Тәуелсіздікпен бірге түлеген ауылдар

2002 ЖЫЛДЫҢ ЖЕЛТОҚСАН АЙЫНЫҢ АЯҒЫ БОЛАТЫН. АУДАНДА ЖАҢАДАН МАЙКӨМГЕН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ҚҰРЫЛЫП, ОНЫҢ АЛҒАШҚЫ ӘКІМІ БОЛЫП ЖАС ЖІГІТ НҰРТАС ҚУАТБАЕВ ТАҒАЙЫНДАЛҒАН. СОЛ КЕЗДЕГІ АУДАН ӘКІМІ НҰРТАС МҰХТАРОВ ЖАҢА БАСШЫСЫН АУЫЛ ХАЛҚЫНА ТАНЫСТЫРМАҚ БОЛЫП ЖОЛҒА ШЫҚТЫ, ҚАСЫНА ҚОСШЫЛАРЫМЕН БІРГЕ БІЗ - ЖУРНАЛИСТЕР ДЕ ЕРЕ БАРДЫҚ. ОЛ УАҚЫТТА МАЙКӨМГЕНДЕ ҚАЗІРГІДЕЙ АЙНАДАЙ ТАСЖОЛ ЖОҚ. АТЫРАУ-АҚТАУ ТРАССАСЫНЫҢ ӨЗІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖОЛ ДЕГЕН ДАРДАЙ АТАҒЫ БОЛСА ДА, АДАМ КӨРГІСІЗ ОЙҚЫ-ШОЙҚЫ ЕДІ, ОДАН ДАЛАНЫҢ ҚАРА ЖОЛЫ ОН ЕСЕ АРТЫҚ.

Біз мінген темір тұлпар шұрқ-тесік жолдың бір жағына қисайып барып кілт тоқтады. Абырой болғанда «УАЗ»-дың тұмсығы қалың қарға тіреліп, аман қалғанбыз. Оны кері итеріп, әйтеуір әупіремдеп Майкөмгенге бір сағат жарымда әрең жеткеніміз бар. Расында да 2003 жылға дейін Майкөмген елдімекені кешегі Кеңестер Одағы кезінде «Коммунизм таңы» кеңшарының үлкен екі фермасының орталығы болған еді. Оны өз алдына округ ретінде құру ауылдағы ағайынның көптен көкейінде шешімін таппай жүрген өзекті мәселесі болды. Өйткені ол Ақкиізтоғайдан 100, ал аудан орталығынан 70 шақырым қашықтықта орналасты. Тұрғындар ауыл әкімінен бір жапырақ анықтама қағаз алу үшін Құлсары арқылы округ орталығына қатынап, 170 шақырым жер жүруіне тура келетін. Ал тасжолдың сиқы әлгіндей. Жұрт пойызбен шұбырып қалаға бір, одан әрмен қарай автобус күтіп Ақкиізтоғайға екі сабылатын. Осындай қиыншылықтар ескеріліп, 2002 жылы облыс әкімінің шешімі мен облыстық мәслихаттың бекітуімен Майкөмген селолық округі құрылды. 2003 жылы селолық округ әкімдігіне арнайы компьютермен жарақтандырылған жаңа кеңсе ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Оның ішінен ауылдық кітапхана, учаскелік полиция, телекоммуникация, пошта, дәрігерлік емхана бөлімшелері үшін арнайы бөлмелер бөлінді. Әкім жаңа «УАЗ» автокөлігімен, ондағы дәрігерлік пункт те «Жедел жәрдем» көлігімен қамтамасыз етілді. Сол жылы ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Қиғаш-Ақтау су магистралынан су алатын жер белгіленіп, ТШО арқылы су таситын жаңа автокөлік алынды. Ал арада он жыл өткеннен кейін ауылға «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы құбырмен ауыз су келді. 2004 жылы селолық округте телефон байланысымен қамту толықтай іске асты. Осы жылы ТШО-ның «Игілік» бағдарламасының арқасында газдандыру жұмыстары да басталып, 2005 жылы аяқталып, тұрғындар көгілдір отынмен толық қамтылды. Ауылда бюджет қаржысына салынған 25 адамдық емхана, жас мамандарға арналған арнайы тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Қазіргі таңда Майкөмгеннің №17 жалпы орта білім беретін мектебі күрделі жөндеуден өткізіліп, арнайы спорт кешені мен 100 балаға арналған қосқабатты балабақша ғимараты пайдалануға берілді. Майкөмгеннің өз алдына округ ретінде енші алып шығуы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2003-2005 жылдарды «Ауыл жылы» деп жариялаған кезеңмен тұспа-тұс келді.

Еліміз егемендікке қол жеткізбесе, Майкөмген бүгінгідей өз алдына енші алып шықпас па еді, кім білген?! Расында да, аудан аумағындағы ең шалғай саналатын қазіргі Майкөмген ауылы мен кешегі кеңес өкіметі кезіндегі Майкөмгенді мүлдем салыстыруға да келмейді. Қазір жұрт оны әзілдеп «Майями» деп те қояды. Мұның барлығы - Тәуелсіздік алып, 30 жылда қол жеткізген жетістігіміздің арқасы.

Тәуелсіздікпен бірге түлеген ауылдың бірі – Ақкиізтоғай. Аудан орталығынан 33 шақырым қашықтықта орналасқан аталған округ орталығының жұрты Кеңес одағы кезінде, көпке дейін көмір мен қи жағып отырды. Ұмытпасам, 1995 жылдың ақпан айы болса керек, былайғы ел «ақындар ауылы» деп атап кеткен ауылға қонақ боп, екі-үш күндей жатқанмын. Сонда ауыл халқының тіршілігінің бейнетке толы қиындығын көзіммен көрдім. Отыны таусылған ақкиізтоғайлықтар Жемнің жағасындағы жыңғылды отап жатты. Кейін ауылға көгілдір отын- газ келді. Сондағы ауыл халқының қуанғанын көрсеңіз! Ауылдың келіндері бұрынғыша көмір мен қи жағып, жыңғыл шабудан құтылды. Газ плитасының құлағын бұраса бітті, көгілдір отын маздап қоя береді. Бұдан кейін ауылға құбыр тартылып, ауыз су желісі жүргізілді. Бұрын ақкиізтоғайлықтарға суды ауылдағы «водовоз» таситын. Ауыл халқы құдықтағы суды қауғамен тартып, ішіп отырған. Ақкиізтоғай тұрғындары үшін тағы бір жағымды жаңалық болды. Ауылға көптен күткен тасжол төсеу жұмыстары басталды. Бұған округтегі үлкен де, кіші де қуанды. Қуанбай қайтсін, бұрын жол дегеннің аты бар да, заты жоқ-ты. Сонау Кеңес кезінде бір жөнделмеген, ойылып, тас- талқаны шыққан, әбден тозған жол шопырлар мен жолаушылардың зықысын шығаратын. Тіптен ақындар айтысында сол уақыттағы жас ақын С.Шәтенова қарсыласын былай деп қағытқан еді:

Совхоздың нашар екен жолы мүлде,

Титықтады жеткенше көлігім де,

Жолыңа шебень шашып тастапсың ғой,

Жете алмай жолда қалсын дегенің бе? Осылайша «Коммунизм таңы» совхозының нашар жолын талайлар сынаған еді. Алайда тек Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана бұрынғы Құлсары-Ақкиізтоғай жолы жөнделіп, тақтайдай тегіс асфальт төселді. Бұрын бір сағатта жолдың нашарлығынан әрең жететін көліктер, қазір жиырма минутта ауылға жетіп барады. Ауылға айнадай жол, газ бен ауыз су келгесін ондағы тіршілікке де жан бітті. Қазір Ақкиізтоғайдан көшіп кеткен жастар туған ауылдарына қайта көшіп келіп, жарысып тұрғын үй сала бастады. Өзге жерлерге қарағанда, Жемнің жоғарғы бетінің шөбі шүйгін, мал ұстауға да қолайлы. Оның үстіне, қазір ауылда бәрі бар. Ғаламтор жылдамдығы қаладан кем емес, спорт кешені ғимараты бой көтеріп, балабақша салынды. «Ақбұлақпен» келген ауыз су үйде ағып тұр. Бір сөзбен айтқанда, өмір сүруге қажеттінің бәрі бар. Мұндай экологиялық тұрғыдан ауасы таза, жері шұрайлы ауылдық жерге осы жерде туып-өскені, басқасы бар, барлық жағдай жағдай жасалған соң жастар келмегенде кім келеді?!

Дәл осындай ауылды дамыту бағдарламалары Қара-Арна округінде де жалғасын тапты. Бұрын республикалық трассадан шыққан шоқпартоғайлық көліктер ойқы-шойқы жолмен арпалысып, ауылына бірер сағатта әрең жетсе, қазір Құлсары-Доссор трассасынан бұрыла сала, желдей жүйткіп 10-15 минутта жетіп барады.

Дәл осы тектес жағымды жаңалықтар Жем ауылдық округінің орталығы Тұрғызба мен Қосшағыл ауылдарын да айналып өткен жоқ. Ақкиізтоғай мен Майкөмгенге қарағанда, олар аудан орталығына жақын. Бүлдіршіндер қаланың балалары секілді зәулім балабақшаларға қатынап, мектеп оқушылары оқу ордасында білім алып, жасөспірімдер мен жастар спорт мектептерінде жаттығады. Қысқасы ешкімнің де алтын бесік ауылынан ешқайда кеткісі жоқ.

1992 жылы алғашқы үйлердің құрылысы басталған Жаңа Қаратон поселкесі болса бүгінде қаламен пара -пар. Қазіргі таңда онда қос зәулім мектеп бар, қос-қостан балабақша, №4 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, сауда орындары, ондаған дүкендер, емхана, үлкен мешіт, басқа да әлеуметтік нысандар жұмыс жасайды. Барлық ауылда да интернет желісі бар.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2013 жылғы 24 сәуірдегі №555 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін сайлау, өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату Қағидасына» сәйкес, сол жылдың тамыз айының 6-сы күні біздің ауданда да алғаш рет ауыл әкімдерінің сайлауы болып өткені белгілі.

Ел тарихында тұңғыш рет жүзеге асырылған бұл сайлауға аудандық мәслихаттың құрамындағы 13 депутаттың 11-і қатысып, өз округтеріндегі сайлаушылары атынан таңдау жасады. Сайлау науқаны барысында әр округтен үміткер ретінде бұрынғы әкімдерді қоса алғанда барлығы 27 адам ұсынылды. Нәтижесінде Қара-Арна ауылдық округінен ұсынылған үміткердің ішінен Ерлан Нұрғанға – 2, Ерболат Елеусіновке 9 депутат, өзге округтерден ұсынылған Н.Сауытовқа, А.Ідірісов, Р.Молдабаева, Б.Қариев пен М.Бектембаевтарға таңдаушылардың барлығы бір ауыздан жақтап дауыс берген еді. Ауыл әкімдерінің сайлауы одан кейін де бірнеше мәрте өтіп, қазір Ақкиізтоғай ауылдық округіне әкім болып Қанат Мыңбаев, Жем ауылдық округіне Данияр Айтпенбет, Майкөмгенге Марат Қабиденов, ал Жаңа Қаратон поселкесіне Сансызбай Баймұратов, Қосшағылға Саян Баселовтер әкім болып сайланып, абыроймен қызмет етуде.

Бұрыннан біз білетін «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» деген қанатты сөздің жаны бар. Расында да Тәуелсіздікпен бірге түлеген ауылдар 30 жылдың ішінде адам танымастай болып өзгерді. Әлі де өзгере бермек. Бұл сөз жоқ, егемендіктің жемісі деп білгеніміз жөн.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT