«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЖЫЛЫОЙДА ДА ЖҮЗЕГЕ АСТЫ

Табиғатты аялау, ардақтау, күтіп ұстау – сол табиғаттың төл баласы саналатын адамзаттың мойнындағы үлкен міндет. Тазалықты сақтап, жасыл желекке оранатын жас шыбықтар отырғызып, қоршаған ортаға жанашырлықпен, ұқыптылықпен қарар болсақ, туған жеріміздің ажары айшықталып, гүлдене түсетіні белгілі. Тасқын судан кейін мұнайлы шаһарды қалпына келтіруге көп күш пен қыруар қаржы жұмсалды. Десек те атқарылар шаруа шаш-етектен. Ол тек атқарушы биліктің ғана міндеті емес. Шағын шаһарда туып-өсіп, өмір сүріп келе жатқан әр тұрғынның тигізер пайдасы болуы тиіс. Ол - қаланың тазалығына мән беру, сенбілікке шығып, белгіленген аумақтарды тілсіз жаудың кесірінен әр жерде үйіліп қалған қоқыстардан бірлесе арылту.

Сол белгіленген аумақтың біріне Қамыскөл көлінің жағалауы да жатады. Негізінен қар еріп, күн жылынып, жер қарайғаннан бастап жылда Қамыскөл көлінің жағалауына сенбілік жұмыстары тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Мемлекеттік қызметшілер мен жергілікті мекемелер қызметкерлері бірігіп, көлдің жағасынан тонналап қоқыс шығарып, ретке келтіріп қоятын. Ал өткен аптада аудандағы «Жасыл ел» сарбаздары «Таза Қазақстан» акциясы аясында көл жағалауын қоқыс- қалдықтардан тазалады. Тазалық акциясына аудан бойынша 60 сарбаз қатысты. Нәтижесінде, 50 қапшық қоқыс жиналды.

Бұдан өзге қала ішіндегі жасыл желектерді күту жұмыстары да жоспарланып, жасыл-желектерді суарып, ағаштардың діңдерін әктеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, тасқын судың салдарынан бүлінген орындарды қалпына келтіру жұмыстары да жүріп жатыр. Атап айтқанда, бояуы кете бастаған көпірдің темір жақтаулары сырланып, жол бойындағы бөгеттен қалған топырақтар тазаланып, тұрғын үйлерден шыққан қатты тұрмыстық және көше бойындағы өзге де қалдықтар алынып, арнайы орындарға жеткізілуде.

Бұл жұмыстар тоқтап қалмай, алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

Ш.МҰХТАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT