Дүние жүзіндегі бірегей мұнай-газ кен орындарының бірі – Теңіз кеніші аумағында мұнай қоры бар екені сейсмобарлау арқылы 1974 жылы белгілі болып, барлау-бұрғылау арқылы 1979 жылы ашылды.
Дүние жүзіндегі бірегей мұнай-газ кен орындарының бірі – Теңіз кеніші аумағында мұнай қоры бар екені сейсмобарлау арқылы 1974 жылы белгілі болып, барлау-бұрғылау арқылы 1979 жылы ашылды. Мұнайлы алаң 226 кв.км, мұнай-газ 3867-5415 м тереңдіктегі тұзасты қабаттарында.
Алып кешенді жасақтау 1981 жылғы наурыздың 27-сінде «Құлсарынефть» мұнай-газ өндіру басқармасы құрамында жетекшісі Нұрлан Өтепұлы Балғынбаев болған технологиялық топ құрудан басталды. 1981 жылы Теңіз алаңында №1 скважина сынақтан өтті. 1984 жылы «Теңізнефть» мұнай және газ жинау, пайдалану және дайындау басқармасы (бастығы Б.Елемнов) құрылды. 1985 жылы шілдеде СССР Мұнай өнеркәсібі министрлігінің бұйрығымен Теңіз мұнай кенішінің ашылуына және оған таяу тұзасты структураларының үлкен болашағы бар екеніне байланысты «Теңізнефтегаз» өндірістік бірлестігі құрылды.
Мұнай алаңын бірте-бірте іске қосу, мұнай алуға дайындық жүргізуде қиындықтар, сәтсіздік болмай қалған жоқ. Оның біреуі – 1985 жылы маусымның 25-нде Теңіз алаңындағы №37 скважинада болған бұрын-соңды болып көрмеген апат. Жіберілген техникалық кемшіліктен жерасты қысымымен салмағы 160 тн. 4,5 км. труба 9 минутта атылып шықты. 4467 м. тереңдіктен 900 атмосфера қысымымен атқылаған күкіртсутекті улы газ аралас мұнай фонтаны жанып, жалын 200 м биіктікке дейін жетті. Температура факел маңында 500, факелдің өзінде 1500 градус болды. Атқылаған мұнай-газ бір жылдан астам уақыт жанып тұрды.
1986 жылғы ақпанның 6-сында бірінші қазығы қағылған Теңіз газ айыру заводы, вахталық поселке, Құлсарыдағы ықшамаудандар бой көтере бастады. 1991 жылғы сәуірдің 6-сында Теңіз алаңындағы заводтың 1-ші кезегі – КТЛ-1 іске қосылды. Жер қойнауындағы мұнай, газ тұрбамен заводқа жөнелтіле бастады. КТЛ-1 1991 жылы 1,3 млн. 1992 жылы 2,9 млн. тн. мұнай шығарып, күкірт және күкіртсутекті көптеген фракциялар өндірді.
Теңіз комплексін жасауда 3,5 млрд сомның күрделі құрылыс жұмысы атқарылды. Бұл комплекстің бас мердігері венгрлік «Ведепсер» кәсіпорны болды (директоры Шойым Иозеф. Ембідегі жетекшісі Ласо Немет).