ТАЗАЛЫҚ ЭСТАФЕТАСЫ

Атамыз қазақ «Жас келсе – іске» деп бекер айтпаса керек. Кешегі Құлсары мен өзге де бірқатар елді мекендерді су басып, ауылдар тасқын қоршауында қалғанда да көптеген қауырт жұмыстың басы-қасында ауданның жастары жүрді. Жағдай қалыпқа келе бастағаннан кейін де олар халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, көптеген мәселелерді ашық айтты. Тасқыннан кейінгі тазарту жұмысының да бел ортасынан көрінуде.

Ал өткен сенбіде қаладағы көпқабатты ІІІ ықшамауданның 27-ші, 28 А және 28 Б үйлерінде тұратын жастар жақсы бастама көтерді. Олар осы жерде тұратын тұрғындарға үндеу тастап, өз ауласында және үй маңында сенбілік өткізуге шақырды. Жастардың ұсынысын құп алған үлкендер мен өзге де тұрғындар өткен сенбі күні түстен кейін жаппай тазалық жұмыстарына жұдырықтай жұмылды. Сөйтіп айналдырған 3-4 сағаттың ішінде үйлердің айналасы жылан жалағандай болды.

Тұрғындар тазалық мекемесі атқаруы тиіс көптеген жұмыстарды санаулы сағаттың ішінде жасап шықты. Қоқыс жәшіктеріндегі, дәліз шатырының үстіндегі және есік алдындағы, балалар ойнайтын алаңдағы қоқыстар түгелдей тазартылып, қураған талдар кесіліп, әкімдіктен шақыртылған арнайы автокөлікпен тиісті орынға жөнелтілді.

Жастардың игі бастамасын көріп қуанған қоғамдық штаб мүшесі, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров тұрғындар өтінішін екі еткізбеді. Сұраған техникасын беріп, игі істің басы-қасында болып, қолдау көрсетті.

Ал тазалық жұмыстарына ұйтқы болған жастардың бірі – Қайрат Шалбаров өзге ықшамаудан тұрғындарына сенбілік эстафетасын жолдады. ІІІ ықшамауданның 27-ші, 28 А және 28 Б үй тұрғындарының бұл ұсынысын өзге құлсарылықтар да қолдамақ ниетте.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT