Коронавирустық инфекцияның табылу фактісі өндірістік жұмыстарға әсерін тигізбейді
Covid-19 жұқтырған 50 жастағы әйел екені белгілі болды, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, 1970 жылғы әйел Теңіз кен орнында «ТШО» ЖШС мердігерлік ұйымдарының бірінде жұмыс істейді, Ватернас вахталық лагерінде тұрған. Қазіргі уақытта ол инфекциялық изоляторға жатқызылып, жауапты органдар науқаспен байланыста болғандарды анықтады. Қарым-қатынаста болғандарды карантиндік стационарға оқшаулау жұмыстары жүргізілуде.
- ТШО компаниясында өз жұмысшыларын қорғау мақсатында барлық жұмыстар ұйымдастырылған. Теңіз кен орнындағы барлық жұмысшылар жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді, дезинфекция жұмыстары барлық нысандарда жүргізілуде, "ТШО" ЖШС кіреберістеріне төрт санитарлық пост орнатылды, - дейді компания басшылығы.