық. Осында кешкі мектепте оқып жүріп, жұмыс жасадым. Оныншы сыныпты орыс сыныбынан бітірдім.
– Ал өнер жолына қалай келдіңіз?
– Негізінен, әке-шешем ертеде соғыстан бұрын театрда ойнаған екен.Зарипа Сүлейменова, Алма Ахметова сынды белгілі театр өнерінің тарландарымен бірге спектакль қойған. Сондықтан да, әке-шешем өнерге жақын жандар болды. Қалаға көшіп келгесін мен Құлсарының автобазасында электрик болып жұмыс жасап жүрдім. Сол уақытта аз да болса таланты бар, ән шырқап көзге түсіп жүрген жастарды театрға шақырып, жинады. Көппен бірге мен де бардым. Сол кезде жолдасым Ғайнедин Қоспақовпен танысып, кейін дәм-тұзымыз жарасып, шаңырақ көтердік. Бас қосқаннан кейін екеуміз театр саласында бірге жүрдік. Ол бірқатар басты рөлдерді сомдады, ал мен болсам тек көпшілік сахнадағы шағын бейнелерді сомдап, Құдай қосқан қосағыммен киелі сахна төрінде де қатар жүрдім.
– Театрда жолдасыңызбен бірге қандай рөлдерді сомдадыңыз?
– Жалпы, өзім театр саласына 1960 жылдардан бастап қатыса бастадым. Онда да тек көпшілік бейнелерді (массовкіде) ойнадым. Басты рөлдерді, өкінішке орай, сомдай алмадым. Менің естуім бойынша, біздің театр 1958 жылдары облыстық кезеңде «Біздің Ғани» спектаклін қойып, бірінші орынға ие болған. Сөйтіп, «Халық театры» деген атаққа ие болған. Содан кейін Кененбай Өтегенов есімді өнер иесін театрға режиссерлікке шақыртады. Біздер осы кісімен тыңғылықты жұмыс істедік. Сол жылдары жазда барлығымыз ауылдар мен колхоздарды аралап, белгілі қойылымдар қойдық. Сонда Бейімбет Майлиннің «Шындық» деген кішкентай ғана көрінісін дайындадық. Мен осы қойылымда сиыршы баланың рөлін сомдадым. Одан бөлек, көпшілікпен ән айтып, би де биледім. Ал жолдасым Ғайнедин Қоспақов «Қыз Жібек» спектакліндегі Бекежанның рөлін сомдады. Ол кезде «Қыз Жібек» қойылымындағы Төлегеннің рөлін алдымен Өтебалы Молдажанов, кейін Төлеш Қошқаровтар сомдады. Ал Жібектің образын Мәдина Нұрғалина, Иба Рахымғалиевалар керемет алып шықты ғой. Ал Шегенің рөлін керемет әнші, әрі талантты әртіс Шудабай Сақтаған сомдап, халықтың таңдайын қақтыратын. Сол кездегі көрермендердің берген бағасы, пікірі өте жақсы еді.1966 жылы жұбайым екеуміз театр ұжымымен бірге Алматы қаласына бардық. Ол үшін, ең алдымен, біздер Атырау қаласына кідіріп, 15 күн қызу дайындықта болдық. Содан соң, Алматыда үш күн тынбай әзірленіп, ақыры сахнаға шықтық-ау. Онда біз «Жалбыр» деген қойылымды қойдық. Онда жолдасым Ғайнеден Сүгір деген байдың рөлін сомдады. Ал өкіл жігіт рөлін Атыраудан шыққан ақын Нұралы Әжіғалиев керемет ойнап шыққан болатын. Бұл спектакль екі сағатқа созылды. Сол кезде біз сахнаға шығайын деп қауырт дайындалып, жанталасып жатқанымызда, менің қасыма атақты әртіс Нұрмұхан Жантөриннің өзі келіп, грим жасап бергені әлі күнге есімнен кетпейді. Бұл мен үшін зор мақтаныш болды. Өкінішке орай, «Жалбырдан» кейін мен театрмен қош айтыстым. Себебі, отбасылық жағдайыма байланысты сахнадан кетуіме тура келді.
– Сол уақытта аудан тұрғындарының театр өнеріне деген қызығушылығы қандай болды?
–«Театр – өмірлік мәселелерді шешудің жоғарғы сатысы» демекші, адамның бар жан-дүниесін бір қойылым арқылы ақтарып салуға, тіпті кей кезде жылдар бойына қордаланып қалған белгілі бір проблемалардың да шешімін беріп тастауға болады. Ол сонысымен де адамның көңіл-күйіне шынайы эмоциялар сыйлайды. Әрбір тұлғаға ой салып, керек кезінде тәрбие беретін сондай бір жұмбақ дүние іспеттес. Сол уақыт өте бір керемет кезеңдер еді. Халық өнерді қадірлейді, театр әртістерін қастерлейді. Жылыой тұрғындары біздерді әр қойылым сайын асыға күтіп отыратын. Содан ба, біздің атағымыз жер жарды. Республикалық деңгейдегі академиялық драма театрлар сахналайтын күрделі-күрделі спектакльдерді қойғасын және «Жылыой халық театры» деген атақты бірнеше рет жеңіп алғасын бізге бүкіл Жылыой жұрты асқан құрметпен қарады. Ал ондағы өнерпаздардың дені – өндірістен, әр саладан жинақталған талантты жұмысшылар. Олар ауыл-ауылдарды аралап, қойылымдар қоятын. Есіме мына бір жағдай түсіп отыр. Атырауға гастрольдік сапарға кетіп бара жатқанда, өзімнің туған ауылым - Доссор поселкесіне тоқтап, өнер көрсетіп, концерт қойғанымыз бар. Сол кездегі жерлестерімнің бізге деген құрметін көрсеңіз ғой. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын.
– Қай саланы алып қарасаңыз да, қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Өнер саласында жүргенде сіздер үшін қандай қиындықтар кезікті?
– Әрине, қиындықтар болмады емес, болды. Әсіресе, гастрольдік сапарларға шыққан уақытта үйімізге бір айдан кейін баратын едік. Бірде Алматы қаласына кеткен кезде баламды тастайтын адам болмады. Бір жағынан, жолдасымнан қалғым келмеді. Сол кезде қайын атам мен енем маған қолдау білдіріп, алты айлық ұлымды алып қалып, қарасқаны бар. Бұл мен үшін үлкен көмек болды. Өмір болған соң осындай қиыншылықтар кездесіп тұратын.
– Театр өнерінің қазіргі қоғам үшін маңызы қандай?
– Театрдың маңыздылығы бұрынғы деңгейінен өте қатты өзгере қойған жоқ. Маңызы дегенде, «Театр халыққа не береді?» деген сұрақтың да басы қылтияды. Бүгінгідей озық технология қарыштап дамыған уақытта компьютер мен ұялы байланыс құралдарының көбеюі адам психологиясына да кері әсер ететіні белгілі. Спектакльді қаншама рет смартфоннан көргеніңмен, көзбе-көз қарап, әртістердің шынайы эмоциясымен жеткізе білген сахнадағы образдың әсеріне ештеңе жетпейді. Театр кез келген жанды адамгершілікке, тазалыққа шақырады. Бойыңдағымініңді көзіңе көрсетеді. Дұрыс жолдан адаспауға жөн сілтейді. Оның артықшылығы да осында. Осы сәтті пайдаланып, жастарға айтарым, бос уақытын тиімді пайдаланса деймін. Театрға барып, жанына рухани азық жинау керек. Себебі, театрға келу арқылы адам өзгеге қарай отырып, өзін таниды. Өзін табады. Өз-өзіне есеп беруге қадам жасайды. «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап таба бастайды. Әрине, бірден емес, біртіндеп. Театрға екі-үш рет келген адам өзінің ішкі жан-дүниесі нені қалайтынын, не керек екенін сезіне бастайды.
– Қалай ойлайсыз, біздің аудандағы театр өнеріне деген жастардың қызығушылығы жоғары ма?
– Менің байқағаным, ауданымызда небір керемет жастар, туа бітті таланттар көп. «Жастық – ерлік жасайтын кез» деген қанатты сөз бар ғой. Өте орынды айтылған. Бізден де жастар театрын жасақтауға болады. Бірақ, оған, алдымен, басшылар тарапынан қолдау керек. Осының басы-қасында жүретін, жанашыр адамдар қажет. Оған алып бара жатқан білімнің, әртістік шеберліктің қажеті жоқ.
Көрсеткен дүниені алып кету – халқымыздың генінде қалыптасқан. Мәселен, осы театрға кәсіби шеберлерді емес, күнделікті өзіміз көріп жүрген мұғалімдерді тартып, сахналық өнерді асыл арманына айналдырған қарапайым қызметкерлерді әкеліп, шамалы баулып, үйретсе, міне, солардан шынайы образ туады, керемет әртіс шығады!
– Әңгімеңізге көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан: Айнұр МАХАМБЕТОВА,
Перизат ҚИЗАТОВА