Теңіздегі теңбіл доп сайысы

Жылыой ауданының 90 жылдығына арналды Жақында Теңіз кенішіндегі Вахташылар қалашығында аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Жылыой ауданының 90 жылдық мерейтойына орай «Келешегі кемел – Кең Жылыой» тақырыбында кіші аяқдоптан аудандық турнир өтті.

Онда Теңіз кенішінде қызмет етіп жатқан мекемелерден оннан астам команда бақтарын сынады.

Спорттық шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындайтын «Туған жер» бағдарламасы аясында өткізілді. Шараның ашылуына аудан әкімі Азамат Бекет, аудан әкімінің орынбасарлары Қахарман Бағынов пен Фарида Ахметова, аудан әкімінің Теңіз кеніші бойынша бас инспекторы Орақ Бисембиевтер қатысты. Алдымен, 2014 жылы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан қола жүлдегер Денис Теннің қайғылы қазаға ұшырауына байланысты бір минут үнсіздік жарияланды. Турнирге қатысушы командалар алаңда сап түзеп, Қазақстан Республикасының гимні шырқалды. Аудан әкімі Теңіз кенішінде еңбек етіп, ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған компанияларға Елбасы ұсынған бағдарламаға қолдау көрсетіп, спорттық шараға атсалысқандары үшін ризашылығын білдірді. Турнирге қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Күннің ыстығына да қарамастан жасыл алаңда бар жан-тәнімен беріле ойнаған футболшылар жанкүйерлерді риза етті. Екі күнге созылған турнир кезінде «Сенімді құрылыс», «Консолидейтед Контрактинг Инжиниринг & Прокьюрмент С.А.Л.-Офшор», «Сичим С.п.А. Казахстан», «Сана құрылыс», «Сағыз и К», «Саян», «Құлсарыгаз», «Казстройсервис», «Темірәлі», «НСС», «ССЕР» компанияларының командалары бәсекеге түсті. Аяқдоп аламанының нәтижесінде 1-орынды «Сенімді құрылыс» компаниясының командасы жеңіп алды. Жүлделі 2-орынды «Сичим С.п.А. Казахстан» иеленсе, 3-орынды «ССЕР» компаниясының командасы еншіледі. Жеңімпаз командаларды аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сансызбай Баймұратов арнайы аудан әкімдігі атынан дайындалған кубок, медальдармен марапаттады. Сонымен қатар Дурсун Уста Ахметоглы «Үздік ойыншы», Парасат Дауылбаев «Үздік қорғаушы», Данияр Мырзағалиев «Үздік қақпашы» атанып, арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Қ.ДҮЙСЕНБЕТОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521